Өскеменде ерекше балаларға арналған орталық ашылды

Өскеменде «Демеу» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ресурстық орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгін өткен салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жиналған қауымды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Аймақ басшысы бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды кешенді қолдау бағытында мемлекет тарапынан қолға алынған маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, аймақ басшысы жаңа орталыққа бір миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл күні өзге ұйымдар мен мекемелер атынан берілген сыйлық та аз болған жоқ.
Белгілі болғандай, Шығыс Қазақстанда 3 615 мүмкіндігі шектеулі бала бар және оның 2 156-і Өскемен қаласында тұрады екен. Қазіргі уақытта 685 мүмкіндігі шектеулі бала арнайы әлеуметтік қызметпен қамтылған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 134 балаға оңалту, білім беру, түзету қызметтері көрсетілуде.
Мемлекет мұндай отбасыларға әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу, оңалтуға арналған техникалық көмекші құралдар мен үйде оқыту шығындарын өтеу, психологиялық және педагогикалық қолдау секілді бірқатар әлеуметтік көмек ұсынады.
Жаңа ресурстық орталықтың жұмысы қызмет сапасын арттырып, ата-аналар мен балаларға тиімді әрі қолжетімді көмек көрсетуге бағытталған. Бұл туралы орталықтың басшысы Мадина Әуренова айтты.
Оның айтуынша, бүгінде бұл орталыққа мүмкіндігі шектеулі 60-тан астам балақай келеді екен. Оларға 20-дан аса маман қызмет көрсетеді. Орталықта реабилитологтың кеңесі, емдік және бейімдік дене шынықтыру, дамытушы сабақтар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды мектепке дайындау, қолөнер мен сурет салу үйірмелері бар. Сонымен қатар, сенсорлық интеграция залы, релаксация бөлмесі, демалыс және ойын бөлмелері ашылған. Ерекше балалардың ата-аналары психологтың көмегіне жүгіне алады.
Жалпы, облыс орталығында мұндай жұмыс осыған дейін де жүргізіліп келген. Сондықтан жергілікті мамандардың біліктілігі мен тәжірибесіне қатысты сұрақ туындамауға тиіс, дейді орталықтың басшылығы.
Мамандардың бұл сөзіне ата-аналар да қосылып отыр. Сондай жандардың бірі – Дана Рахымбаева есімді ана мұндай орталықтар аса қажет екенін, сондықтан жаңа орталықтың ашылуына шын жүректен қуанышты екенін жеткізді.
Айта кетейік, бұл күні жиналған қауым назарына ұсынылған мерекелік концерттік бағдарлама да көптің көңілінен шықты.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі




