Жарық жоқ, су тапшы, жолы батпақ. Өскемен түбіндегі саяжай тұрғындары қалай өмір сүріп жатыр?

Шығыстың бас қаласы Өскеменнің төңірегінде саяжай көп. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында күнкөріс қамымен ауылдан көшкен жұрт осы саяжайларды әлі де паналап отыр. Қазір аумағы кеңейіп, халқының саны өскенімен, мұнда ештеңе өзгере қоймаған. Қыста қарға малтығып, жазда батпаққа батқан тұрғындар “өгейдің күйін кешіп жатырмыз” деп налиды.
Қараңғыда көлік қағып, адам мерт болды
«Заря» бау-бақша серіктестігіне Зайсан ауданынан көшіп келген Маржангүл Қапашева қаладағы медицина мекемелерінің бірінде еңбек етеді. Жұмысқа бару үшін ол үйден таңғы 5-те шығып, қас қарая оралады. Жарығы жоқ тар көшемен үлкен жолдың бойындағы аялдамаға жеткенше біраз жер. Қараңғыда жүру балаларды қойып, ересектердің өзіне қауіпті. Көлік қағып кетуі ықтимал. Тұрғындар ондай оқыс жағдайларға сан рет куә болған.
Саяжай тұрғынының «үлкен жол» дегені — Өскеменнің сыртымен айналып жүретін трасса. Көшенің атауы – Тоғас. Бұл бағытта көліктер күндіз-түні ағылып жатады. Былтыр қыркүйекте бозбаланың өліміне әкелген жол апатынан кейін Тоғастың қос қапталындағы саяжайлар мен Ахмер ауылының халқы дабыл қағып, түн ішінде жолды жапқан. Наразылық акциясы туралы республикалық БАҚ жазды.
Тоғас көшесіне шамдар орнатылып, бағдаршам іске қосылғанмен, сол төңіректегі бау-бақша серіктестіктерінің тұрғындары әлі күнге түнекте өмір сүріп жатыр. Қыста күн қысқа. Уақыт белдеуінің өзгеруі де ыңғайсыздық туғызады. Әсіресе, мектеп жасындағы балаларға қиын. Саяжай тұрғындары екінші ауысымда оқитын балаларын сабақтан қайтқанда аялдамадан кезекпен қарсы алып, үй-үйге жеткізеді.
Саяжай ішіндегі тар көшелердің қос қапталы – тау-тау болып үйілген қар. Көктемде күн жылынғанда қарғын су үйлердің ауласына кіріп, төңірек лайсаң болады.
Сарқын судың жағымсыз иісі қолқаны қабады
Өскеменнің батысындағы, Ертісті жағалай қонған саяжайлардың халқын көп жылдан бері мазалап келе жатқан тағы бір мәселе – су тазарту мекемесінен тарайтын жағымсыз иіс. Бұл иіс осы төңіректе қысы-жазы мүңкиді.
Сарқын суды тазартатын мекемеден шығатын қолқаны қабатын иіске тұрғындар жылдар бойы шағымданумен келеді. Кейінгі кезде шағым тіпті көбейді. Бұл кәсіпорын қондырғыларының және тазарту технологиясының ескіруімен байланысты дейді мамандар. Сондықтан облыс әкімдігі айналасына жағымсыз иіс тарататын “Өскемен су арнасы” мемлекеттік мекемесін жаңғыртуды қолға алған.
«Заря» бау-бақша серіктестігінде қазір шамамен 70-ке тарта шаңырақ түтін түтетіп отыр. Жазда олардың қатары көбейеді. Өйткені саяжайда қыстамайтын отбасылар көктем шыға оралады. Күршім ауданынан көшіп келген Үмия Тұрақбаеваның айтуынша, ауызсудың болмауы жұртты әбден қажытқан.
Біз саяжайды аралап, тұрғындармен сөйлесіп жүргенде Үмия апаның үйіндегі отағасы ауырып, жедел жәрдем шақыртты. Ұялы телефондағы сағатқа қарап, күттік. Күн салқын. Далада 35 минут тұрдық, табаннан сыз өтіп, жаурай бастадық.
Облыстың әр қиырынан көшіп келіп, бір ауыл болып отырған «Заряның» тұрғындарына қош айтысып келесі саяжайға аттандық.
Мәселенің шешімі – жеке тұрғын үй секторы мәртебесін беру
«Родничок» бау-бақша серіктестігі Тоғас көшесінің екінші қапталында, «Заряға» қарсы бетте орналасқан. Бұл саяжайда 20 жылдан бері тұратын Нәзигүл Мамырбекова серіктестікке жеке тұрғын үй мәртебесі берілмей мәселе шешілмейді деп есептейді.
Екінші проблема – ток. Электрмен қамту қызметі тікелей энергетикалық компанияға берілсе деген тілегіміз бар. Қазір электр қуатына іргедегі Ахмер ауылымен салыстырғанда қымбат төлейміз, бір киловатт – 25 теңге. Ал қалада – 18-20 теңге (бекітілген орташа баға – авт.) аралығында болу керек қателеспесем. Себебі бізде жеке тұрғын үй мәртебесі жоқ, сондықтан қосымша шығын қосылады. Кейде жарық өшіп қалады. Трансформатор ескі. Бұл мәселені айтып қала әкімдігіне неше бардық, ондағылар «заңнан аттай алмаймыз» деп шығарып салады. Сонда не істеуіміз керек? Қайда барамыз? – деді Нәзигүл Мамырбекова.
