admin
Жарияланды: 16:00, 29 январь 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Киелі Алтай / Шекаралық аудан / Катонқарағай / Марқакөл / Журналист жол үстінде

Шығыстың шекаралық аудандарында қандай мәселелер туризмге тұсау болып отыр?

Интернет пен ұялы байланыстың жоқтығы, көлік қатынасының нашарлығы, сапасыз жол, инженерлік инфрақұрылымның жүргізілмеуі және басқа да проблемалар шығыстағы шекаралық аудандарда туризмді дамытуға қолбайлау болып тұр. Ал осы саладан табыс тапқысы келген қарапайым ауыл адамдарына мемлекеттің көмек-қолдауы жетпейді. 


 

Сарсаңға салған «Ауыл аманаты» 

Жиырма жылдан астам уақыттан бері туризмнен несібесін терген Катонқарағай ауданы, Берел ауылының тұрғыны Бақытгүл Алқанова кәсібін кеңейтіп, қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсетуді армандайды. Сол үшін «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алуға өтінім берген. Несие қаражатына ол туристерді жыл он екі ай қабылдайтын, ішінде суы, жуынатын бөлмесі, дәретханасы, асханасы бар шағын қонақ үйлер салуды жоспарлапты. Алайда кәсіпкер қажетті құжаттарды түгел жинап, уақыты мен ақшасын сарп етсе де, қолдау қаржыға қол жеткізе алмаған.

 

– Былтыр «Ауыл аманаты» арқылы 2,5 пайызбен 30 млн теңге несие алмақ болып екі ай жүгірдім. Сұратқан барлық қағаздарды тапсырдым. Халыққа қызмет көрсету орталығынан жердің құжатын алу үшін аудан орталығына 19 рет бардым. Бір құжатқа қол қойдыру үшін 400 шақырым жол жүріп, Өскеменге неше рет бардым. Таксимен қалаға бір барып келгенің — 20 мың теңге. Сөйткен еңбек зая кетті, ақыры бермеді. Себебін сұрасам, несие салынып жатқан нысанға беріледі деді. Менен қонақүйдің құрылысын видеоға түсіріп әкелуді талап етті. Қайдағы құрылыс? Егер үй салатын ақшам болса, «Ауыл аманатында» нем бар? Сонда бұл ақша қарапайым кәсіпкерді қолдауға берілмесе, кімге беріледі? – деп кейіді Бақытгүл Алқанова.   

«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы елімізде 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаның мақсаты – халықты агробизнеске тарту және ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қолдау. Бірақ жергілікті жұрт бұл бағдарламаның ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қолдауға септігі тимей тұрғанына қынжылады.


Катонқарағай ауылының тұрғыны, «Алтай-Арай» компаниясының иесі Зарина Мастикбаева экотуризмді дамытып, шекарадағы қаңырап қалған ауылдарды адамға толтырғысы келеді. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін ол өзінің бірегей жобасын жасаған. 2019 жылы кәсіпкерлік бастамаларды қолдайтын «Coca-Сola белестері» байқауында жеңімпаз атанып, қаржылай қолдауға ие болған. Жеңіп алған грант ақшасына аудан орталығынан қонақ күтетін үй ашқан. Кәсіпкер бастапқыда қонақ үйде туристерді жыл он екі ай бойы қабылдамақ болған. Бірақ орталықтандырылған ауызсу желісінің тартылмауы жобаны толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген.


– Біздің қонақ үйге су құбыры әлі тартылған жоқ. 2017 жылдан бері уәде беріп келеді. Биыл қосамыз деді, күтейік. Ауылдың ішін қазып тастаған. Біртіндеп істеп жатыр. Тезірек бітіріп, ауызсуға қосылсақ екен. Су болмаған соң қыста қонақ күту қиын, сондықтан үйді жауып қоямыз. Адамдарды жазда ғана қабылдаймыз, – деді Зарина Мастикбаева.

Катонқарағай ауданында жойылып кеткен немесе жойылудың аз-ақ алдында тұрған елді мекендер бар. Солардың бірі – Мойылды. Бұл ауылда қазір 5-6 түтін ғана қалған. Зарина Мойылдыны туристер қабылдайтын экологиялық ауылға айналдырғысы келеді. Идеясын іске асыру үшін аудан әкімдігінен жер сұрап талай рет барған. 

