ШҚО-да қарияларды спорттық орталықтан қуып шыққан ба?
Өскемен қаласында қарияларды бос уақыттарын тиімді өткізіп жүрген спорттық орталықтан Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы шығарып тастаған, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Ақсақалдарға Орталық бассейн ішіндегі бос тұрған бөлмелердің бірі облыстың бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің тұсында берілген екен. Онда қариялар стол теннисімен, жүзумен, тренажерлық жаттығулармен, бильярд, шахмат, дойбы ойнаумен айналысқан. Бөлмеге ішкі жөндеу жұмыстарын өздері жүргізіп, қажетті спорттық құрал-жабдықтарын да әкеліп алған. Енді қайда барарларын білмей жүрген көрінеді.
Айта кетсек, осы жылдың басынан бастап облыс әкімі Ермек Көшербаев қарияларды секциялар және үйірмелермен қамту қажеттігін алға тартып, қалалар мен аудандарда белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын құру туралы тапсырма берген болатын. Ал сонда спорт басқармасының бұл шешімі әкімнің тапсырмасына мүлде қайшы әрекет емес пе?
Айтпақшы, қарияларды бұған дейін 2019 жылы Стаханов көшесіндегі ФОК ғимаратынан, «бұл бөлме өзімізге керек деп», ондағы басшылық тағы қуып шығыпты. Спорттық керек-жарақтарын рұқсатсыз дәлізге шығарып тастаған бассейн басшылығына да өкпелі. Өздерінің бос уақыттарын тиімді өткізіп жүрген орында қалдыруларын сұрап ШҚО әкімі Ермек Көшербаевқа хат жазыпты. Сондай-ақ бассейн басшылығын сотқа беруге ниетті екендерін жеткізді.
Қариялардың мәселесімен танысуға келген ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары қазақша пікір білдіре алмаймын деп, мекеме басшысына сілтеді.
Қариялар тағы бір мәрте облыс әкіміне кіріп, көмек сұрап көретіндерін айтады.