Қыста қар құрсауында қалып, жазда батпаққа батады. Жол азабын тартқан шекарадағы ауылдар

Шекара маңындағы ауылдардың басым бөлігіне ортақ бір проблема бар, ол – жол. Ұзақ жылдар бойы күрмеуі тарқатылмай келе жатқан өзекті мәселе шалғайдағы халықты әбден сарсаңға салды. Қыста қар құрсауында қалып, жазда батпаққа батқан жолаушылардың көрген бейнеті мен тартқан мехнаты аз емес.
Жеті жыл бұрын басталған жолдың құрылысы әлі бітпеді
Өскеменнен 400 шақырым қашықтағы Зайсан, Тарбағатай аудандарының халқы біраз жылдан бері облыс орталығына айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Өйткені құрылысы 2017 жылы басталған Омбы-Майқапшағай республикалық трассасы әлі толық қолданысқа берілмеген. Жоспарға сәйкес, 2022 жылдың жазында аяқталуға тиіс еді. Бірақ мердігер жұмысты уақытында аяқтамады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі құрылыс компаниясының үстінен іс қозғап, 21 млрд теңгені мақсатсыз жұмсағанын анықтады. Іс сотта қаралды. Онсыз да сиырқұйымшақтанып кеткен жобаның мерзімі ұзаған сайын қарапайым жұрттың тағаты таусылды.
Қытай, Қазақстан және Ресейді байланыстырған Омбы-Майқапшағай трассасын халықаралық маңыздағы транзиттік дәліз десе де болады. Ал оның 213 шақырымы Шығыс Қазақстан облысының аумағынан өтеді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жаңа жолдың құрылысы 2025 жылы аяқталатынын мәлімдеді. Республикалық трассаның бойында әр 50 шақырым сайын жылы дәретхана, көлікке арналған эстакада, қоқыс жәшігі, орындық пен самалжайы бар шағын демалыс аймағы салынады деп жоспарланған. Әзірге бұлардың бірі де жоқ. Көлік жүргізушілері құрылысы аяқталмаған жолдан әбден зәрезап болған.
Көше батпақ, көңіл пәс
Құрылысы жеті жылға созылған Омбы-Майқапшағай транзиттік дәлізінің жағдайы осындай болса, ауыл арасында кеңес заманынан бері жөндеу көрмей, әбден тозып, шұрық-тесік болып жатқан, тіпті өмірі асфальт көрмеген жолдар да бар. Мұны жергілікті билік те растайды. Проблеманы шешу үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі 2024 жылды «Жол жылы» депжариялады. Соған сәйкес биыл өңірде жалпы ұзындығы 600 шақырым облыстық, аудандық маңызы бар жолдар жөнделген.
Жол жылы аясында ауыл ішіндегі көше жолдары да жөнделген. Дегенмен шалғайдағы көптеген елді мекен тұрғындары жобаның шапағатын әлі де көре алмай отыр. Кейбір ауылдарда көше жолын халық өзі ақша жинап, асарлатып жөндеп алған. Ортақ іске жұртпен бірге жұмылған азаматтың бірі — Дайыр ауылының тұрғыны Бекжан.
Аманжанов көшесінде тұратын көпбалалы ана Сәуле Рахманова жауын-шашын күндері үйден шыға алмай қалады. Таяқ тастам жердегі дүкенге қонышы ұзын резеңке етік киіп, батпақ кешіп барады.
Жергілікті халықтың айтуына қарағанда, ауыл арасындағы жолдардың тозуына Омбы-Майқапшағай республикалық трассасын салып жатқан жүк көліктері де көп «үлес» қосқан сияқты. Құм-қиыршық тас, битум және басқа да құрылыс материалдарын тиеген салмағы ауыр алып техника жаздың аптап ыстығында ары-бері жүріп, онсыз да кетеуі кеткен ескі асфальтті алашадай жиырып, жал-жал қылып кеткен. Аудандық мәслихаттың төрағасы Еркебұлан Зағыпаров тұрғындардың талап-тілегін жергілікті билікке және мердігер компанияның басшылығына жеткізгенін айтты.
Аудан әкімдігі биыл Зайсан қаласында тоғыз көшенің жолы қалпына келтірілгенін мәлім етті.
Жер шалғай, азық-түлік қымбат
Тарбағатай ауданындағы Жамбыл ауылына кіреберіс көпір тозып тұрғалы біраз жыл болды. Бетіндегі бетон жабыны ойыла бастаған. Ақжар-Құйған трассасынан Жамбылға дейінгі 12 шақырым жол мен ауыл ішіндегі көше жолдары ешқашан асфальт көрмеген.
Халық саны жылдан жылға азайып бара жатқан Тұғыл ауылының тұрғындары да көше жолының нашарлығын айтып шағымданды. Жол жылының шарапаты бұл елді мекенге тимеген сияқты. Зейнеткер Нәзипа Кешубаева жағдай жасалмаған соң шалғайдағы елді мекенге жастардың келмейтінін айтты. Жастар болмаған соң ауыл «қартайып» бара жатыр.
Зейнеткердің айтуына қарағанда, жер шалғай, жол жаман болған соң Тарбағатайда азық-түлік бағасы да аспандап тұр.
Алты ай қыста апталап қатынас үзіледі
Қыс түссе, шалғайда жатқан Марқакөл ауданында қатынас қиындайды. Аудан орталығы мен ауылдардың арасында апталап, айлап жол жабылады. Таулы өлкеде қардың қалыңдығы екі метрге дейін жетеді. Азық-түлік қоры таусылып, науқас жандар ауруханаға жете алмай қиналған қаншама жағдай болады.
