Елеусіз қалған қаһармандардың есімі 500 көшеге беріледі

Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай елімізде 500-ден астам көшеге бұған дейін есімі елеусіз қалған майдангерлердің есімі беріледі, деп хабарлайды F16.kz.
Мұндай жағымды жаңалықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясында айтты.
Мемлекет басшысы Ұлы Жеңіс туралы айтқанда ең әуелі ержүрек батырларды еске алып, олардың жанқиярлық еңбегі мен көзсіз ерлігін, парызға адал, антқа берік болғанын жас ұрпаққа үлгі ету керектігін айтты.
Айта кетейік, Ұлы Жеңістің мерейлі датасын атап өтуге арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шеруге жалғасады. Әскери шерудің мән-маңызы зор. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыл ардагерлеріне тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Фото: Ақорда




