admin
Жарияланды: 11:00, 04 ноябрь 2024
Басты / АЙДАРЛАР / Шекаралық аудан / Марқакөл / Журналист жол үстінде / Арнайы жоба

Шалғайдағы ауылдарға өркениеттің сәулесі қашан жетеді?

Әйгілі Марқакөлді бетке алып күншығысқа қарай жол тартқан жолаушылар Былғары Табытыға таяғанда ұялы телефонын сөндіріп қояды немесе авиарежимге ауыстырады. Олай істемесе, дәл осы белдеуден өткенде қалтафонға «Қытайға қош келдіңіз!» деген хабарлама келеді. Хабарламадағы сілтемені басқан адамның теңгерімдегі теңгесі әп-сәтте таусылады.


«Қытай интернетін» пайдаланып отыр


Марқакөл ауданында Былғары Табыты деген ауыл бар. Алты-жеті түтін қалған елді мекен тұрғындары «қытай интернетін» пайдаланып отыр. Өйткені мұнда қазақстандық ұялы байланыс та, интернет те жоқ. Бірақ мұнарасы тұр.

 

– Айына үш мың теңге төлеп, «Билайннің» арнайы тарифіне қосыламыз. Бірнеше оператордың қызметі ұсынылған хабарлама келеді, солардың ішінен қытайлық операторды таңдаймыз. Сөйтіп мобильді интернетті қолдана береміз. Телефондағы қосымшалардың бәрі істейді. Түрлі қызметтің ақысын қосымшамен төлейміз. Қаладағы балаларыммен ватсап арқылы сөйлесемін. Бұрын үйдегі стационар телефонмен сөйлескенде айлық төлем 15 мың теңгенің үстіне шығатын. Екі жылдан бері «қытайдың интернетін» пайдаланып көзіміз ашылды. Бағасы арзан, сапасы тәуір, – деді ауыл тұрғыны Гауһар Қырықбаева.

Малын бағып, егінін салып, қоңыр тірлік кешіп жатқан жергілікті жұртқа өркениеттің жылт еткен сәулесі осы ғаламтор арқылы ғана жететіндей. Алақандай ауылда басқа алданыш қалмаған. Мектеп жабылған, жұмыс жоқ. Халықтың дені көшіп кеткен. Егде тартқан адамдар ғана баба мекенін күзетіп отыр. «Кезінде қандай ауыл еді?!» деп өткен шақты ерекше сағынышпен еске алады олар. Ал жастар жағы аттап баспайды. Келсе де не істейді?

Гауһардың айтуынша, мұндағы адамдардың бар қызығы интернет. Басқа не қалды? Мал-жаннан қолы қалт еткенде қалтафон ақтарып, әлемде, елімізде не болып жатқанын біледі. Жаңалық оқып, әлеуметтік желіні қарайды. Оның үстіне қазір күн қысқарып, түн ұзара бастады. Уақытты бір сағатқа ілгері жылжыту да малмен күнелткен ағайынға қолайсыздық туғызады. Төрттен кете ымырт үйіріледі. Адамдар ұзақ түнде кітап оқиды, телефон қарайды, шахмат, дойбы ойнайды.  

Шекара асып келіп жатқан көрші елдің ұялы байланыс желісі туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров осыған дейін бірнеше рет мәселе көтерген.

– Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл аудандарына барғанда ұялы телефонға «Қытайға қош келдіңіз» деген хабарлама келеді. Бұл жергілікті халыққа моральдық-психологиялық тұрғыда өте жаман әсер етеді, – деген Ерлан Саиров еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен мәселенің шешу жолдарын қарастыруды сұраған.

Алайда одан бері бірнеше жыл өтсе де депутат көтерге мәселе әлі күнге шешімін тапқан жоқ.

Биылғы 28 қазанда біздің редакция Марқакөл ауданындағы интернет мәселесіне қатысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ресми сауалхат жолдаған. Содан бері бір апта уақыт өтті. Мақала жарық көргенге дейін ресми жауап келмеді.

Облыс орталығы Өскемен мен Марқакөлдің арасын жалғаған трассаның теріскейіндегі тау қойнауында Ақбұлақ, Қарой, Қайнарлы деген ауылдар қоныс тепкен. Аталған елді мекендер де сапалы ұялы байланыс пен интернеттің игілігін толық көре алмай отыр. Байланыс бар деген күннің өзінде сапасыз. Бұл жаққа Былғары Табытыға шарапаты тиген «қытай интернетінің» толқыны жетпейді. Ауыл маңында орнатылған антенна-діңгек құрылғысынан келетін әлсіз толқынды күшейту үшін тұрғындар түрлі амал-айлаға барады. Мәселен, Өскемен-Марқакөл трассасының бойындағы Қазақстан ауылында әркім үй іргесіне тоқтың қуатын арттыратын құрылғы қойып алған.