– Бірнеше жыл бұрын аудан әкімдігіне барып, Мойылды ауылын қайта жандандыру бойынша жобамызды ұсындық. Оған қажетті жер учаскесін сұрадық. Мойылдыда қонақ үйлер салып, шағын экологиялық ауыл тұрғызсақ деп ойлаған едік. Бірақ жобамыз қолдау таппады, бос жатқан бірде-бір жер учаскесі болмады, – деді кәсіпкер. 

Халық саны жылдан-жылға азайып бара жатқан шекаралық ауданды адамға толтыртыруды армандайтын Зарина достары мен таныстарын шақырып, Катонқарағайдың тұрғыны болуды насихаттап жүр. Оның шақыруын қабыл алған 7-8 отбасы бүгінде Катонқарағайға көшіп барып, тұрып жатыр. Келешекте олардың қатары арта түспек. Бір қиыны – ауданда қоныс аударған жұртқа беретін жер телімі жоқ. 

– Достарымыз көшіп келгенде үй іздеп ауылдарды араладық. Көп үйдің бағасы сапасына сай емес және жер телімі жоқ. Ауылдағы адамға ең керегі – жер. Кәсіп ашса да, шаруашылығын жүргізсе де қажет. Жергілікті билік осы жағын реттесе, – деді Зарина Мастикбаева.

Аудан әкімі Данияр Дүйсембаев туризмді дамытқысы келетін адамдарға мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатқанын мәлім етті.

– Бүгінгі таңда ауданда туризмді дамытуға басымдық берілген. Былтыр «Ауыл аманаты» аясында 9 жоба қолдауға ие болып, жұмыстарын атқарып жатыр. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Аудан кәсіпкерлері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына құжаттарын тапсырып, тиісті қаражатқа қол жеткізген соң жобаларын жүзеге асырады, – деді Дүйсембаев.


«Интернетсіз дүние бос»

«Алтын адам» табылған қорымдарымен әйгілі Берелге әлемнің әр қиырынан саяхатшылар жиі келеді. Берел ауылының тұрғыны Бақытгүл Алқанованың шағын қонақ үйінде АҚШ, Англия, Франция, Украина, Қытай, Тайланд, Филиппин, Ресей сияқты көптеген елдің азаматтары болған. Ал еліміздің түкпір-түкпірінен ат басын тірейтін адамдардың саны тіпті көп. Бірақ осы ағылып жатқан туристерге лайықты қызмет көрсетуге интернеттің жоғы кедергі келтіріп тұр. 

 

– “Ауыл туризмін дамытамыз” дейміз, бірақ интернет нашар. Тіпті жоқ десе де болады. Қарапайым каспи голд ашпайды. Сол кезде қатты қиналамыз. Өйткені адамдардың көбі қағаз ақша ұстамайды. Амал жоқ, Өрелге (көрші ауыл – авт.) барып аударады. Қазір Берелдің өзінде 30-дан астам үй турист қабылдайды. Бәріміз интернетке зәруміз, – деді Бақытгүл Алқанова.

Катонқарағай өңіріндегі туристер жиі ат шалдыратын елді мекеннің бірі – Топқайың. Мұнда саяхатшылар дәмі тіл үйірген бал қымыз бен құнарлы құрт-май сатып алу үшін аялдайды. Өкініштісі, Топқайыңда да интернет жоқ. Бұл өнімін саудалап, табыс тапқысы келген тұрғындарға кедергі. 

Өскемен-Рахман қайнары бағытында тур ұйымдастырып, еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған жұртқа Төр Алтайдың ғажап табиғаты мен тарихи жерлерін аралатып жүрген кәсіпкер Дарын Нұрсапаров: «Шығыста туризмді дамытамыз десек, бірінші кезекте сервисті жөнге келтіру керек» дейді. 

– Ең қиыны сол – интернет. Катонқарағайдың кейбір ауылдарында интернет жоқ. Оның бірі – Топқайың, енді бірі негізгі туристік ауыл – Берел. Осы ауылдарға барсаңыз, дүкеннің айналасында халық бірінен-бірі қолма-қол ақша сұрап тұрады. Өйткені каспи голд істемейді, интернет жоқ. Сол жерде біреу құрт сатады, біреу май сатады. Адамдар туристердің пайдасын көрі керек қой. Сондай кезде қиналады жұрт. Қазір технология заманы ғой, сондықтан «интернетсіз дүние бос», – деді Дарын Нұрсапаров.