Былтыр қаңтарда қардың қалыңдығынан ауданның Ақбұлақ, Қарой, Қарашілік, Ақжайлау, Ұранхай, Төсқайың, Бұғымүйіз, Шанағаты ауылдарында апталап жол қатынасы үзіліп, жергілікті жұрт қатты қиналды. Қар құрсауында қалған ағайынға азық-түлік пен дәрі-дәрмекті тікұшақпен жеткізді. Төсқайың ауылында инсульт алған 71 жастағы адамға медициналық көмек көрсетпек болған өскемендік дәрігерлер төтенше жағдай қызметінің жол талғамайтын арнайы көлігімен шығып, жете алмай орта жолдан қайтты. Науқас облыс орталығына тікұшақпен жеткізілді. Ауыл жұртын азапқа салған төтенше оқиға туралы «Egemen Qazaqstan» сайты және басқа да ақпарат құралдары жазды.
Қоғам белсендісі шалғайдағы ауданда қар күрейтін техникалардың аздығын және олардың әбден ескіргенін тілге тиек етті. Ескі техника жиі бұзылады әрі жұмыс істеу өнімділігі де өте төмен.
Марқакөлдіктер жол азабын қысы-жазы тартып келеді. Жолаушылап шыққан жұрт қыста қар құрсауында қалса, көктем мен күзде батпаққа батып, жазда шаң жұтады. Ауылдардың дені таулы өлкеде орналасқандықтан асфальт деген атымен жоқ, кедір-бұдыр қара жол. Жаңбыр жауса, езіліп батпақ болады. Кейде таудан лай көшкіні жүреді. Биыл сәуір айында облыстық маңыздағы Теректі-Ұранхай-Төсқайың жолының Мәрмәр асуында лай көшкіні жүріп, жолды қиратып кеткен. Адамдардың қауіпсіздігі үшін бұл бағыттағы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Соның салдарынан Төсқайың, Ұранхай, Балықтыбұлақ Шанағаты, Бұғымүйіз ауылдары мен аудан орталығының арасында байланыс үзілді. Жолды қалпына келтіргенше жергілікті билік 1000-ға тарта тұрғыны бар 5 елді мекенге азық-түлік пен қажетті заттар жеткізуді ұйымдастырды.
Биыл қыс басталғалы Марқакөл өңірінде қалың қардан бірнеше күн жол жабылды. Соған қарағанда жергілікті билік былтырғы төтенше жағдайдан еш сабақ алмағанға ұқсайды...
Жолы ең нашар облыстардың бірі – Шығыс Қазақстан
«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры болған Дидар Смағұлов Қазақстанда салынып жатқан автожолдардың сапасы оған бөлінетін қаражатқа сай емес екенін айтты. Бірлестік екі жыл бұрын «Әділдікті талап ет» деген жобасы аясында елдегі кепілдік мерзімі бар жолдарды тексеріп, кемшіліктерді анықтаған. Нәтижесінде 182 жол учаскесінде қайта жөндеу жүргізілді.
Сонымен қатар Смағұловтың айтуынша, “Әділдік жолы” қоғамдық бірлестігі барлық облысты аралап, жолдардың сапасын салыстырған. Нәтижеде Шығыс Қазақстан облысы бірлестік түзген рейтингте жолы ең нашар өңірлердің қатарына кірген. Дидар Смағұловтың сөзінше, оның негізгі себебі – бақылаудың жоқтығы,
Сарапшының айтуынша, жол құрылысы жүргізіліп жатқанда оны толық бақылауда ұстап отыратын сала мамандары жетіспейді. Жалпы бақылау механизмі жасалмаған. Мәселен, жаз маусымында бір облыста ірілі-ұсақты бірнеше ондаған жол жұмысы атқарылады. Ал оның бәрін қадағалайтын, сапаны талапқа сай тексеріп отыратын мамандар тапшы. Сондықтан бұл салаға қоғамдық, халықтық бақылау жүйесі қажет.
АҚШ, Канада, Қытай, Ресей сияқты елдердің тәжірибесінен мысал келтірген сарапшы Қазақстанда жаңадан салынған жолдардың 2-3 жыл өтпей не себепті бүлініп қалатынын және бұл мәселені қалай шешуге болатынын айтты.
Сарапшы атап өткендей, өркениетті елдерде жаңадан төселген жолдың міндетті түрде кепілдендірілген қолданылу мерзімі болады, егер осы уақыт ішінде қандай да бір кемшілік шықса жауапты компания өз есебінен қалпына келтіреді. Еуропада жол құрылысынан ақша үнемдемейді. Қымбат, сапалы материалдарды, ең озық заманауи техникаларды қолданады. Өйткені дамыған елдерде жол салудағы кез келген қателік қаржылық шығындардан бұрын адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді.
Ал біздегі жағдай қалай? Бір ғана мысал келтірейік, Шығыс Қазақстан облысында соңғы 5 жылда жол құрылысында 3860 кемшілік анықталған. Бұл туралы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалы жергілікті БАҚ-та жариялаған ақпаратта мәлім етті. Ұлттық орталықтың ақпаратына сүйенсек, жол құрылысы мен жөндеу кезінде анықталған кемшіліктерді жою үшін мердігер компаниялар жалпы сомасы 1 млрд 125 млн теңге көлемінде қаржы жұмсаған. Осының өзі біздегі жолдың жағдайынан хабар беріп тұр.
Хош, сонымен облыс әкімдігі «рекордтық көрсеткіш орнатылды» деп хабарлаған “Жол жылы” да аяқталды. Келер жылы қайта жалғасын таппақ. Алайда бұл жобаның әлеуетін шекара түбіндегі ауылдар әл-әзір көре қойған жоқ. Бұл елді мекендердің халқы шаңы шыққан, шұрық-тесік қара жол мен батпаққа батқан көшеден көз ашпай отыр.




