Қазақстандық теннисші сенсация авторы атанды

Ролан Гаррос турнирінде өнер көрсетіп жатқан қазақстандық теннисші Александр Бублик сенсация авторы атанды, деп хабарлайды F16.kz.
Еліміздің бірінші, әлемнің 62-ші ракеткасы саналатын Бублик жарыстың төртінші айналымында әлемдік рейтингтің бесінші орнында тұрған британдық Джек Дрейперден басым түсті.
Айта кетейік, осыған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, соның екеуінде Дрейпер жеңіске жеткен болатын.
Ал Франция жеріндегі ойынның бірінші партиясы британдық теннисшінің пайдасына (есеп 7:5) аяқталғанымен, қалған кезеңдерде отандасымыз қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Екінші кезеңде 6:3 есебімен жеңіске жеткен Бублик үшінші және төртінші партияларды да өз пайдасына аяқтады. Есеп 6:2 және 6:4.
Осылайша, Бублик спорттық мансабындағы ең айтулы жеңістерінің бірін тойлады. Александр алғаш рет Франция ашық чемпионатының ширек финалына шығып отыр. Оның келесі қарсыласы, бұдан да азулы – Әлемнің бірінші ракеткасы, италиялық Янник Синнер. Бұл кездесу ертең, 4 маусымда өтеді деп жоспарлануда.
Фото: ktf.kz




