admin
Жарияланды: 12:00, 22 февраль 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Риддер / Шекаралық аудан / Журналист жол үстінде

Іргесі көгеріп, сыз тартқан үйлер, баспана зарын тартқан отбасылар. Риддер қаласы тұрғындарының шағымы

Ресеймен шекаралас Риддер қаласында еліміздің оңтүстік өңірінен қоныс аударған бірнеше отбасы тұрып жатыр. Бұл көшке атажұртын аңсап келген қандастар да ілесіп, кенді шаһарға көшіп келген. Жаңа қонысқа ат байлаған тұрғындардың қазіргі тұрмыс-тіршілігі қалай, шығыстағы қалаға бейімделді ме?  Бұл сұрақтардың жауабын F16.kz тілшілері іздеді.

 

Көпбалалы әке көмекке мұқтаж

Қанас Мүттәлі шағын шаһарға табан тіреген санаулы қандастың бірі. Тегінде Қытайдан ірге аударған азамат Риддерге 2013 жылы көшіп келген. «Алғашқы жылдары бәрі жақсы болған еді», дейді ол. Отбасының тұрмысы жайланып, өздері жаңа ортаға үйренісіп қалған. Бірақ 2020 жылы COVID-19 пандемиясы кезінде Қанас өмірлік серігінен айырылып, бес баламен жалғыз қалады, сол уақытта кенжесі небәрі екі айлық нәресте болатын. Екінші топтағы мүгедектігі бар оны ешбір мекеме жұмысқа алмайды. Бұрын әйелі шаруаның бір жағына шығысып, септесетін. Қазір бір отбасы зейнетақы мен балалардың жәрдемақысына күн көріп отыр. Басқа табыс көзі жоқ. 

 

– Бес баланы асырау оңай емес. Бәрі қымбат. Еңбек етіп, табыс тапсам бір жөн. Талма ауруымен ауыратыным себепті мені ешқайда жұмысқа алмайды. Тіпті күзетшілікке де жарамаймын. Зейнетақы мен жәрдемақыға жан бағып отырмыз. Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген едім, “сіздің кірісіңіз ең төменгі күн көріс деңгейінен асып тұрған соң сізге төленбейді” деді. Бұл мәселемен қала әкімдігіне де, әлеуметтік қамту мекемесіне де бардым. Ешқандай көмек болмады, – деп күрсінді Қанас Мүттәлі.

Тағдырдың ауыр сынағы басына түскен азаматқа қиын-қыстау сәтте ағайын-туғаны мен дос-жараны қолдау көрсетіп, қолтығынан демеген. Қазір тұрып жатқан баспанасын жанашыр адамдардың арқасында алғанын айтты.

– Бұрын қала шетінде өте ескі үйде тұрдық. Мына пәтерді халық ақша жинап, жетпегенін «Казцинк» компаниясы қосып, сатып алып берді. Қазір осында тұрып жатырмыз. Ендігі тілегім балаларым өсіп, ержеткенше атаулы әлеуметтік көмек алсам деймін, – деді Қанас.

Бұл үйдегі бес баланың үлкені қазір жоғары оқу орнында оқиды, кенжесі бес жаста, балабақшаға барады. Қалған үшеуі мектеп қабырғасында білім алып жүр. 

Денсаулығында кінәраты бар Қанасты кейінгі кезде тағы бір дерт мазалап жүр. Оң көзінің тамырлары жарылып, көру қабілеті нашарлаған. 

– Өскеменге барып арнайы аппаратпен тексерттім. Ұсақ тамырлар жарылған екен. Дәрігерлер тезірек ота жасатуға кеңес берді. Әйтпесе, су қараңғы болып қаласыз деді. Отаны тегін жасату үшін өзіміздің қалалық ауруханадан жолдама алайын десем «Талма ауруымен ауырасыз, сіз алдымен неврологтан рұқсат алыңыз» деді. Неврологқа барсам «денсаулығыңызға кепілдік бере алмаймыз, ота сізге қауіпті» деп рұқсат бермеді. Ақылы жасатуға ақшам жоқ, бағасы 400 мың теңгедей екен, – деді Қанас Мүттәлі қапаланып.

Жағдайын айтып, көмек сұраған Қанас қала әкімінің қабылдауына жазылған. Әкімнің қабылдауы 31 қаңтарға белгіленгенмен, түрлі себептерге байланысты кездесу уақыты қайта-қайта шегеріле берген. Риддер қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев көпбалалы азаматтың мәселесі назарға алынғанын, бірақ бірінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек берілмейтінін айтты.

