F16.KZ
Жарияланды: 13:30, 15 май 2025
Жаналықтар / Өскемен

Жәдігер ұстаз жүрген жол

1991 жыл. Мамыр айы. Жанар ата-анасымен шүйіркелесіп түскі астарын ішіп отырғанда үйге аяқ астынан Өскемен қаласындағы апайы Күмістің кіріп келгені. Бір жағы таң қалып, бір жағы қуанып, шұрқылдасты да қалды. Амандық-саулық сұрасып, дастархан басында отырғанда Күміс Өскемен қаласында политехникалық бағыттағы лицей-интернаттың ашылатынын, соған дарынды, оқуға құштар балалар жинауға шыққанын, осы сапарында ауданды түгел аралайтынын, оқушылар ғана емес, лицей мұғалімдерінің де  конкурстық негізге қабылданатынын айтып, келген сапары туралы баяндады. Ата-анасы бұндай тың жаңалыққа қуанып, сәттілік тілеп жатқанда, Күміс Жанардың осы мектепке түсуіне кеңес беріп, лицей дегеннің не екенін түсіндірді. Өйткені 1990 жылдары лицей, гимназия деген жаңа үлгідегі оқу орындары болмап еді. Аталмыш істің бастауында тұрған Жәдігер Есімханұлы, оның тың педагогикалық идеялары, жаңашылдығы туралы да кеңінен айтып берді. Ата-анасымен ақылдаса келе, Жанар лицейге түсу үшін емтихан тапсыратын болып шешім қабылдады. Нәтижесінде ол конкурстан өтіп, қыркүйек айында тұңғыш қазақ лицейінің оқушысы болып шыға келді.

***

Сол күні Жанар ерте тұрды. Жүрегі қобалжулы. Өйткені бүгіннен бастап үйреншікті ауылында емес, қалада, дүркіреген лицейде оқуын бастамақшы. Басқа орта, басқа мектеп, басқа мұғалімдер. Бүкіл Шығыс Қазақстан бойынша жиналған сайдың тасындай сәйгүліктер, кілең жүйріктер, даланың қырандары!

Алғашқы қоңырау да басталып кетті. Кезегі келгенде ортаға директор Жәдігер Есімханұлы шықты. Кеудесін тік ұстаған, бұйра шашты, өзіне сенімді, қара торы кісі екен, жүзі суықтау, мысы басып тұратын адамдай көрінді. Құттықтау сөзін айтып болған соң: «Қымбатты оқушылар, сендер бүкіл облыс бойынша жиналған сүт бетіндегі қаймақсыңдар! Оқимын деген, өсемін деген баласыңдар! Білім жолындағы сапарларыңа сәттілік тілеймін! Бірінші күннен бастап мына қағиданы естеріңде ұстаңдар. Білімде «Әр кім өзі үшін!». Басқа ешкімге емес, тек өзіңе ғана сену керек. Сонда ғана нәтиже болады. Абай аталарың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен білімің екі жақтап» деген. Бүгіннен бастап бала шақтан болашаққа қадам бастыңдар! «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деп, білім мен ғылымның алғашқы ұстазы Аристотель айтқандай, білім мен ғылым, өнер – болашақтарыңның жарқын болуының бірден бір кепілі. Лицейдің жанынан өнер мектебінің де ашылғанын білесіңдер. Өз өнерлеріңді шыңдауға мүмкіндік бар.

«Сильный там найдет, где слабый потеряет». Сендер әлжуаз емессіңдер. Мықтылардың мықтысы, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ретінде білім бәйгесіне қосылдыңдар! Сондықтан, тек қана алға!» деп сөзін аяқтады.

Директордың бұл сөзі тек Жанарға ғана емес, білім алуға келген барлық оқушыны жігерлендіріп, Төлеген ақынның тілімен айтқанда «Жанам деген жүрекке от берді».

Осылайша қайнаған қала тірлігіне жаңа лицей де қадамын нық басып кіріп, өз өмірін бастап та кетті.

