Орманға кетіп жоғалған әйел адам табылды

Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары осыдан бір күн бұрын Риддер қаласынан 30 шақырым жердегі орман алқабында адасып кеткен 1954 жылғы әйел адамды тапты, деп хабарлайды F16.kz.
Облыстық ТЖД-дан хабарлағандай, әйел адам орманға шөп жинауға кетіп, үйіне оралмаған. Тәулік бойы онымен байланыс орнату мүмкін болмады. Таулы жер, ну орман мен тәуліктің қараңғы уақыты іздестіру жұмыстарын едәуір қиындатып жіберді.
Соған қарамастан, мамандар адам жоғалғаны туралы ақпарат келіп түсе сала, ауқымды іздестіру-құтқару операциясын бастап кетті. Аумақты әуеден барлау жұмыстарына «Қазавиақұтқару» мекемесінің тікұшағы тартылды. Сондай-ақ, өзге де құтқару топтары жұмылдырылды.
Тікұшақпен іздестіру нәтижесінде жоғалған әйел адам орман алқабының арасындағы ашық алаңнан табылды. Зардап шегуші тез арада қалаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілді.
Фото: ТЖД/видеодан алынған кадр