– Ауылда тұрып жатқаныма қырық жылдан асты. Осы жерде туып, өстік. Атамекеніміз болған соң қиып кете алмаймын. Дегенмен көшіп кетіп жатқан отбасылар баршылық. Көшпегенде қайтеді, ешқандай жағдай жоқ. Ұялы байланыс өте нашар, интернет те мардымсыз. Бар деген аты ғана. Елдің бәрі тоқ күшейткіш қолданады. Әйтпесе сеть ұстамайды. Өстіп амалдаймыз, – деді Қазақстан тұрғыны Ринат Амангелдіұлы шекарадағы халықтың ауыр тұрмысы туралы бүкпесіз баяндап.

Шығыстағы 150-ден астам ауылға ғаламтор жеткен жоқ

Ресми ақпаратқа жүгінсек, Марқакөл ауданының барлық ауылдық округ орталығында, үлкен ауылдарда ұялы байланыс та, интернет те тартылған.

– Ауданның ауылдық округ орталықтарында ұялы байланыс та, интернет те істеп тұр. Ғаламтор жоқ мектептердің бәріне Starlink спутниктік желісін қойдық. Ал шағын ауылдарға келсек, Қаройға күні кеше интернет жеткізілді. Шанағаты мен Балықтыбұлаққа антенна-діңгек құрылғылар орнатылды. Келесі кезекте Игілік пен Шеңгелді тұр. Жалпы, алдағы үш жылда шағын елді мекендердің бәрінде интернет пен ұялы байланыс желісі болады, – деп атап өткен Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешев «қытай интернеті» туралы хабардар екенін жеткізді.

Аудан басшысының сөзінше, көрші елдің ұялы байланыс операторлары біздікімен салыстырғанда әлдеқайда қуатты, сол себепті олардың қамту аумағы шекарадан асып тұр. Жергілікті билік аталған мәселені шешуге құзыры жетпейтінін, бұл министрлік деңгейінде қаралуға тиіс екенін айтады.  

Қарапайым халық ауылдар тегіс интернетпен қамтылды деген ақпаратпен келіспейді және болашақта толық іске қосылатынына күмән келтіреді. Олардың айтуынша, қазіргі орнатылған мұнаралардың өзі қуаты жеткіліксіз және жиі істен шығады. Кейбірі мүлдем қосылмаған. Ұялы телефонмен сөйлесу үшін адамдар «сеть» ұстайтын жер іздеп, төбе-төбеде жүгіріп жүреді.

Бұл мәселе шекара маңындағы Зайсан және Тарбағатай, Катонқарағай аудандарында да өзекті. 

Ресми мәліметке жүгінсек, Зайсан ауданының Қабырғатал, Шүршітсу, Қарасай, Кәкенталды, Ақарал, Қосқара, Дауал, Сәтпай, Мұқаши, Аққойын қатарлы ауылдарында интернет жоқ. Ұялы байланыс өте нашар. Қазір осы елді мекендерді жаһандық желіге қосу үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады өңір билігі.

Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, қазір облыста 155 ауылда интернет жоқ. Бұлар – халқының саны 250 адамға жетпейтін елді мекендер. Олардың басым бөлігі шекара маңында орналасқан. Ал ұялы байланыс операторлары шағын ауылдарға желі тарту тиімсіз екенін айтады. Сондықтан мемлекет «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын қолға алған. 2024-2027 жылдар аралығында іске асырылатын ұлттық жоба Президенттің елдегі интернет байланысын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қабылданған. Ондағы мақсат – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту. Жобаны жүзеге асыруға 1,5 трлн теңгенің үстінде қаржы қарастырылған, оның басым - бөлігі бюджеттен тыс инвестиция. Сөйтіп мемлекет республика аумағында сымды және сымсыз байланысты дамытпақ.

Спутник арқылы қосылуға не кедергі?


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, елімізде барлығы 6290 ауыл бар болса, соның 1424-інде мобильді интернет байланысы жоқ. Олардың дені қиыр жайлап, шет қонған шалғайдағы ағайын. 

Шекара түбіндегі таулы, орманды өлкені жайлаған ауылдарға талшықты-оптикалық интернет желісін тарту қиын әрі шығыны көп. Сала мамандарының пікірінше, мұндай өңірде спутниктік интернет байланысын қолдану тиімді. Алайда жерсеріктің қөмегімен жұмыс істейтін жоғары жылдамдықты интернетті елімізде қарапайым тұрғындардың игіліктенуіне әзірге рұқсат жоқ. Айталық, ауыл мектептеріне орнатылып жатқан Starlink желісін тұрғындар үйінде пайдалана алмайды.

IT және киберқауіпсіздік саласындағы халықаралық сарапшы Арман Әбдірасылов елімізде елді мекендерді интернетпен қамтудың үш жолы бар екенін айтады.

Біріншісі - талшықты-оптикалық желі тарту. Бұл күрделі және шығыны көп жұмыс. Шалғайдағы таулы, орманды өлкеде жерді қазып сым тарту оңай шаруа емес. Сондықтан талшықты-оптикалық желіні жердің бетімен, яғни электр желісімен бірге қосарлап тартуға болады. Әр ауылға электр қуаты барып тұр, ендеше интернетті де неге солай жеткізбеске? Бірақ электр энергиясына жауапты мекемелер бұл іске ықылас танытпай отыр. Себебі олар талшықты-оптикалық желіге жауапты болғысы келмейді. 

