F16.KZ
Жарияланды: 10:00, 04 июнь 2025
Өскемен / Басты

Бүгін Мемлекеттік рәміздер күні

Бүгін, 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні. Осыдан 33 жыл ілгеріде Тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік рәміздері Ту, Елтаңба және Әнұран қабылданған, деп хабарлайды F16.kz.

Тарихқа жүгінсек, 1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік ту, елтаңба және әнұран туралы қаулы қабылдап, рәміздеріміз ресми түрде бекітілді. Содан бері бұл күн елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіліп келеді.

МЕМЛЕКЕТТІК ТУ

Қазақстанның мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБА

Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

МЕМЛЕКЕТТІК ГИМН

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылы 6 қаңтарда Парламентте бекітілді. Әннің авторы – Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Фото: Т.Шаяхмет

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)