Абзал Арықбаев, «Арқайым» тобы: «Туған жерім қашан да ыстық маған»
Түркі мұрасын тұмар қылған отандық «Арқайым» тобы Үлкен Нарын ауданының бір жылдығына арналған ұлан-асыр тойда өнер көрсетіп, жұрттың ерекше қошеметіне ие болды. Айта кетсек, «Арқайым» - шығармашылықтарын көне этностильмен байланыстырған еліміздегі алғашқы нео-этно-фольклорлық топ. Солист Абзал Арықбаев – Үлкен Нарын ауданының тумасы. Топтың екінші мүшесі Анар Қасымова – Абзалдың тек өнердегі ғана емес, өмірдегі де серігі. Қос өнерпаз көңіл жарастырып, шаңырақ көтеріп, қазір өнердің белестерін бірге бағындырып жүр.
Абзал Арықбаев түрлі аспаптарда ойнайды, көмеймен айту және шаңқобызда ойнаудан сабақ береді. Ал Анар Қасымова - Қазақстандағы көмеймен айтатын алғашқы және әзірше жалғыз әйел.
«Арқайым» тобының өнерпаздары қазір әлемнің түкпір-түкпірінде концерт беріп, түрлі фестивальдарға қатысып жүр. АҚШ, Еуропа, Азия елдеріндегі ең атақты концерт залдарында өнер көрсетті. Шығармашылық ұжым мұнымен тоқтап қалмақ емес. Мақсаттары айқын, армандары асқақ.
Бала күнінен өнерге жаны құмар Абзал Арықбаевпен сұхбаттасудың реті келді.
- Этно топты не себепті «Арқайым» деп атадыңыздар? Бұл атаудың Ресейдің Челябі қаласына жақын маңдағы ежелгі шаһар – Арқайымға қатысы бар ма?
- «Арқайым» деп тобымыздың атын қоюымыздын бір себебі, әрине, көне, орта қола кезеңдегі Арқайым қаласымен байланысты. Сол қаланың көрінісін біздің логотиптен де көруге болады. Қала формасында дөнгеленіп келеді. Екінші себеп Анар екеуміздің есімдерімізбен байланысты. Нақтырақ айтсақ, АР – Арықбаев, менің тегім, ҚА – Қасымова, Анардың фамилиясы. Сонымен қатар бұл сөзде Арқа және Ар деген ұғымдар, яғни қазақтың кең даласының ар-намысы деген мағына да жатыр.
- Сіздердің топ стиль, бағыт, репертуар жағынан еліміздегі өзге музыкалық ұжымдарға мүлдем ұқсамайды. Бұлай ерекшеленудегі мақсат не? Көмескілене бастаған көне өнерді заманауи стильде жаңғырту ма?
- Арқайым тобының бағыты нео-этно-фольк деп аталады. Яғни, бұл - ата-бабамыздың көне музыкалық мәдениетін жаңа түрде көрсету. Біздің концерттеріміздің бір ерекшелігі - олар лекция түрінде өтеді. Біз әр аспап жайында деректерді айта отырып, жалпы қазақтың дәстүрі мен тарихына көз жүгіртеміз. Әр аспапта дәстүрлі стильде орындап, кейін заманауи тұрғыда орындаймыз. Ол, әрине, қазақтың аспаптарының мүмкіндіктерін көрсете отырып, жастардың арасында дұрыс ойды қалыптастыру үшін жасалады. Біздің концерттерімізден кейін жас буын «домбырада, қобызда заманауи музыканы орындауға болады екен ғой» деп, таңқалып жатады, сол аспаптарды үйренгісі келеді. Осы үрдіс - алға қойған мақсаттарымыздың бірі.
- Жалпы топ қалай құрылды? Қандай жағдай себепші болды? Сізбен бірге өнер көрсетіп жүрген Анар Қасымова жайлы да айтып берсеңіз. Қандай музыкалық аспаптарда ойнайсыздар?
- «Арқайым» тобы 2013 жылы құрылды. Ол кезде мен «Тұран» тобының мүшесі болатынмын, ал Анар «Арт Дала» деген топта өнер көрсеткен. Егер «Тұран» таза дәстүр бағытында жүрсе, «Арт Дала» тобы эстрада бағытын алған. Біз, негізі, осы екі топтың қосындысы десек те болады. Ол жеке өмірімізге де әсер етті. Анар Қасымова - менің жарым. Отбасын құрып, өнер жолында бірге жүрміз. Екеуіміз де - мультиаспапшымыз, яғни қазақтың барлық музыкалық аспаптарында ойнаймыз. Көне көмеймен ән айту дәстүрін насихаттаймыз. Ал Анар - Қазақстан бойынша көмеймен ән айтып жүрген тұңғыш әрі жалғыз әйел.
- Нағыз кәсіби музыканттардан құралған өнерпаз отбасы болғандықтан, оның өзінің де бір ерекшелігі бар ғой?
- Отбасы болып, бір салада ортақ проект жасап, концерттерімізбен бүкіл әлемді шарлап жүргеніміз - мен үшін бақыт. Мысалы, басқа отбасы сияқты ақша жинап, жылына бір рет шетелге шығып демалу деген ұғым бізде жоқ. Шетелдік сапарлар бізде жиі болып тұрады, бірге барамыз, ол жұмыс болса да, демалысқа айналады. Бір-біріңнен шаршамайсындар ма деп көбі сұрап жатады. Жоқ, керісінше. Өнерде біргеміз, үйде біргеміз, шетелге шықсақ та біргеміз. Еш қызғаныш жоқ, жүрегіміз орнымызда.
