Өскеменде аспалы трамвайлар пайда болады
Болашақта Өскемен қаласында аспалы трамвайлар жүретін болады.
Осы ретте Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен швейцариялық Bartholet компаниясы арасында меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Аспалы арқан жолдардың құрылысы 2026 жылы басталады деп жоспарланып отыр. Ол екі кезеңмен өтеді: бірінші кезеңде арқан жолдар қала ішінде пайда болса, екінші кезеңде – туристік мақсатта Қазақстан тауы бағытында орнатылмақ. Ал қала ішіндегі аспалы трамвай ADK River сауда орталығынан облыстық драма театр аумағына дейін қатынайды. Жоба авторлары осы бағыттарды қолайлы орын ретінде таңдап алған.
Аспалы трамвайларды орнатудағы мақсат – екі жағалау арасындағы қозғалысты жеңілдету және кептелісті азайту. Өйткені жаңа көлік түрі бір күнде 15 мыңға жуық адамды тасымалдай алатын көрінеді.
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Әбіл Донбаевтың айтуынша, Bartholet компаниясымен жарты жылдан астам уақыт жұмыс істеп жатыр екен. Нәтижесі – осы меморандум.
Айта кетсек, Bartholet компаниясы арқан жолдарды орнатқаннан кейін трамвайларды өздері қадағалайды. Алайда құрылыс жұмыстарының қанша уақытқа созөылатыны белгісіз. Әбіл Донбаев аталмыш компанияның басқа жақтарда өз жобаларын сегіз ай ішінде жүзеге асырғанын айтып отыр.