   

Туризм саласын экономиканың локомотивіне айналдыруды көздейтін жергілікті билік елді мекендерді интернетпен қамту мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтты. 

– Белқарағай ауылдық округінің жанындағы Топқайың ауылында 40 метрлік антенна-мачталық мұнара орнатылған. Оған 102 млн теңге бөлініп, толық игерілді. Портал арқылы конкурстар өтті. «Картел связь» ұтып алды. Компанияның ішкі рәсімдері бар, соны өткізген соң ары қарай құрылғыларын сатып әкеліп орнатады. Бұл мәселе жақын арада шешіледі.

Берел ауылы бойынша жер учаскесін қарастырып, техникалық шарттар берілді. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Содан кейін жұмысты бастаймыз, – деді  Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев.

Аудан әкімінің айтуынша, Берел мен Топқайыңға интернет тартуға ешқандай кедергі жоқ. Ал Рахман қайнарында жағдай сәл қиындау. Демалыс базасын биік таулар қоршап тұрған соң әдетте қолданылатын интернет мұнарасы бұл жаққа жарамайды. Ол үшін жеке бағдарлама жасау керек. Бағдарламаның қашан қолға алынатыны әзірге белгісіз.

 

«Берелден Рахман қайнарына дейінгі 30 шақырымдық тастақ жол біздің елдегі туризмнің шынайы бет-бейнесін көрсетіп тұрғандай» деп әзілдейді Катонқарағай тұрғындары. Расында солай. Темір тұлпар тақымдаған адам сүт пісірім уақытта жетіп баратын-ақ жер болғанымен, Рахманның ыстық қайнарына түсіп, айнадай көлін тамашалағысы келгендер бұл аралықты 1-2 сағатта жүріп өтеді. Онда да асты биік, жол талғамайтын көлікке мінбесе, тәйпақ мәшін жолда жатқан қой тастарға асылып, тұрып қалады. Жол жаман болған соң, такси де қымбат.

– Жазда «Нивамен» (жеңіл көлік – авт.) Рахманға адам тасимын. Жол жаман. Берелден шыға беріске аздап асфальт төселген, ары қарай қожыр-қожыр қара тас. Көліктері жарамайтын туристер бізді жалдайды, апарамыз. Кейбірі бағаны қымбатсынады. Оларға жолдың қиындығын айтамыз. Мәселен бір жазда көлігімнің «ходовкасын» (жүріс бөлігі – авт) 3-4 рет жөндеймін. Сайман қымбат. Біз де бағаны аспаннан алмаймыз. Бәрін есептеп отырмыз, – деді аты-жөнін атағысы келмеген Берел ауылының тұрғыны. 

 

Жүйесіз жұмыс жүдетіп тұр

Туристік әлеуеті жоғары Марқакөл ауданында да дәл осы көрініс. Шаңы шыққан тастақ жол, интернетсіз ауылдар, көлік қатынасы мен инженерлік инфрақұрылымның нашарлығы табиғаты таңғажайып өлкенің туристік тартымдылығын төмендетіп тұр. Аудан орталығынан Марқакөл көліне жету үшін туристер тау-тасты кезіп, өмірі асфальт көрмеген тастақ жолмен селкілдеп барады. Қыста бұл бағытта қатынау тіпті қиын. Өйткені биіктігі 2 метрден асатын қалың қар, ақ түтек боран мен -40 градус аяз жолаушылардың өміріне қауіпті...        

Марқакөлдің тумасы, журналист, жазушы Сайлау Төлеуов ауданда жүйелі жұмыс жүргізілмесе, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе, туризмді тұғырға қондыру мүмкін емес екенін айтты. 

