Әкімдердің жұмысы KPI-мен бағаланады – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында қала және аудан әкімдерінің жұмысы енді KPI көрсеткіші бойынша бағаланады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтты, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Бүгін өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде жергілікті билік өкілдерінің қызметін бағалау рейтингі бойынша меморандумға қол қойылды. Енді KPI көрсеткіштерінің орындалуы басты назарға алынады.
Айта кету керек, аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен іс-шараларды сапалы жүзеге асыру және әрбір әкімнің пайыздық мәндегі негізгі тиімділік көрсеткіштерін KPI (Key Performance Indicators) анықтау мақсатында облыстық жұмыс тобы өңірді аралап шықты.
KPI көрсеткішіне қалалар мен аудандардf биыл жүзеге асатын ірі жобалар енгізілді. Аталған жобалар экономиканың өсуіне, жұмыс орындарының құрылуына және салық түсімдерінің артуына ықпал етпек.
Меморандумға облыс әкімі мен Өскемен, Риддер, Алтай қалаларының және барлық аудан әкімдері қол қойды.