Екіншісі - спутник арқылы қосу. Тиімді әрі сапалы жолы осы. Бірақ бізде Starlink секілді спутниктік интернетті қолдану заңсыз. Оны тек пилоттық жоба аясында мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мектептерде қосып жатыр. Жоба аяқталған соң оны заңдастыра ма, жоқ па белгісіз. Өйткені біздің елде жұмыс істеу үшін спутниктік байланыс операторларында лицензия болу керек, ал Starlink-те ол жоқ. Сол сияқты аталған спутниктік желінің Қазақстанда жер бетінде орналасқан базалық стансасы да жоқ, сондықтан оның интернет трафик алмасу нүктесіне қосылу мүмкін емес. Ал бұл барлық байланыс операторларына қойылатын міндетті талап. Өз тарапынан Starlink бұл талапты орындауға дайын емес. Дегенмен басқа компаниялар Қазақстанда жер бетінде орналасқан байланыс стансасын құру жұмысын жүргізіп жатыр. Келер жылдан бастап іске қосылады деп жоспарланған.

Үшінші жолы - антенна-діңгек орнату. Алайда интернеттің бұл түріне, оның ішінде сапасына айтылатын сын көп. 

Сарапшының пікірінше, шалғай ауылдарға интернет тартудың ең тиімді әрі сапалы жолы - спутниктік желі орнату. Мәселен, Starlink-тің жылдамдығы 220 Мбит/секундқа дейін жетеді. Ал елдегі кең жолақты интернеттің орташа жылдамдығы 47 Мбит/секунд.

Бір Starlink құрылғысы ауылдағы оншақты үйді интернетпен қамтуға жеткілікті. Ал егер бір мезетте барлық тұтынушы кино көрсе онда бес-алты үйге еркін жетеді және оның  жылдамдығы қаладағы талшықты-оптикалық интернеттен еш кем соқпайды. Бірақ оны халықтың пайдалануына рұқсат жоқ. Сөйте тұра мемлекет аталған құрылғыны адамдар жеке мақсатына қолданып отыр ма, жоқ па анықтаудың заңдық тетігін қарастырмаған. Оған қоса спутниктік желіні бақылауда ұстау мүмкін емес. Айталық, Starlink-тің басқару орталығы АҚШ-та. Біздің тиісті органдар оны бақылай алмайды. Мектепте оқушылар қатыгездікті, қылмысты, жыныстық қатынасты ашық көрсететін сайттарға кіруі мүмкін, ондай жағдайлар болған. Бұны да ескеру керек. “Таяқтың екі ұшы бар” дегендей спутниктік интернеттің игілігін көреміз деп ақпараттық қауіпсіздікті қаперден шығарып алмасақ жарады, - деп түсіндірген Арман Әбдірасылов шалғай ауылдарға ғаламтор желісін тартудың ең тиімді жолы заңсыз болса да спутниктік интернет екенін жасырмады.

Алайда сарапшы жерсеріктік интернетті жаппай пайдалану үшін заңнамаға өзгеріс енгізу негізсіз деп санайды.

Естеріңізде болса, бұған дейін еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі егер адамдар америкалық SpaceX компаниясының Starlink құрылғасын жеке мақсатта қолданса бірінші рет ескертіліп, екінші қайтара пайдаланған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын ескерткен.

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасында Қазақстанда Starlink спутнигін жаппай қолданысқа енгізуге рұқсат берілмеуінің бірнеше себебі бар екенін айтады. 

– Біздің мемлекет неге спутниктік интернетті қолдануға рұқсат бермей отыр? Оған үшін себеп бар. Бірінші себеп, халықты интернет байланысымен қамтамасыз еткенде билік кез келген уақытта оны толық бақылайтындай, керек кезде ажыратып тастайтындай мүмкіндікке ие болуды көздейді. Өйткені еліміздегі барлық байланыс операторының басқару орталығы бар, ал Starlink-те жоқ. Екінші себеп, арнайы органдар барлық байланыс операторы олардың жедел іздестіру шаралары жүйесіне қосылуын қадағалайды. Қазір олар біздің кіммен байланыс орнатып, кіммен сөйлесетінімізді көріп отыр, ал Starlink спутнигінде олай істей алмайды. Үшінші себеп және ең негізгісі - елдегі мобильді байланыс компанияларының лоббиі. Бұл компаниялар бәсекелестікті қаламайды, өздерінің сапасыз интернетін сатып отыра бергісі келеді. Міне осы себептерге байланысты спутниктік интернетті қолдануға рұқсат берілмей тұр, - дейді Санжар Боқаев.

Сонымен шекарадағы елдің үміт-тілегін арқалаған тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Ал шалғайдағы ауылдар интернет пен ұялы байланыс сияқты технологияның жемісін әлі толық көре алмай отыр. Биік мінберлерде «спутниктік интернетті елімізде қолдануға рұқсат беру керек пе, жоқ па?» деген мәселені қызу талқылап жатқанда шекара маңынан тағы бірнеше отбасы қалаға қарай қозғалды... 

Фото: F16.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)