Шығыс Қазақстан облысында қардың қарқынды еруі басталды

Облыс аудандарында су тасқыны қаупі бар аймақтар тексеріліп жатыр. Су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасып, тәулік бойы кезекшілік қызметі ұйымдастырылған. Жағдай жедел штаб пен өңір басшысының бақылауында тұр. Ұлан ауданында әкімдік су тасқыны қаупі картасына енгізілген аумақтарды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Герасимовка ауылының маңында егістік алқаптарынан еріген су қарқынды ағып жатыр. Су тасқынының алдын алу үшін су бұру арнасы тереңдетіліп, инертті материалдармен бекіту жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйлерге су кірген жоқ. Үш ауладан еріген сулар сорылып шығарылды. Қазір барлық қажетті су тасқынына қарсы шаралар атқарылып жатыр. Ауылға облыс әкімі барды. Нұрымбет Сақтағанов жергілікті жерде болып, айналма канал жағалауын бекіту, арықтарды тереңдету және тазалау бойынша тапсырмалар берді.
Тарбағатай ауданында су тасқыны қаупі бар аймақтар, соның ішінде Маңырақ тауының күнгей беті, Қара Тоғам, Есенгелді және Барғана өңірлері тексерілді.
Алтай ауданында өзендердің мұз қатпарлары бұзылуда. Ауа райы мен су деңгейі сағат сайын бақыланып, жағдай қатаң бақылауда. Үлкен Нарын ауылындағы Алтайэнерго көшесінде шаруашылық құрылысының жанында еріген судың жиналуы байқалды. Алайда тұрғын үйге қауіп жоқ, өйткені жақын маңда дамба орналасқан, ал су айналма каналға ағызылуда. Қазіргі уақытта канал тазартылып, су біртіндеп кетуде. Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар жағдайды қадағалап отыр. Қорғау құрылыстарын дайындау және нығайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Инертті материалдар мен арнайы техника дайын.
Фото және ақпарат: ШҚО ішкі саясат басқармасы