- Тыңдарман қауым сіздердің өнерді қалай қабылдайды? Фанклубтарыңыз бар ма?
- Өзіміздің тыңдарманымыз көп десек болады. Тек Қазақстан ғана емес, жалпы әлем бойынша. Бізді көбінесе шетелде жақсы біледі. Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Қытай елдерінде тобымыздың фанклубтары бар.
- Өнердегі және өмірдегі ұстазым деп кімдерді айта аласыз?
- Менің бір бақытым шығар, өнер саласында ұстаздарым көп болды. Қазірдің өзінде оқу, білу, зерттеу процестері менің бойымда жалғасып келеді, яғни адам өмір бойы оқу керек деп санаймын. Сондықтан бүкіл ұстаздарымды атап шығу мүмкін емес, ал біреуін айтып, біреуін атамай кетсем, ұят болар.
- Болашақта басқа да өнерпаздарды қосып, топты кеңейткілеріңіз келе ме? Мысалы, «Ұлытау» тобы секілді. Үш адам болып құрылып, кейіннен үлкен бір ұжымға айналды ғой.
- Топты кеңейту туралы ойымыз жоқ. Неге десеңіз, топтың идеясы сондай. Екі адам, ер-әйел, аспан-жер, сонымен қатар бүкіл аспаптарда өзіміз орындап жүрміз. Басқа топтардан ерекшелігіміз де осы.
- «Арқайымды» мерекелік концерттерден көп көре бермейміз, есесіне фестивальдар мен байқауларда топтың өнері жоғары бағаланып жатады. Мұның сыры неде?
- Біз фестивальдарда да, мерекелік концерттерде де өнер көрсетіп жүрміз. Егерде 10 жыл бұрын эстрада басым болса,қазір дәстүрлі,көне,фольклорлы музыка өз орнын тауып,жас музыканттар көзге жиі түсіп жүр. Яғни, бұл халқымыздың рухани өсуін көрсетеді.
- Көптеген қазақстандық шоу-бизнес өкілдері сияқты сіздер де той-томалаққа шығасыздар ма? Табыс көзі қайдан?
- Тойға, әрине, шығамыз. Жеке, үлкен концерттерге барлығы келе алмайды ғой, ал біз қазақтың аспаптарын, төл мәдениетін насихаттап жүргендіктен, той нағыз осы дүниені насихаттайтын жер деп санаймын. Әрқайсымыздың өз жұмысымыз бар. Анар – мұғалім, ал мен IT бағытында жұмыс істеймін.
- Еліміздегі ең алғашқы және әзірге жалғыз нео-этно-фольклорлық топтың жетекшісі әрі солисі Абзал Арықпаев Үлкен Нарын ауданының тумасы екенін біреу білсе, біреу білмейді. Оқырманға өзіңізді, өнеріңізді кеңірек таныстыра кетсеңіз…
- Өзімнің туған жерімді, тегімді, әрине, әрдайым мақтанышпен айтамын. Әкем - Серғазы Арықбаев, анам Роза Арықбаева. Осы киелі жерде - Үлкен Нарында дүниеге келгенмін. Жұлдыз ауылында балалық шағым ата-әжеммен өткен. Кейін Алматыға көшіп кетсек те, жазғы демалыста ауылға оралып тұратынмын. Туған жерім қашан да маған ыстық. Біздің шығармашылығымызда туған жерге деген махабаттымды, сағынышымды көруге болады.- Мұнда жиі келіп тұрасыз ба? Сіздің бала кездегі ауыл мен қазіргі ауылдың айырмашылығы бар ма?Ауылға келгенде не байқайсыз? Сізді не қуантады, көңілге қаяу түсіретін жайт не?
- Ауылда туысқандарым, достарымыз көп. Сондықтан жиі келуге тырысамыз. Осы жолы келген кезде қуанып қайттым. Көп өзгеріпті, Үлкен Нарын аудан болып, прогресс көзге бірден түседі. Болашақта ары қарай дамып, өрлеп, өркендеп жатса, әрине, жақсы. Қазақстанда ауыл мәселесі жылдар бойы талқыланып келеді. Түрлі бағдарламалар іске асып жатыр,оны осы өзіміздің Үлкен Нарында да көруге болады. Бірақ алда атқарылатын жұмыс көп.
- Қазір туған ауылды гүлдендіреміз деп көп адам ауылға оралып жатыр. Сіздер жассыздар, алдарыңызда бағындыратын белес көп. Бірақ болашақта туған жерге, Үлкен Нарын ауданына немесе Шығыс Қазақстаннның басқа да бір өңіріне келіп, өнер саласында қандай да бір қызметті басқару немесе өнер мектебін ашу секілді жоспарларыңыз бар ма? Жалпы осы мәселеге қалай қарайсыз?
- Ауылға оралатын ой әлі жоқ, мүмкін болашақта көре жатармыз. Қазір алға қойған үлкен мақсаттарымыз бар. Қазақтың музыка мәдениетін бүкіл әлемдік деңгейге шығару, жас буын арасында кәсіби мамандарды тәрбиелеу. Осы мақсаттарға жету үшін біз 72 мемлекетте концерттер қойып келеміз. Америка, Франция, Германия, Испания, Италия, Қытай, Корея және т.б елдердің ең атақты концерт залдарында жеке концерттерімізді бердік.
- Бұл сіздер бағындыратын шыңдардың ең кішісі ғана болсын. Шығармашылық шабыт пен толағай табыс, өнер жолында жаңа ізденістер мен жаңа жетістіктер тілейміз!
Әңгімелескен - Мадина ҚАЙНАРОВА
Фото: @arkaiym_group