F16.KZ
Жарияланды: 13:44, 10 апрель 2025
Жаналықтар / Басты

ЖОО студенттері арасында QUIZ ойыны өтті - ШҚО

Бүгін облыс орталығындағы ЖОО студенттері арасында  «Қаржылық қауіпсіздік бойынша QUIZ» интеллектуалды ойыны өтті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.

Өңірде Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастыратын Ұлттық олимпиада аясында қызықты шаралар легі жалғасуда. 

Оның басты мақсаты – жастардың қаржылық қауіпсіздік саласындағы құқықтық сауаттылығын қалыптастыру, экономикалық қылмыстарға қарсы күрес мәселелеріне қызығушылығын арттыру. 

- 7-11 сәуір аралығында облыс көлемінде қаржылық сауаттылық бойынша бірқатар шаралар жоспарланған. Кеше ашық дәріс өткізілді. Бүгінгі интеллектуалды ойын облыс әкімдігінің қолдауымен ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті С.Аманжолов атындағы ШҚУ-мен бірлесіп өткізіп отыр. ЖОО студенттері мен жастардан құралған 8 команда  қаржылық сауаттылық бойынша қызықты сұрақтарға жауап беріп, бақтарын сынайды. , - дейді ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Жүнісов.

Сондай-ақ өңір студенттері арасында қаржылық қауіпсіздік тақырыбында плакаттар байқауы ұйымдастырылып, үздік жұмыстар көрмеге қойылған. 

Тақырыпты аша білген мазмұнды сурет авторларына байқау соңында ақшалай сыйлықтар табысталды.

- Көрмеге қойылған суреттерден жастардың қаншалықты креативті ойлайтынын, сауатты екенін көруге болады. Өз шығармаларында қаржылық қауіпсіздік тақырыбын және оның маңызын аша білген. Қазір технология дамыған заманда қаржылық сауаттылығы төмен адамға қауіп те жоғары. Интернет алаяқтықтың, жеңіл ақшаның құрбаны болудан сақтану үшін, алдын алу үшін осындай шаралардың маңызы зор, - деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Айта кетейік, Ұлттық олимпиада жастардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыруға, қаржылық қауіпсіздіктің заманауи трендтерін көрсетуге, қаржы саласындағы тәуекелдер мен қатерлерге қарсы тұруды үйретуге арналған. Байқау жеңімпаздары Ресей Федерациясының Красноярск қаласында өтетін Олимпиадаға жолдама алады.


Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)
Тағыда оқи отырыңыз: