Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Айтулы мерекеге орай Шығыс Қазақстан облысының жас мемлекеттік қызметшілері ант қабылдады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Осылайша мемлекеттік қызмет саласы алты жас қызметкермен толықты. Олар ел мүддесі жолында адал әрі аянбай қызмет етуге сөз берді.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік қызметшілерді ант қабылдауымен құттықтап, қызметте табыс тіледі.
Бүгін елдігімізді нығайта түсетін ерекше мерекеде жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдап, Отанға қызмет ету жолында өз міндеттерін бастады. Бұл - зор мәртебе. Сондықтан осы антқа, сенімге лайық болып, адал еңбек етіп, көпшілікке үлгі көрсетесіздер деп сенемін, - деді аймақ басшысы.
Мемлекеттік қызметшіге жүктелген міндет зор, қойылар талап қатал. Бұл салаға оның мән-маңызын түсініп, мемлекеттің мүддесі үшін қызмет етуге ниетті жастар ғана келеді.
Жастар – елдің болашағы. Бүгін алғаш рет мемлекеттік қызметке қадам басқан жастар антқа берік болып, адал қызмет атқарады деп үміттенеміз. Жалпы бүгінде жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы байқалады, десе де аса көп деп айта алмаймыз. Ел болашағына алаңдайтын, дамуына өз үлесін қосуды парыз санайтын жастарды осы салаға тартып, үйретуіміз керек. Сыртқы саясат, ішкі саясат, ел экономикасы сияқты кез келген сала осы мемқызметшілер арқылы дамиды, - деді Мемлекеттік қызмет істер агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ержан Айқынбек.
Елге қызмет етуді мақсат тұтқандар қатарында Нәбия Ақиқат та бар. Ол өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді мінсіз орындап, қалың бұқараның мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыруды парыз санайтынын айтады.
Мереке қарсаңында өзім сияқты жас әріптестеріммен бірге ант қабылдадық. Қуаныш та, қобалжу да бар. Көптің алдында серт беру – ерекше сезім және өте үлкен жауапкершілік. Алдағы қызмет барысында өзімізге артылған міндетті мінсіз атқаруға уәде беремін, - деді Өскемен қаласының денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің бас маманы Нәбия Ақиқат.
Фото: F16.kz