– Былтыр Қанас Мүттәлі 170 мың теңге көлемінде бір рет материалдық көмек алған. Биыл 8 қаңтарда Мансап орталығына құжаттарын тапсырды. Мамандар барлық кірісті есептеді. Қазір ол кісі зейнетақысынан бөлек бес балаға жәрдемақы, асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы алып отыр. Осының бәрін есептегенде отбасының кірісі шамамен 280 мың теңге болды. Мұны бес балаға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 089 теңгеден асып тұр. Сондықтан биыл бірінші тоқсанда оған атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Бірақ көзіне ота жасатуға көмек көрсетіледі, – деді Ерболат Ошақбаев.

Суық пәтерде балалар киімшең ұйықтайды

Ерлі-зайыпты Бағдаш Мұхтарұлы мен Үміт Құрбан Риддерге 2017 жылы көшіп келген. Көпбалалы отбасына жергілікті әкімдік үш бөлмелі пәтер берген. Бірақ қос қабатты ескі үй қаусап тұр. Қыста суық, қар еріп, жаңбыр жауса төбеден су сорғалайды, бөлмелер көгеріп жатыр.

 

– Жаз бойы төбесінен су ағады, қыста терезесі мұз болады, қабырғалары мен төбесі көгереді. Апта сайын әктейміз. Дым тартқан үйде балалар қайта-қайта ауырады. Оның үстіне үй суық, балалар киімшең ұйықтайды. Қыс бойы 10 тонна көмір, бір “Камаз” ағаш жағамыз. Үйге кірген жылы әкімдік “төбені жөндеп алуға” деп 400 мың теңге берген. Құрылыс қолымнан келмеген соң жұмысшы жалдап істеттім. Төбедегі бетонның үстіне төселген қара қағазды жаңалап, жырықтарды бітедік. Бірақ ол не болады? Ескі үй, толық жөндемесе жамап-жасқағаннан пайда жоқ. Әкімдікке неше рет бардым, тұрғын үй шаруашылығы бөліміндегілер де біледі. Ақыры айта-айта шаршап, барғанды қойдым, – деді Бағдаш Мұхтарұлы.

Күзетші болып істейтін Бағдаш Мұхтарұлы табысы молырақ басқа жұмысқа ауысқысы келеді. Бірақ оған үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтың денсаулығы жарамайды.

  

– Бір отбасы менің азын-аулақ еңбекақыма жан бағып отырмыз. Әйелім денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды, үйде отыр. Үлкен ұлым Алматыда, одан кейінгі қызым студент, қалған үшеуі мектепте оқиды. Екі жыл бұрын кенже балам 8 жасында қайтыс болды. Қазір бес балам бар, өзім үшінші топтағы мүгедекпін. Табысы көбірек жұмыс істесем деп ойлаған едім, оған денсаулық жарамайды, – деді Мұхтарұлы. 

Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан жергілікті билік ескі үйде тұрып жатқан отбасының жағдайынан хабардар екенін жеткізді.

– Бағдаш Мұтарұлының отбасына ол үй жалға берілген. Пәтердің жағдайын білеміз. Демеушілердің көмегімен шатыры жөнделіп, пластик терезелер қойылған. Жергілікті атқарушы орган қандастарымызға қолдан келгенше қолдау көрсетіп жатыр, – деді Қаныбек Төлеухан.

Кеншілер шаһарында баспана зарын тартқан отбасылар мұнымен бітпейді. Ниғымет Сәйкенұлы мен Мұхамедмәди Нүрпейісовтің отбасыларыда кетеуі кеткен ескі ағаш үйді қаншама жылдан бері паналап отыр. Олардың бірі Көкпекті ауданынан көшіп келсе, екіншісі Қытайдан қоныс аударған. Қабырғасы құлап, іргетасы шөге бастаған ескі үй қыстыгүні аязда пана болмай аңырап кетеді, дейді Мұхамедмәди Нүрпейісов. Ал қала әкімдігі оны апатты деп тануға асықпайды.

  

– Қыста 7-8 тонна көмір жағамыз. Бәрібір суық, ескінің аты ескі. Үйдің жартысы қирап тұр. Ол құласа, біздің үйді де алып кетеді. Өткенде қызым әкімдікке барған, олар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына жіберіпті. Тұрғын үй шаруашылығындағылар «өз ақшаларыңа сарапшы шақыртыңдар,  егер олар апатты жағдайда екенін растаса, баспана кезегіне қоямыз» депті. Ол кезегі келгенше мына үйде қалай тұрамыз, білмеймін, – деп қапаланды Мұхамедмәди Нүрпейісов.