– Қазір Марқакөлде жергілікті жұрт туризмді өз бетінше дамытып жатыр. Ауыл адамдары көлге келген саяхатшыларға, балық аулауға келген туристерге жатар орын, үй ұсынады. Қыста демалушыларды мұз үстінде атшанамен тасымалдап, балыққа апарып, жазда қайыққа мінгізіп, қызмет көрсетеді. Бұның бәрі — жүйесіз, мемлекет тарапынан реттелмей, қолдау таппай, әркімнің өз бетінше істеп жатқан тірлігі. Сондықтан жергілікті билік бұл мәселеге ерекше назар аударып, арнайы бағдарлама қабылдауы қажет. Егер сондай бағдарлама іске асырылса, бизнеске жол ашылып, жаңадан жұмыс орындары құрылып, шағын кәсіпорындар жұмыс істей бастар еді, – деді Сайлау Төлеуов. 

Ауданда туризмнің дамуына тұсау болып тұрған тағы бір мәселе – Марқакөл қорығы. Заң бойынша қорық аумағында туристік нысандар салуға, дамытуға рұқсат етілмейді. Сондықтан Марқакөл көлінің жағасында ешқандай демалыс базасы салынбаған. Жергілікті халық бұл мәселені жиі көтереді және қорық статусын ұлттық паркке ауыстыруды сұрайды. Тұрғындардың өтінішін Парламент Мәжілісінің депутаты Лұқбек Тұмашинов Үкімет назарына жеткізген. Бұл туралы республикалық сайттар жазды. Содан бері бір жыл өтті, ешқандай нәтиже жоқ.

– Аудан территориясында Марқакөл қорығы орналасқан соң бұл аумақта демалыс үйін салуға болмайды. Заң рұқсат етпейді. “Катонқарағай сияқты ұлттық парк статусына ауыстырып берсін” деп неше жылдан бері сұрап келеміз. Біздің үнімізге құлақ асқан, мойын бұрған адам жоқ. Оны айтамыз, ауылдарда интернет пен ұялы байланыс өте нашар. Түкпірдегі табиғаты әсем Ұранхай, Төсқайың, Бұғымүйіз, Шанағаты, Балықтыбұлақ сияқты ауылдарда интернет жоқ. Инфрақұрылымы, интернеті жоқ, көлік қатынасы қиын мұндай ауылдарға туристерді қалай тартамыз? – деп кейіді Марқакөлдің байырғы тұрғыны Абзалбек Мұхаметжанов. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев болашақта шекаралық аудандарда туризмге серпін берер жобалар іске асырылатынын мәлім етті.

– Марқакөл көлінде бірегей халықаралық туристік жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Шыңжан ұйғыр автономиялық ауданының (ҚХР – авт.) Қанас көлі мен Марқакөл көлін бір туристік бағытпен байланыстыру көзделіп отыр. 

Қазір Қанасқа жыл сайын 10 миллионнан астам саяхатшы келеді. Оның бәрі — ішкі туристер. Қанас көлінің жер бедері мен табиғаты Марқакөл көліне ұқсас келеді. Бірақ біздегі көл одан бірнеше есе үлкен. Сондықтан туристік әлеуеті де жоғары. Өкінішке қарай, Марқакөлде әлі қажетті инфрақұрылым жоқ. Дегенмен табысты жұмыс істеп тұрған туристік жобамен байланыс орнату келушілер санын арттыруға үлес қосады, – деді Ермек Көшербаев былтыр желтоқсанда өткен брифингте.

Шығыстың шекаралық аудандарының мәселелері терең талдауды қажет етеді. Туризм саласы өңірдің табиғи байлығын кәдеге жаратып, экономикасын дамыту үшін ең тиімді жолдардың бірі болғанымен, жүйесіздік пен инфрақұрылымның жоқтығы бұл мүмкіндікті тұсаулап тұр. Әкімдердің баяндамалары мен үмітке толы жоспарларының өміршеңдігі тек нақты әрекеттер арқылы көрінбек.

Катонқарағай, Марқакөл сияқты аймақтардың туристік әлеуеті өте жоғары. Табиғаттың кереметін тамашалауға келетін саяхатшыларға сапалы жол, тұрақты байланыс, лайықты қызмет ұсыну арқылы бұл өңірлердегі туризмді халықаралық деңгейге көтеруге мүмкіндік бар. Ол үшін шекаралық аудандарға арнайы бағдарламалар мен жергілікті халықтың бастамаларын қолдауға бағытталған шараларға басымдық берілуі қажет. Сонда ғана шығыс өңірі әлем назарын аударар ерекше туристік орталыққа айналар еді. 

Фото: F16.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)