admin
Жарияланды: 20:19, 24 октябрь 2024
Өскемен / Не жаңалық? / АЙДАРЛАР

Рухымызда асқақтатар мерейлі мереке

 Қасықтай  қанын  шүберекке  түйген  батыр  бабалар толарсақтан  саз кешіп,  ел үшін  еміреніп,  жалаң  кеудесін  оқ  пен  найзаға төседі. Жарқын  келешегіміздің  бағытын  айқындайтын   республика  күнінде  қилы  тарихымызға  бір сәт  көз  жүгірткен абзал.

Биыл еліміз төрткүл дүниені өзіне қаратып, халықаралық саммит ұйымдастырды. Шанхай  ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті жоғары деңгейде өтті. Елордадағы қоғамдық  тәртіпті   қадағалау  мақсатында  Ұлттық  ұланның «Шығыс» өңірлік   қолбасшылығына   қарасты   Павлодар  қаласындағы  5512 әскери  бөлімінің  әскери қызметшілері  аттанған  болатын.  Астана қаласының Байқоңыр ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметке  кіріскен  ұландықтар санаулы күннің ішінде едәуір қылмыстың бетін ашып, бас қаланың қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетті. Таяуда атом электр станциясын  салу жөнінде референдум өткізіп, халық дауысына салдық.  Бұл тарапта да  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери қызметшілер мемлекет үшін сындарлы шақта аталмыш станция бойыншатың мағлұматтарға қанық болып, дауыс беруіге бір кісідей белсене қатысты. Ұландықтар республикамыз үшін қажетті келелі оқиғадан еш қалыс қалған емес.  Өйткені,  егемен  ел  атану  жолында  шаһид  болған  бабалар ерлігі – баршамызға үлгі.  Ұрпаққа  аманат  еткен  ұланғайыр  даланың  тыныштығын күзетуде  бүгінде  Ұлттық  ұлан  әскерінің құндылығы  жоғары. Әсіресе, ел тыныштығын күзетуде қырағылық  танытқан  «Шығыс»  өңірлік  қолбасшылығының  жеке құрамы  жауынгерлік әзірлік  пен  кәсіби шеберліктерін  үнемі арттырып келеді. Сан салалы  даму мен жетілу сатыларынан  сүрінбей  өткен ішкі  әскер  жұрт басына  төнген кез келген  қауіп-қатерге  қарсы  тұрып аянбай әрекет етуде әзір. Темірдей тәртіпке бағынғандар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының айбынын  асырып,  адуынды  істердің  адырнасын тартуда. 
 Жауынгерлік міндет атқаруда танытқан адалдық - ел мен жер  бүтіндігінің жарқын кепілі.  Айталық,  өткен жылдары  жаз  мезгілінде  орын алған Абай облысындағы алапат өрттің кесірінен жасыл байлығымыздан айырылып қалдық. Тілсіз жаудың  құрсауында қалған елдімекендер мал-жан,  үй-жайларын тастап қауіпсіз  аймаққа көшуге мәжбүр болды. Қысылтаяң  шақта  иесіз қалған ел-жұрттың мал-мүлкін қолының сұғы барлардан қорғап, мамыражай  ауылдардың берекесін сақтауда ұландықтар  бір  кісідей ат салысты. Қызыл жалын шарпыған аумақтың аужайын қаперінде ұстап,  кірпік қақпай қызмет еткен 5511 әскери бөлімінің қоғамдық тәртіп  қызметінің  сақшылары  аймақ тұрғындарының зор ықыласына бөленді. Ел алғысына бөленген  «Шығыс»  өңірлік қолбасшылығына қарасты аймақтың геосаяси, стратегиялық ауқымда жатқаны әмбеге аян. Сондықтан қолбасшылық  бейбіт  өмірдегі  ұлт тұтастығынын  қадағалап, айрандай ұйыған елдің аборойын асыруда жан аямай еңбек етуде.Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ұрысқа қабілетті маңдайалды  құрылымдардың біріне  айналған  Ұлттық ұлан әскері  ерлік пен мінсіз қызметтің жоғары  үлгісін  әлі де  көрсете бермек. Бүгінгі мереке күндерінде де   қолбасшылықтың  жеке құрамы қызметтік-жауынгерлік міндеттерге білек сыбана кіріседі.  Өлкедегі  түзеу мекемелерінде қырандай  қырағылық  танытып,  тәртіпсіздіктің  жолын кессе,  өңірдегі  стратегиялық  нысандарды   көзінің  қарашығындай  қорғауда  табанды  қызметтер атқарудан еш тайынған емес. Отанымыздың қауіпсіздігін жанқиярлықпен  қорғауда  әскери  қызметшілердің  ерлігі  орасан зор. Себебі,  жауынгерлер  ел тыныштығын күзетуді  -  отансүйгіштіктің   нағыз айнымас белгісіне балайды. 
Ұлттық мерекенің  ұлықталуы - Ұлттық ұланның айбынын асқақтатып, жеке құрам  күш-жігерінің артуына  айрықша серпін бермек. Себебі,  отансүйгіш  жауынгер үшін қайта жаңғырған бұл мейрамның маңызы мен мәні тым тереңде жатыр. Бабалардан қалған асыл аманатымызды  қызғыш құстай қорып өту ұлтын сүйер ұландықтар еншісінде. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаев  «Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық  батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтілуі керек» деп пікір қалдырған болатын.  Яғни,  тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға нышан тұтқан әскери қызметшілер үшін  бүгінгі мейрам әманда зор құрметке лайық болып  қала бермек. 


Атабек Салықбаев, полковник, 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)