Көршісінің сөзін Ниғымет Сәйкенұлы да растады және «көшеде жарық жоқ, жол батпақ» деп қосты.

– Көшеге жарық тартылмаған. Түнде қараңғыда неше түрлі адам жүреді. Балалар мектептен, жаттығудан жайырақ қайтқанда алаңдаймыз. Жол да жаман, әсіресе жазда жаңбырлы күндері батпақ болады, – деді ол.  

Бұл отбасылар тұратын қызыл қарағайдан қиып салған бұл үйлер Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін салынған. Жергілікті қариялардың айтуынша, олардың бірінде 1939 жылы Риддер руднигінің және Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев тұрған.

 


Төбеден су ағып, құбырлар шіріп тұр

Риддер қаласында “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы” бойынша оңтүстік өңірден көшіп келген бірнеше отбасы тұрады. Солардың бірі – Шымкенттен қоныс аударған көпбалалы ана Қарлығаш Тасбауова. Ол 10 жылдан бері қабырғасы көгеріп, төбесінен су аққан сапасыз үйде тұрып келеді. Балаларының денсаулығына зияны тимеу үшін пәтерінің қабырғалары мен төбесін ай сайын жөндейді. 

 

– Осы үйде тұрып жатқанымызға 10 жыл болды. Он жылдан бері төбеден су ағады. Көктемде қар ерігенде, жазда және күзде жаңбыр жауғанда мазамыз кетеді. Еденге ыдыстарды қаз-қатар тізіп қоямыз, тық-тық-тық деп тамып тұрады. Міне қараңыз, жөндегенімізге бір ай болған жоқ. Сылағы қопсып, көгеріп жатыр. Мына қабырғаның арғы бетіндегі бөлменің дәл осы тұсы су аға бергеннен үлкен тесік болып ойылып қалған. Бітеп, сылап қойдық. Көктемде тағы су кетеді ол жерден. Жалпы бүкіл бөлмелердің терезесінің айналасы осылай көгеріп тұрады, – деді Қарлығаш Тасбауова. 

Абай көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде  оңтүстік өңірден қоныс аударған оннан астам отбасы тұрақтаған. Бұл көпқабатты үйдің подъезіне кірген адам бірден қолқаны қапқан көгерген иісті сезеді. Подъездің қабырғалары төбеден аққан судан сарғайып, айғыздалған. Бұрыштары көгеріп, дым тартқан. “Күміс алқа” иегері Қарлығаш Тасбауованың айтуынша, бұл үй тұрғындарының мәселесін жергілікті билік біледі, бірақ оны шешуге ешқандай шара қолданбай отыр.

 

– Осының алдында болған әкім дәл менің үйіме тура жаңбырлы күні келген. Алты балам үйде ойнап жүрген. Еденге ыдыстарды тізіп қойғанбыз. Әкімге бәрін көрсеттік, су кетіп жатыр деп айттық. Ол кісі “шешеміз, бәлен күннен кейін төбені жөндейтін адамдар жіберемін” деді. Жөндейтін адамдар келген-келмегенін білмедім, бірақ төбеден аққан су әлі тоқтаған жоқ, – деп күйінді алты баланың анасы.

Он жылдан бері төбеден аққан сумен алысқан отбасылар осы уақыт мұғдарында жөндеуге біраз ақша жұмсағанын айтады. Өкініштісі, бұл пәтерлер арендалық болған соң үй иелерінің меншігіне әлі өтпеген.

– Өткенде күйеуім шатырды өз қалтасынан ақша шығарып жөндеді. Одан кейін тағы көршілер ақша жинап шатырды жамаған болдық. Бірақ ол не болады? Неше рет жөндедік, қаншама ақша кетті. Бәрібір ағып тұр. Балалардың денсаулығына алаңдаймыз. Жөтеліп жатыр. Көршінің баласы пневмониямен ауырып қалды. Оның үстіне пәтер суық. Қыстыгүні қатты аязда салқындап кетеді. Салқын болатын себебі, орнатқан жылу батареялары жеткіліксіз. Биыл жазда залдағы бес секциялы батареяға тағы он секция қостырдым. Өйтпесе бөлме салқын және терезе терлеп, айналасы дымданып тұрады, – деді Қарлығаш Тасбауова.     

