ШҚО әкімі: «Адамдарды қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз»

Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жедел штаб құрамына кіретін бейінді ведомстволар қызметкерлерімен су тасқыны қаупі бар жерлерге мониторинг жүргізді.
Марқакөлде Қалжыр өзенінің арнасын тазарту және түзету, су өткізгіш құбырларды орнату бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп, Қалжыр және Марқакөл ауылдарына төнген қауіп азайды. 72 су өткізу құрылымдары, 6 көпір, сондай-ақ арықтар мен каналдар тазартылды. Қара Ертіс, Қалжыр өзендерінде мұз кептелістерін болдырмау үшін бүгінгі мониторинг аясында үш арнайы орында профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілетіні анықталды.
Орта Теректі, Лайлы және Төменгі Тайынты бөгеттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Аймақтың барлық дерлік гидроқұрылымдары әлі мұз астында. Сондықтан бұл нысандардың жағдайы сағат сайын бақылауды талап етеді.
Тарбағатайдың 6 елді мекенінде су тасқыны қаупі толығымен жойылды. Жаңауыл, Сарыөлең, Қарасу, Жетіарал, Маңырақта еріген су тасқыны қаупі төмендеді. Терісайрық өзені жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді. 182 су өткізу құрылымы, 9 көпір және 33 км су каналдары толығымен қар мен мұздан тазартылды.
Күршім ауданының 4 ауылында су тасқыны қауіпі толық жойылды. Күршім-Топтерек автожолындағы көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілді. 441 су құрылымы топан суды өткізуге дайын, 19 көпір, сондай-ақ айналма арықтар мен каналдар тазартылды. Өзендердегі мұзды қопару үшін профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілетін 2 учаске анықталды.
Фото және ақпарат: ШҚО ішкі саясат басқармасы




