Ақсуатта дүбірлі тойда бәйгеге жеті автокөлік тігілді
Абай облысының Ақсуат ауданында өтіп жатқан «Алтын бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалінің бүгін соңғы күні. Үш күнге созылған дүбірлі думанның аясында балуандар белдесіп, желмен жарысқан сәйгүліктер аламанның көрігін қыздырды.
Күмбірлеген күй мен әуелеген ән, ақындардың аузынан төгілген түйдек-түйдек жыр шумақтары фестивальдің бәсін биіктетіп, мазмұнын байыта түсті, деп хабарлайды F16.kz сайты.
«Асыл бесік - Ақсуат» атты спорт және өнер фестивалі басталмай тұрып алдымен Ырғызбай әулие рухына құран бағышталып, көпшілікке ас берілді. Ары қарай Ақсуат ауылының орталық стадионда «Асыл арлан» турнирі басталды. Қазақ күресінен «Өгіз балуан» және «Түйе балуан» атақтарын сарапқа салған бәсекеге еліміздің әр өңірінен жиыны 32 спортшы қатысты.
Фестивальге құрметті қонақ ретінде Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, композитор, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Түріксой Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман, Qazaq Kuresi ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов және басқалары қатысып, өнер мен спорт майталмандарының талантына қол соқты.
«Асыл арлан» турниріне 32 балуан қатысты дедік. Олар салмақ дәрежесіне қарай екі санатқа бөлініп өнер көрсетті. «Өгіз балуан» атағы үшін жарыста Абай облысының намысын қорғаған Дидар Тұқышев бірінші орынды жеңіп алып, чемпиондық белдік пен 5 млн теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Ауыр салмақтағы алыптар бәсекесінде жауырыны жер иіскемеген тағы бір абайлық саңлақ Ерасыл Қажыбаевқа тең келер ешкім табылмады. «Түйе балуан» атанған Ерасылға демеушілер су жаңа автокөлік мінгізді. Одан басқа жүлдегер атанған балуандардың бәрі қомақты ақшалай сыйлықтар берілді.
Тойдың көркі – бәйге. Ақсуаттағы «Екпін» атшабарында қалың жұрт 15 және 25 км қашықтыққа шапқан тұлпарлардың жарысын тамашалады. Ең қызығы 135 км қашықтықтағы қазанаттардың аламаны болды. Ел-жұрттың тағатсыздана күткені де осы еді. Ұзақ қашықтықтағы аламанға барлығы 80 қылқұйрық қатысты. Нәтижесінде Маңығыстау облысынан әкелген «Көкжебе» дейтін тұлпар мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Аттың иесі – Ербол Ермағанбетов. Екінші болып Алматы облысының «Кеңсай» атты сәйгүлігі келді, ат иесі – Ержан Майемеров. Ал үшінші жүлде жетісулық Шамиль Қадыровтың «Қаһарман» атты жүйрігіне бұйырды.
Аламан бәйгеде топ жарған маңғыстаулық «Көкжебенің» иесі Ерболға су жаңа автокөліктің кілті табысталды. Айта кету керек, былтыр Ақсуатты өткен аламанда да Маңғыстаудың «Көкмойнағы» екінші келген болатын. Ол кезде аттың иесіне бәйгеге тігіледі делінген көліктің орнына ақшалай сыйлық берілген еді. Бұл жағдай үлкен дауға ұласып, атсүйер қауым біраз дүрліккен.
Айта кетейік, «Асыл бесік - Ақсуат» спорт және өнер фестивалі аясында ат бәйгесі, қазақ күресінен «Асыл арлан» турнирі, ақындар айтысы өтіп, «Асыл тас» театрының «Тарихқа тағзым» қойылымы көрсетілді.
Фото: Ақсуат ауданының әкімдігі