Қарлығаштың көршісі, Алматы облысынан келген Шынар Ғабиденқызы бір бөлмелі пәтерінің терезесін суық өткізбейтін пердемен жауып қойған. Целлофан перденің бір пайдасы жылуды сыртқа шығармай ұстап тұрса, енді бір пайдасы тоңазытқыштың қызметін атқарады. 

– Күн қатты аяз болғанда электр пеш қосамыз. Себебі үй салқын, бала бар. Оның үстіне бұл ерекше бала, жақсы күтім керек. Ас бөлмеде жылу батареясы мүлде болмаған. Біз өзіміз орнаттық және терезеге осылай целлофан перде жауып қойдық. Оны Қытайдан сатып алдық. Сырттағы суықты ішке кіргізбейді, іштегі жылуды сыртқа шығармайды. Осы ұстап тұр. Пердені ашсақ арғы жағы кәдімгідей салқын, жер үріп тұрады. Екіншіден мұны тоңазытқыш ретінде қолданамыз, – деді Шынар Ғабиденқызы пердені ашып, терезе алдында тұрған азық-түлікті көрсетіп. 

Бұл көпқабатты үйдің жылу жүйесі де ескірген. Инженерлік желіні жаңартпаса, кез келген уақытта құбыр жарылып, қыстың көзі қырауда қаншама отбасы жылусыз қалуы ықтимал. Тұрғын үй басшысы, Алматы облысынан көшіп келген Қайрат Құрбаниязов пәтер иелері қалтасынан ақша шығарып, тозған желіні жөндеуге тырысқанмен, толық жаңарту мүмкін емес екенін айтты. 

 

– Жылу мен судың құбырлары шіри бастады. Жарылған жерін әр тұстан бекітіп, ұстатып қойдық. Жылу құбыры қазір жиырма, әлде одан да көп хомутпен тұр. Әкімдік «жылу мен ыстық судың құбырларын ауыстырып береміз» деп алдыңғы жылы айтқан. Сол күй ауыстырмады. Тұрғындар ақша жинап, жөндеген боламыз. Бірақ ол қашанға дейін жетеді, желіні толық жаңарту керек, – деді Қайрат Құрбаниязов.

Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан  Абай көшесіндегі бұл  үйге жөндеу жүргізуді келер жылға жоспарлап отырғанын жеткізді. 

Шағын шаһарға шекаралық аймақтың проблемасын көтеріп жүрген F16.kz тілшілері келгенін естіген қандастар көкейде жүрген мұң-мұқтажын айтуға асықты. Олардың ішінде мал өсіріп, егін салуға жер телімін ала алмай жүргендер, кәсіп бастауға қолдау таппай отырғандар, қазақтың қолөнерін дамытып, насихаттауға ниеттілер көп болды. Мәселен, Қадырбек Әнуарбек, Сәбетхан Ерлан, Мұхан Ақыт, Бердібек Ниғыметолла қатарлы азаматтар мал өсіріп, табыс тапқысы келеді. Бірақ оған не жайылым, не шабындық жер жоқ. Ал Зәкария Ақышұлы, Мұрат Айтқазыұлы, Гүлнар Асылбек, Қанас Мүттәлі және басқа ағайындар кәсіп ашу үшін қаржылай қолдауға мұқтаж.  

Атамекенге ат басын бұрған ағайынға қолдан келгенше көмек көрсетіп жүрген қала тұрғыны Жанболат Мұхамадиев “қандастарды қинайтын тағы бір түйткіл – орыс тілін білмеуі” дейді.

– Қала халқының 70 пайызға жуығы - өзге этнос өкілдері. Көбі орысша сөйлейді. Ал сырттан келген ағайындардың арасында орысша сөйлегенді қойып кириллицаны танымайтындар көп. Ол кісілер төте жазумен хат таныған. Сол жағы біраз қиындық туғызады. Жасыратыны жоқ, тіл білмеген соң жұмысқа орналасу да қиын. Құжат рәсімдегенде, аударма жасағанда және басқа да жағдайларда көмегімді аямаймын. Қандастардың қолынан бәрі келеді, шетінен іскер. Кәсіп ашқысы келетіндер көп. Оларға жер беріп, қаржылай қолдау көрсетіп жіберсе шаруаны өздері-ақ дөңгелетіп әкетер еді, – деді Жанболат Мұхамадиев.

Риддерге сапар аясында бірсыпыра қандаспен тілдесіп, мұң-мұқтажын тыңдаған редакция журналистері бұл мәселелердің оң шешілуін назарда ұстайды.

 

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)