***

Күні кеше ғана лицейге үрке басып, имене келіп кірген оқушылардың бүгінде өздеріне деген сенімдері арта түскен. Өйткені, оқыту әдістерін үнемі түрлендіріп, үздіксіз ізденіс үстінде жүретін мұғалімдермен қатар, университеттің профессорларынан білім алып, дамып, жетіліп, облыстық қана емес, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалардан лицей оқушылары жүлделі орындарды жеңіп алуда, мысалы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша ұлағатты ұстаз Роза Жұмаділқызының шәкірттері республикалық олимпиадада жүлделі 1, 2, 3 орындарды иеленген, олимпиада тарихында бір ұстаздың, бір сыныптың оқушылары жүлделі үш орынды қатар алып, бұндай нәтиже көрсетуі бұрын-соңды болмаған көрсеткіш еді. Түкібаева Зәуреш Жабықбайқызы сияқты мықты әдіскер ұстаздың шәкірттері білім сайыстарында жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Лицейдің политехникалық бағытта екенін ескерсек, математика, физика, одан бөлек химия, биология пәндері бойынша республикалық олимпиадаларда жеңіс қанжығаға өзі келіп байланғандай еді. Одан бөлек, лицей жанынан ашылған өнер мектебіне оқушылар жазылып, өнерлерін дамытып, лицей оқушыларынан құрылған шағын ансамбль көптеген жерлерге концерттер қойып, теледидардан түспейтін еді, яғни оқушылардың өз хоббиларымен айналысуларына жол ашқан. Сонымен қатар, әр оқушыны материалдық жағынан жеткілікті түрде қамтамасыз етуі – бөлек әңгіме. Өз үйіңдей болып, осыншалықты жағдай жасалған жерде оқымау мүмкін емес еді.

Бүгінгі жиналыста барлық пәндер бойынша олимпиада жеңімпаздары марапатталмақ. Оқу ғимаратының спортзалы оқушыларға лық толы. Әр сынып өзіне белгіленген орында сап түзеп тұр. Өзара күбірлесіп сөйлескендері болмаса, артық шу естілмейді. Бір уақытта есіктен кеудесін тік ұстап, аяғын нық басып, өзіне тән жүрісімен директор кіріп келе жатты. Ешкімнің уақытын алмайтын әдетімен жиналысты бірден бастап, оқушыларды өзіндік табыстарымен құттықтады. «Құрметті оқушылар! Бүгінгі жиналуымыздың себебі өздеріңе белгілі. Біраз табыстарға қол жеткіздік, бірақ бұл басы ғана! Алар асуымыз әлі алда! «Ақыл тек білімде ғана емес, білімді іс жүзінде қолдана білуде» деп Аристотель айтқандай, лицей қабырғасында алып жатқан білімдеріңді аламан бәйгеде көрсетіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізулеріңмен құттықтаймын! «Платон менің досым, бірақ шындық қымбатырақ» дегендей,  шындық – сендердің өзгеге емес, өздеріңе ғана сеніп, шынайы білім алуларың. Бұл – факт. Сол алған білімдеріңнің нәтижесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атандыңдар! Бұл жалғасын таба беретін процесс деген сенімдемін. Менің арманым – осы лицейдің төл түлегінің орнымды басып, директор болуы. Ол күнге де жетерміз! Марапаттауды бастайық!» деді.

Әр пән бойынша олимпиада жүлдегерлерін жеке-жеке шақырып, мақтау қағаздарын табыстап, салтанатты кезең жалғасын тапты. Бірін-бірі құттықтаған оқушылардың гуіліне толып, сыңғырлаған күлкіден залдың іші жаңғырып жатты. Мадақтау қағазын тапсырып болған директор оқушылардың шу-шу етіп, қуаныштан бал-бұл жанған жүздеріне біраз жымия қарап тұрды да: «Радуемся молча!» деп бір-ақ ауыз сөз айтты. Қандай үлкен спорт залдағы соншама көп оқушылар лезде тынышталды. Жәдігер Есімханұлының осындай сабырлы мінезі, ұстамдылығы лицеистерді тәнті етуші еді. Не нәрсені сөзімен емес, ісімен дәледейтін басшыны құрметтеп, өздері де одан үлгі алуға ұмтылатын.

