Биыл ШҚО оқушылары жазғы демалысты өзгеше өткізеді

Шығыс Қазақстан облысында биыл 93 564 оқушы жазғы демалыспен және сауықтыру лагерімен қамтылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева айтты, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Жазғы демалыс кезінде қала сыртындағы 11 лагерь 8575 оқушыны қабылдауға дайын. Сондай-ақ өңірде мектеп жанындағы, қосымша білім беру ұйымдарындағы лагерьлерде де үйірме, экскурсия және басқа да іс-шаралар өткізіледі.
Сонымен қатар балалар Алматы, Щучинск, Қонаев қалаларындағы ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында тегін демалады.
Жаз мезгілінде 7-8 сынып оқушыларына арналған әскери-спорттық лагерь Самар ауданындағы «Балауса» лагерінің базасында жұмысын жалғастырады. Биыл онда 100-ге жуық бала демалады.
«ҚОНАҚЖАЙ ОТБАСЫНЫҢ» АУҚЫМЫ КЕҢЕЙЕДІ
Биыл «Қонақжай отбасы» жобасы жалғасын табады. Айта кетейік, жоба бүлдіршіндерді тілдік орта жүріп қазақша сөйлеуге үйретеді. Сондай-ақ балалар үшін өлкенің тарихын, қазақ халқының салт-дәстүрін білуге, қазақ халқының аспаптарында ойнауға, асхананың ұлттық ерекшеліктерімен танысуға, жергілікті көрікті жерлер мен тарихи ескерткіштерге баруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздің өзге өңірлерінде баламасы жоқ бірегей жоба әу баста облыста тұрып жатқан өзге ұлттың балаларына қазақ тілін үйрету үшін қолға алынған еді. Былтырдан бері жоба қазақ тілді оқушылары да қамти бастады.
«КИЕЛІ ШЫҒЫС» ЖОБАСЫ БАСТАЛАДЫ
Биыл өңірде «Киелі Шығыс» атты тағы бір жоба жүзеге асырылады. Ондағы мақсат – оқушыларды облыстың мәдени және тарихи мұрасымен таныстыру, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту.
Оқу-танымдық турлар барысында оқушылар Берелдегі ашық аспан астындағы музейге, Қиын Керіш жоталарына, Риддер қаласына, Марьин утеске және Сібе көлдеріне барады.
Фото: F16.kz/жасанды интеллект



