«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жаңа мүмкіндіктерге есік ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, жұмысшылардың беделін арттыру мен еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауды басты бағытқа қойды.
Өскеменде ұйымдастырылған «Мамандығым – Мақтанышым» Workshop алаңы осы бастаманың жарқын үлгісі болды.
Біріккен күш – бірегей шара
Workshop алаңында мектеп оқушылары, студенттер, колледждер мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ облыс кәсіпорындарының басшылары бір арнада жиналып, ірі компаниялар мен білім беру бағдарламаларымен сындарлы диалогқа кірісті. Бұл іс-шара білім беру мен өндірістік тәжірибенің тоғысуын, тәжірибелі мамандар мен жас ұрпақтың байланысын нығайтты.
Өңірдің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде қазіргі таңда 101 мамандық бойынша кадр дайындайтын 38 колледж қызмет етеді. Ең қызығы, дәл Шығыс Қазақстанда дуальды білім беру бағдарламасы пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Осы бағдарламаға облыстағы 27 колледж және 400-ден астам кәсіпорын белсенді түрде қатысып, оқушыларға алған теориялық білімін практикада тікелей қолдану мүмкіндігін ұсынып отыр. Сонымен қатар, оқушылар оқу процесі барысында 100-250 мың теңгеге дейін жалақы алу мүмкіндігіне ие болады.
Болашақ мамандықтар мен жаңа бағыттар
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Шығыс Қазақстанда жұмысшы мамандықтар тізімі кадр қажеттілігіне сәйкес үнемі кеңейіп отырады. Жақын арада колледждерде келесі мамандықтар бойынша оқыту басталады:
• Құрылыстағы сметалық есеп
• Логистика
• Қашықтан басқарылатын ұшақ жүйесі
• Жаңартылатын энергия көздері
• Әуе тасымалын ұйымдастыру
Workshop алаңында өткізілген семинар барысында мектеп оқушылары мен болашақ мамандар оқу шарттары, білім беру мүмкіндіктері мен жұмысқа орналасу жағдайымен жан-жақты танысты.
Аудандық қолдау мен жаңа бастамалар
Шығыс Қазақстан аудандарында кадрларды даярлау және қайта даярлау курстары ашылып, жұмыссыздарға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде мемлекеттік қолдау шеңберінде жаңа кәсіпорындар құрылып, ауылдық жерлерде де жұмыс орындарын қамтамасыз ету мақсатында Мобильді оқу орталығы «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Дәнекерлеу ісі», «Электр жабдықтары», «Есеп және аудит» секілді мамандықтар бойынша білім алуды жалғастыруда.
Сонымен қатар, өңірде жұмыс істеп жатқан мамандарды қолдау шаралары да жүзеге асырылуда. 2024 жылдан бастап алғаш рет «Отбасы банкімен» бірлесіп іске қосылған «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы мамандардың өз кәсібилігін арттыруға және жылу энергетикасы саласына білікті мамандарды тартуға бағытталған.
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармас




