Қазақстанға саяхаттаған сайын шетелдік қонақтар тек таңғажайып табиғатымызды ғана емес, ұлттық мәдениетімізді де ерекше сүйіспеншілікпен қабылдайды. Еуропалық саяхатшы жұп Силке және Киран Шэннон – соның жарқын мысалы.
Олар былтыр қазан айында өткен «Салбурын-2024» бүркітшілер фестиваліне келіп, Ұлан ауданының Бозанбай ауылында бірнеше күн бойы қонақ болған.
Саяхатшылардың қазақ өнеріне деген ықыласы туралы белгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы өзінің Instagram парақшасында жазып, «Ұланым» әнін шырқап отырған Силке мен Киранның видеосын жариялады.
- Естеріңізде болса, бұл достарым турист болып Қазақстанның біраз жерін аралаған. Ұлан ауданы, Бозанбай ауылында өткен Салбурын-2024 кезінде менің үйімде қонақ болып, біраз күн жатты. Сол кезде Нұртай аға екеуміз осы әнді үйретіп едік. Қазір сағынып еске алып жүр екен. Мына видеоны маған жіберіпті, - дейді Айшолпан.
Айта кету керек, саяхатшылар «Ұланым» әнін орындап, қазақстандықтардың жүрегін елжіретті.
Әнді қалай үйренгендері туралы біз Силке мен Киранның өздерінен сұрап білдік.
— «Ұланым» әнін үйрену біз үшін аса қиын болған жоқ, өйткені бізде керемет ұстаз болды! Біз Айшолпан Нұрғайыпқызының отбасында болдық, және бізге бұл әнді ағасы екеуі үйретті. Әуелі дастархан басында ән айтып бастадық, содан кейін ақырындап мәтінді жаттап алдық,— дейді саяхатшылар.
Силке мен Киран үшін Шығыс Қазақстанның сұлулығы ерекше әсер қалдырған.
— Шығыс Қазақстандағы ең сүйікті сәттеріміздің бірі – сөзсіз табиғат! Әрине, адамдарды да атап өтуге болады, бірақ біз қонақжайлылық пен мейірімділікті бүкіл Қазақстаннан сезіндік. Бізді ерекше таңғалдырған нәрсе – Катонқарағай, Қиын-Керіш және Зайсан көлінің табиғаты. Кейбір жерлер мүлде Жер шарындағы емес, басқа ғаламшардағыдай көрінді, - деп тамсанды екеуі.
Саяхатшылар алдағы уақытта Қазақстанға қайта келуді жоспарлап отыр
— Біз Шығыс Қазақстанға міндетті түрде қайта келеміз. Алдымен Батыс Қазақстанға барғымыз келеді, өйткені ол жақта әлі болмадық. Дегенмен Шығыста біз үшін әлі де ашылмаған көптеген сұлулықтар бар екеніне сенеміз, - дейді олар.
Қонақтардың ықыласы – халқымыздың бай мәдениеті мен дархан пейілінің айқын көрінісі. Шығыстың кең даласы мен әндері олардың жүрегінде мәңгілік із қалдырғаны сөзсіз.
Мадина Қайнарова