Тарихи сәт: Қара Ертіске бекіре оралды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев пен «Оst Fish» ЖШС басшылығының арасындағы кездесуде Зайсан-Ертіс бассейніне бекіре балығын жіберу жөнінде ұсыныс айтылған болатын.
Осыйлайша, әлдеқашан жойылып кеткен Сібір бекіресі Қара Ертіске қайта оралды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Аталмыш шараның жергілікті халық үшін де, Зайсан көлі мен Қара Ертіс өзенінің экожүйесі үшін де маңызы сөзсіз зор. Бұл жұмысты бекіре балығының уылдырығын және етін өндірумен айналысатын іргелі кәсіпорындардың бірі «Ost Fish» ЖШС қолға алып отыр.
Кәсіпорынның бас директоры Ерлан Сағидолдин экология министріне бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің ерекшеліктері, оларды қорғау, жергілікті экожүйені сақтау және басқа да мәселелер жөнінде баян етті.
Бүгін Марқакөл мен Зайсан аудандарын бөліп жатқан Қара Ертіс өзеніне Сібір бекіресінің бір жасар 500 дарағы жіберілген екен. Әр балықтың салмағы - 1,5 келіге дейін. Яғни, өзендегі жыртқыш балықтардан оларға келер қауіп жоқ.
Тарихи сәтке елмен бірге куә болған Экология министрі Ерлан Нысанбаев бұл өте құптарлық бастама екенін айтты. Себебі, Сібір бекіресі Зайсан мен Ертісті ежелден мекендеген. Алайда өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы су электр стансаларының салынуы балықтардың жоғары өрістеуіне тосқауыл болған. Енді міне, бұл проблема да шешімін тапқандай.
Сондай-ақ ведомсто басшысы балық өсіремін дегендерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар екенін алға тартты.