Үңірейген үйлер, тозған аурухана, жұмыссыздық: Асубұлақтың қазіргі тыныс-тіршілігі

Өскеменнен 60 шақырым жердегі Асубұлақ кентінде қазір 2 мыңға жетер-жетпес адам тұрады. Көшесі көріксіз, жолдары шұрық тесік, үйлері үңірейіп бос қалған елді мекеннің ауруханасы тозған. Жергілікті жұрттың жалғыз табыс көзі – мал. Тұрақты жұмыс жоқ.
F16.kz тілшілері кенттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Бұрын қандай болды?
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Ұлан ауданының Асубұлақ кентінде 25 мыңға жуық адам тұрған. Кентте 120 төсек-орын аурухана, 1600 оқушыға арналған екі білім ордасы, спорт және музыка мектептері, бірнеше балабақша болған. Тіпті телевизиялық сигнал қабылдау және тарату желісі жұмыс істеді. Тау-кен байыту комбинаты бірнеше мың адамды еңбекпен қамтыды. Комбинаттың қосалқы шаруашылығы ретінде мал шаруашылығы кешені мен жылына 3 миллион кірпіш құятын зауыт жұмыс істеді. Көпқабатты тұрғын үйлер салынып, орталықтандырылған жылу және ауызсу желісі тартылған. Екі жатақхана, кинотеатр, 100 орындық медициналық емдеу-сауықтыру мекмесі, 100 адамға арналған дәмхана, бірнеше дүкен, дәріхана, көкөніс қоймасы, пионерлер лагері, спорт залы бар 192 оқушыға арналған оқу комбинаты жұмыс істеді. Көшесі көрікті, жолы асфальт, саябағы абаттанған өркенді өңір еді…
Қазір қандай?
Шаруасы шалқып, дәуірлеп тұрған Асубұлақтан қазір жұрнақ та қалмады. Тоқсаныншы жылдардың топалаңында тоз-тозы шыққан елді мекеннен жұрт үдере көшті. Жұмыссыздық, қаңыраған үйлер, тозған инфрақұрылым.
Елу жылдан бері осы кентте тұрып келе жатқан Халида Тұмарбаева неше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан интернет, жол, абаттандыру, денсаулық сақтау мәселелерін тілге тиек етті.
Ондай проблеманың бар екенін ауылдық дәрігерлік амбулаторияның қызметкерлері растап отыр.
Жарты ғасырлық амбулаторияның жағдайы мәз емес
Амбулаторияның интернеті ғана емес, ғимараты да көңіл көншітпейді. Іргетасы қаланғанына жарты ғасырдан асқан қос қабатты ғимараттың төбесінен су сорғалап, қабырғаларының сылағы түсіп, бөлмелері дым тартқан соң былтыр шатырын жөндеген.
Маманның айтуынша, қазір мекемеде үш зейнеткер жұмыс істейді. Жас мамандардың келгісі жоқ. Өйткені ауылда қаладағы сияқты жағдай жасалмаған.
Айта кетейік, Асубұлақ дәрігерлік амбулаториясында қазір барлығы 13 адам еңбек етеді. Оның ішінде терапевт, акушер-гинеколог, ересектер мен балаларды қарайтын төрт учаскелік медбике және басқа да мамандар бар.
Комбинат ашыла ма?
Асубұлақ кентінің әкімі Нұрлан Дүйсембаев дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу көктем шыға басталатынын айтты.
Әкім келешекте іске асатын кентті дамыту жоспарлары туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, округ аумағында кен барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта кен-байыту комбинаты ашылмақ. Егер жоспар іске асса округке қарасты бірнеше елді мекеннің тұрмыс-тіршілігіне, халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер кетпек. “Тұрақты жұмыс болса халық саны да өседі”, – дейді әкім.
Автобекет тозып тұр
Жергілікті тұрғын Халима Тұмарбаева кент ішіндегі қаңырап бос тұрған үйлер мен ғимараттар адамдарға қауіпті дейді. Қираған ғимараттардың төбесі опырылып құласа балаларды басып қалуы ғажап емес. Ал ондай көпқабатты бос үйлер Асубұлақты тым көп.
Бұрын Асубұлақта тұрған, кейін отбасы жағдайымен Өскеменге қоныс аударған Досымбек есімді азамат тұрғындардың ауылдан көшуінің басты себебі жұмыссыздық болғанмен денсаулық сақтау саласындағы мәселелер де жанама әсер еткенін жасырмайды.
Тұрғындар кенттегі бірқатар нысанға жөндеу жүргізу қажеттігін айтты. Мәселен, орталық саябақ пен спорт кешенінің жөндеу көрмегеніне біраз жыл болыпты. Көше жолдары да шұрық тесік. “Асубұлақтың бұрынғы дәулеті мен сәулетін қайтармаса да ескі ғимараттарды жаңғыртып, жол жөндеп, көшелерді абаттандыруға болады ғой” дейді тұрмыс тауқыметінен қажыған қарапайым халық. Жергілікті билік бұл проблемалар алдағы уақытта шешілетінін айтты. Бірақ қашан екенін нақтыламады.