***

Кешкі уақыт. Тамақ ішіп келген қыздар бөлмеде өзара әңгіме-дүкен құрып отыр. Жанар сыныптасы, бөлмеде бірге тұратын Алмагүлдің майын тамыза айтқан әңгімесін тыңдап отыр, ара-арасында таңдана басын шайқап қояды. «Мені лицейге емтихан тапсыруға әкем алып келді» деп бастады ол әңгімесін. Директорға кірейік деп дәлізбен келе жатқанда, ол кісі алдымыздан шықты. Әкем мен директор бірін-бірі көріп таң қалып, құшақтасып, амандық-саулық сұрасып, әңгімелесіп кетті. Сөйтсем, Жәдігер Есімханұлы әкемнің досы болыпты. Бір шаруаларды реттеп келіп, директор бізге лицейдің оқу ғимаратын көрсетіп, интернатты, асхананы аралатып шықты. Сол кезде бір кісі келіп, директорға тапсырған нәрсесінің дүкенде жоқ екенін айтып, қолына ақшасын ұстатып жатты. Оны естіген асханадағы аспазшы пакетке қант сияқты бірдеңелерді салып, директордың қолына ұстатпақ болды. Жәдігер Есімханұлы шоқ көргендей шоршып түсті: «Ешкімнің, тіпті, менің де, балалардың аузынан жырып, олардың тамағын алуыма хақым жоқ, бұл – әділетсіздік болады» деді. Оның осыншалықты адалдығына қатты таң қалдым» деді Алмагүл. «Тағы бір таң қалғаным» деп әңгімесін жалғай түсті. «Әкем екеуімізді ол кісі Ново-Явленкадағы үйіне қонаққа шақырды. Бардық. Үйі толған қалың-қалың кітаптар, энциклопедиялар екен, бір бос орын жоқ. Ойымды көзімнен түсінгендей, әкеме қарап: «Жалақыма кітаптар сатып аламын. Дүниенің керегі не? Бірді-екілі малым бар, күн көріске жетеді» деп жатты.

Өскемен қаласында 1990 жылдардың басында түрік-қазақ лицейі ашылып еді, олардың өз ғимараттары аяқталғанша оқушылары біздің лицейдің асханасына келіп, бізден бұрын, үш уақыт тамақтанатын еді. Алмагүл шыдамай, бір күні директордан олардың неге бізден тамақ ішетіндіктерін сұрағанын айтты.  Директор: «Олар да өз қазағымыздың балалары. Әдістемесі мықты жерде білім алып жатыр, болашағымыз, қолдауымыз керек» деп жауап берді деді. Жәдігер Есімханұлы аталмыш лицей демеушілерінің Турциядан жеткізген түр-түрлі тәттілерін, тосап, т.б.-ларды тепе-тең етіп бөліп, бала басына Жаңа жылда таратып беруші еді ғой, есіңде ме, үйіне бір түйір кәмпит алмайтын еді,- деп, Алмагүл әңгімесін жалғастыра түсті...

***

Жәдігер Есімханұлы Алмагүлдің ғана емес, әр кез лицейдің барлық оқушыларының таңданысын тудырып жататын еді. Мол білімі, қатал тәртібі, қатаң талабы өз алдына, еңбекке келгенде де алдына жан салмаушы еді. 1990 жылдардың басында елдің жағдайы қазіргідей емес, күн көріс ауырлау еді. Халық амалдап күн көрді. Лицейде бізді кей кездері демалыс күндері егістікке алып баратын. Картоп жинап, сәбіз т.б. теретінбіз. Лицейге көмек қолын созғаны шығар. Балалардың несі кетеді, жұмысты жылдамдатып істеп тастап, бөлмеге өздерімен бірге пакет-пакет сәбіз ала келіп, қытырлатып жеп жүргендері.

Бізді таң қалдырғаны – таңғы уақытта бір автобус оқушыны егіс даласына алып барғанда, Жәдігер Есімханұлының жұмыс киіммен, трактордың рөлінде өзі отырып, бізді қарсы алып, сәттілік тілеп, жұмысты бастап кеткені. Үнемі кабинетте, жұмсақ орындықта ғана отыратын адамның жұмысшы киімімен трактор айдап жүргенін, егістікте құлшына жұмыс істегенін көру оқушылардың барлығына дерлік ерекше әсер қалдырған еді. Демек, қара жұмыстан бас тартпай, ой еңбегі мен қол еңбегін тең ұстап, сол әрекеті арқылы жастарды да еңбекқорлыққа баулығаны екен ғой.