«Родничоктың» екі мәшіне қатар сыймайтын тар көшелерінде қар үйіліп жатыр. Көктем келіп, күн жылынғанда көліген судан аяқ алып жүру мұңға айналады дейді тұрғындар.
“Магистральда” өмір сүру – машақат
Қаладан Алматыға қарай шыға берістегі Атығай асуында «Магистраль» және «Магистраль-2» бау-бақша серіктестіктері орналасқан. Оған автобуспен бару үшін Өскемен-Алматы трассасының бойындағы аялдамадан түсіп, 500 метр жаяу жүру керек. Ал көлігі бар адамдар «Өскемен» деген жазудың тұсынан күнгейге қарай бұрылып, ой-шұңқырлы зіркілдек жолмен 1 шақырым жүреді. Тарбағатай ауданының Ақжар ауылынан 9 жыл бұрын көшіп келген Болат Қайранбаев саяжай халқы қысы-жазы жол азабын тартып келе жатқанын айтады.
«Магистраль» тұрғындарын мазалаған тағы бір түйткіл – жарық пен су. Күршім ауданының Маралды ауылынан ірге аударған Сейіт Тайыншабасов жергілікті тұрғындар электр қуатының зардабын неше жылдан бері тартып отырғанын айтты.
Қалың қарды бұзып-жарып төбеге дейін әрең жеткен жүк көлігі ары қарай жүре алмай, тиеп әкелген көмірді сол жерге төгіп кетті. Бұл көмірді «Магистраль-2» бау-бақша серіктестігінде тұратын зейнеткер Мақсат Ғазизов тапсырыспен алдыртқан.
“Магистраль-2” бау-бақша серіктестігінің төрағасы Нұржан Ажықанов саяжайға заң аясында жеке тұрғын үй ретінде мәртебе берілмей, жылдар бойы қордаланған проблемалар шешілмейтінін айтты.
Саяжайларда 14 мыңдай адам тұрады
Мыңдаған адам тұрып жатқан саяжайлардың мәселесін көтеріп Өскемен қаласының әкімдігіне хабарластық. Ресми жауапты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берді.
“Азаматтық кодекстің 228-бабына сәйкес жай серіктестік бірлескен қызмет туралы шарт негізінде құрылады. Жай серіктестік заңды тұлға болып есептелмейді. Бұл ретте кодекстің 229-бабында бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың ортақ істерін жүргізу олардың жалпы келісуі бойынша жүзеге асырылатыны айқындалған. Өзара келісу бойынша олар бірлескен қызметке басшылық етудi және ортақ iстердi жүргiзудi, бұл жағдайда шартқа қалған қатысушылар берген сенімхат негiзiнде әрекет ететін қатысушылардың бiрiне тапсыра алады.
Саяжайлар мен учаскелерге қатысты барлық мәселелер бау-бақша серіктестігі мүшелерінің жалпы жиналысында қаралады, өйткені бау-бақша серіктестігі қоғамдық ұйым болып есептеледі, оның жоғарғы органы – серіктестік мүшелерінің жалпы жиналысы.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабының 2-тармағына сәйкес қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекеттің қоғамдық бірлестіктердің ісіне, ал қоғамдық бірлестіктер мемлекеттің ісіне заңсыз араласуына, сол сияқты қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардың қызметін жүктеуге жол берілмейді.
Соған қарамастан қаладағы 3 бау-бақша серіктестігінде электрмен қамту жұмысы жүргізілді”, – делінген Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жолдаған жауапта.
Қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтайдың айтуынша, облыс орталығында шамамен 150-ге тарта бау-бақша серіктестігі бар. Өскемендік депутаттар саяжай мәселесін бірнеше рет көтерген, Парламентке жеткізген.
Сондай-ақ мәслихат депутаты бау-бақша серіктестігінің проблемасын шешу үшін кешенді шараларды іске асыру керек екенін айтты. Оның пікірінше, ең әуелі Жер кодексі мен “Жеке тұрғын үй құрылысы туралы” заңға “саяжай тұрғын үйі” деген түсінік енгізу керек.
Бүгінде халқының саны 400 мыңнан асатын Өскеменде 14 мың адам бау-бақша серіктестігінде тұрып жатыр. Ал елдегі миллионнан артық адамды сыйдырған үш мегаполис мен ірі-ірі қалаларда қанша адам саяжай паналап жүргенін елестетудің өзі қорқынышты. Ең қиыны, олардың проблемасы жыл өткен сайын ушығып, тамыры тереңдей түскен.
Биыл 3 ақпанда Орал қаласында болған саяжай тұрғындарының ереуілге шығып, жолды жауып тастағаны бұл мәселеге мемлекет тарапынан жіті назар аударылуы қажеттігін көрсетті.