Ойлап қарасам, ол кісінің бұл іс-әрекеті қазіргі әлеуметтік жобалардың бастамасы екен. Мектеп қабырғасында оқушылар өзекті бір тақырыпты алып, зерттеп, эксперимент жасап, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізіп, қоғамдық өмірге араласып, өзіндік үлестерін қосады. Мысалы, қарттар және балалар үйіне көмек, құстар, жан-жануарларға қамқорлық, жалпысында, айналаға эмпатия таныту, адамгершілік қасиеттерін жетілдіру. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп Әл-Фараби айтқандай, Жәдігер Есімханұлы жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, рухани тұрғыда да тәрбиелеген екен.

Дамыған елдер қатарындағы Жапонияда балаларды мектеп табалдырығын аттаған сәтінен бастап, оның ішкі тәртібі мен тазалығына баулитыны белгілі. Онда біздің мектептердегідей кіші қамту қызметкерлері жоқ, сабақ аяқталған соң оқушылар сынып, дәліз, әжетханаға дейін өздері жуып, тазалайды. Осы практика лицей-интернатымызда болып еді. Оқушылар алдын ала құрылған кестенің негізінде кезекші болып, сыныпты, жатын бөлмені, демалу алаңын (игровая), баспалдақты жуып, тәртіпке бағынатын еді, бұл қалыптасқан жағдай болды. Таң атысымен оқушылар далаға жүгіруге шығып кеткенде, кезекші екі бала бөлмені жуып, тазартып, тағы екі кезекші дастархан жасап, соңынан жинап, тағы екі бала асханада ыдыс жуушы еді. Әр оқушы ұйқысынан ояна сап, төсегінің аяғында тұратын шағын ғана шүберекті кезекші әкелген шелектегі суға дымқылдап, шаңын сүртіп, төсектің қырын пышақтай етіп жинап, әр кім өзінің тумбочкасының ішін реттеп шығатын, артық нәрсе қоюға рұқсат жоқ. Осы әрекет күнде қайталанатын. Тазалық отбасымыздан басталып, лицейде осылайша жалғасын тауып, әдетке айналған-ды. «Кадры решают всё» деген сөз бар, расымен де, Жәдігер Есімханұлы лицейге мықты мұғалімдерден тыс, мықты тәрбиешілерді іріктеп алды. Тәрбие ісінің меңгерушісі Бақытгүл Оразбекқызы және Әйгерім Дидарханқызы, Мәрия Шайхеновна сияқты оқушылардың екінші аналарындай болған көптеген тәрбиешілер лицейде темірдей тәртіп орнатты, балаларды жинақылыққа әрі жанашырлыққа баулыды. Осындай ұстаз, тәрбиешілерімізге алғысымыз шексіз.

***

Интернат бөлмесі. 11 сынып оқушылары мемлекеттік емтиханға дайындалу үстінде, кітаптан бас алмай оқып, арасында кітапханаларға барып, барлық мүмкіндікті пайдалануда. Жәдігер Есімханұлының ЖОО ректорларымен келісім сөз жүргізуінің нәтижесінде оқушылар үшін тек мемлекеттік емтихан ғана емес, университетке түсу емтиханы да осы болып саналатындықтан, екі есе дайындық пен жауапкершілік талап етілді. Осындай қызу дайындықтың арасында «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деп, босаңсып қалатын да кез болады. Сондай бір сәтте оқушылардың емтиханға дайындығын бақылап жүрген Жәдігер Есімханұлы оларға тағы да бір-ақ ауыз сөз айтты: «Вилами по воде писано». Саналы оқушының осы айтылған сөзден кейін-ақ, кездейсоқ жағдайға арқа сүйемей, тек өз күшіне сеніп, білімін шыңдай түсері анық.

***

Жәдігер Есімханұлы «арқасына көтеріп, аузына тістеп», арқалап өсірген анасының, қала берді туған халқының үмітін ақтап, талай жас ұрпақтың мол білім алып, ғылымға бет бұруына, болашағына жол салуға себепші болды, бұл–  тарихи шындық. Бойында құрыштай қайнаған күш-қуат, ерекше намыс, ұлттық рух, жігер, болаттай берік, алмастай өткір мінез осындай ізгі жолға алып келген еді.

Политехникалық бағыттағы тұңғыш лицейді ашуы, оны аяқтау мен университетке түсу емтихандарын біріктіруі, кейіннен лицейді лицей-колледжге айналдырып, 10-12 сыныптардың оқу бағдарламасына арнайы орта білім дипломын алуға құқық беретін және оқытылатын бағытқа сәйкес жоғары оқу орнының 1, 2-курсында оқытылатын пәндерді енгізіп, университетті 3 курстан бастап оқуға мүмкіндік алып беруі екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Тек «елім деп еңіреген» ердің ғана қолынан келетін рухани ерлік.

***

Жәдігер Есімханұлы арманына жеткен адам. Саналы ғұмырын білімге арнап, мектептер салып, жаңашыл ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеп, олардың қоғамда өз орындарын тауып, «кірпіш болып қалануларына» себепші болды. Арманының орындалуының бірден-бір дәлелі – өзі ашқан лицейге қазіргі таңда сол лицейді тәмамдаған төл түлегінің директор болуы. Жәдігер Есімханұлының шеберлік мектебінен өткен Кемешева Лаура Оралбекқызының бастамасымен жас ұрпақ үшін көптеген игі істер атқарылуда.

Қазіргі таңда лицей оқушылары ЖОО оқытушыларының ғылыми жетекшілігімен халықаралық ғылыми жоба мен IT-форумы аясындағы «Үздік Start-up жобалар» байқауына қатысып, қаржы көлемі миллиондарды құрайтын грантттарды жеңіп алуда. 2010 жылдан бері халықаралық ғылыми жобалар байқауына 26 оқушы қатысып, 8 алтын, 9 күміс, 3 қола медальдармен қатар, көптеген грамоталарды иеленуде. Бұлардан тыс халықаралық «Жібек жолы» олимпиадасы, «Жәутіков атындағы халықаралық  олимпиада», республикалық «Жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиада», республикалық «Жасөспірімдер пәндік олимпиадасы», «Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен халықаралық олимпиада», халықаралық «Тынық мұхиты»  олимпиадалары, Ө.Жолдасбековатындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы сияқты білім бәйгелерінде лицей оқушылары қара үзіп шығып, жүлделі орындарды қанжығаға байлап, дара тұр. Осы жетістіктердің барлығы Жәдігер Есімханұлының кезіндегі қарқынның баяуламай, үдей түскенін, білім ордасындағы ұстаздардың еңбегі мен оқушылардың еңбекқорлығын танытса керек.

***

Лицейдің 1993 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейінгі түлектерінің барлығы Қазақстанымыздың өркендеуіне өз үлестерін қосып, білім мен ғылымның, әр саланың бастауында көшбасшы болып жүр. Қара шаңырақтың білім саласындағы ғылым кандидаттары, ғылым магистрлері, доцент, профессор, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы»,педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші және «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері сияқты түлектерінен тыс, әр сала бойынша білікті маман болып қалыптасып, тізгінді мықтап ұстап, мығым отырған түлектері қаншама! Бұның өзі мол білім мен еңбектің нәтижесі. Бұл көрсеткіш ұстаз арманының орындалуының бір парасы ғана.

Халық арасында «Жанын жеген Жәдігер», «Лицей мен Жәдігердің жаны бір» деген ұғым қалыптасқан бар, бұның өзі Жәдігер Есімханұлының еш қиындыққа қарамастан, тың жерге түрен салғандай дарынды, қабілетті, оқуға құштар балалар үшін жаңа типтегі мектеп ашып, ары қарай да қолдап, жоғары білім алуларына жағдай жасап жүгірген еңбегін бағалағаннан туындаған халқының ыстық ықыласы болса керек.

***

Жақсының жақсы ісін қанша айтсаң да тауыса алмайсың. Жәдігер Есімханұлының қазақ халқы ісі үшін істеп кеткен игі істері, ақ ниет, ақ көңіл ақ жүрегі, бүкіл жақсы қасиеттері алдынан шығып, жаны жәннаттың төрінде болсын. «Жақсының аты өлмейді», барлық игі істерін шәкірттері жоғары деңгейде жалғастыра береді деген сенімдеміз!

 Гауһар Рахымбаева, 

филология ғылымдарының кандидаты,

Астана халықаралық университетінің

қауымдастырылған профессоры.

Лицейдің 1994 жылғы түлектерінің атынан

Фото: автордікі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)