admin
Жарияланды: 10:00, 30 январь 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Шекаралық аудан / Катонқарағай / Журналист жол үстінде

Катонқарағайда мал бағу машақатқа айналды

Катонқарағай ауданында негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Өкірген өндірісі, өркендеген өнеркәсібі жоқ өңірде туризмнің де тұғыры беки қоймаған. Ауыл халқы әлмисақтан атакәсіптен ризығын тауып, бала-шағасын асырап келеді. Бірақ кейінгі кезде мал бағу машақатқа айналып, бейнетқор жұрттың берекесі кете бастаған. Ауылдағы ағайынды алаңдатқан мәселенің мән-жайын F16.kz тілшілері біліп қайтты. 

 

Шыңғыстайдың шырқын бұзған кімдер?

– Малды баққан соң пайдасын көріп, кәдеге жарату керек. Ал енді бірін итқұсқа жем қылып, енді бірін ұрыға ұстатып жіберсек, одан не қайыр?! Бұлай жалғаса берсе қу таяқ ұстап қалатын түріміз бар. Жетімі бар, жесірі бар адал малымызды әкетіп жатыр. Енді тек өзіміз тиеп беру ғана қалды, – деп күйінді Шыңғыстай ауылының тұрғыны Ермек Сатышев. 

 

Биылғы 16 қаңтарда Шыңғыстай ауылында жиын өтті. Бұған жиыннан төрт күн бұрын әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазба түрткі болған. Видеода ауыл азаматы көп жылдан бері халықты қан қақсатып келе жатқан мал ұрлығына қатысты біраз жайттың бетін ашқан. Бұл оқиғадан соң малы жоғалған адамдар жаппай аудандық ішкі істер бөліміне барып арызданыпты. Іле-шала шекаралық аймақтың проблемасын көтеріп жүрген F16.kz сайтының журналистерін ауылға шақырып, мұң-зарын айтты. 

 

Көптің айтуынша, бұрын Катонқарағай ауданында мал ұрлығы сирек еді. Кейінгі 10-15 жылда жиілеген. Жиілегені сонша, Шыңғыстайда ұрылардан жапа шекпеген үй қалмаған. Біреудің бұзаулы сиырын, біреудің мініп жүрген жалғыз атын, біреудің соғымға сойғалы отырған ту биесін бала-шағасының аузынан жырып әкеткен баукеспелер дүйім елді дүрліктіріп, әбден зәтте қылған. Осы ауылдың тұрғыны Қожақан Нұрсапаров «бүгінге дейін не жоғалған мал табылмады, не ұры ұсталмады» деп қынжылды.

– Былтыр 28 тамызда бір сиыр, бір бұзауым жоғалды. Маңайдағы елден сұрастырып, іздей бастап едік.  Көршімізден бір бас, тағы бір көршімізден екі бас мал жоғалыпты. Содан ары іздеп, бері іздеп, күзге дейін жүрдік, таппадық. Оншақты жыл бұрын дәл үйдің жанынан тағы бір сиырымды әкетті. Алдыңғы жылы мына тұрған котельныйдың (жылу қазандығы – авт) қасынан елдің тұсап қойған 12 аты бір түнде ізім-ғайым болды. Сол күйі табылмады, не ұсталған ұрыны көрмедік, – деп кейіді Нұрсапаров.

Малы табылмаған соң жоқ іздегендер ішкі істер органдарына арыздануды қойған. Бірең-сараң адам болмаса, жұрттың дені бұрынғыдай аудан орталығына сабылып, полицияның табалдырығын тоздырғаннан пайда жоқ деп есептейді. 

– 2023 жылы көктемде екі бас жылқымнан айырылып қалдым. Бір тай, бір байтал. Тай ауыл іргесіндегі жол бойынан жоғалса, екіншісін жайлаудан алып кетті. Іздемеген жеріміз жоқ, табылмады. Жалпы, жоғалған мал табылмайтын болды бізде. Ашылмайды қылмыс. Ешқандай әділдік жоқ. Сол үшін полицияға арыз да жазбадық, – деді Шыңғыстай ауылының тұрғыны Жанаргүл Ожарова.

Қоғамдық резонанс тудырған әлеуметтік желідегі бейнежазбадан кейін Шыңғыстайдан басқа Өрнек, Жаңаүлгі, Аққайнар, Еңбек сияқты ауылдардың мал ұрлығынан зардап шеккен адамдары да аудандық ішкі істер бөліміне барып арыздана бастаған. Солардың бірі Жаңаүлгі ауылының тұрғыны, зейнеткер Қайрат Лұқпанов құқық қорғау органдарына екінші рет арыз жазғанын айтты.

– Былтыр қазан айының соңында мініп жүрген атым жоғалған. Бұл туралы аудандық полицияға хабарладым. Арыз да жаздым. Олар алғашында іздеген болды, сол күйі жым-жырт қалды. Енді міне, қайтадан арызбен РОВД-ға (аудандық ішкі істер бөлімі – авт) келіп тұрмын. Шыңғыстай ғана емес, басқа ауылдардан да мал жоғалады. Бірақ Шыңғыстайда өршіп тұр, халқы: “мал ұрлығы көбейіп кетті” деп жиі наразылық білдіреді. Осыны енді полиция қолға алып, ұрлықты тыйса екен. Бәріміздің тілегіміз осы, – деді Лұқпанов көптің көкейіндегі тілегін жеткізіп.

Адамдардың арыз-шағымынан кейін Шыңғыстайдағы мал ұрлығына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Айдын Ботаханов қазір ауданда жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатқанын айтты.  

– Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылы тұрғындарының мал ұрлығы фактісі бойынша жүгінуіне байланысты қылмыстық іс қозғалып, бұл іс қазір облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Бүгінгі таңда ауданда жедел тергеу тобы жұмыс істей бастады. Тұрғындардың барлық өтініші мұқият тексеріледі, – деді Айдын Ботаханов.

Ауыл халқының жанайқайы Астанаға жетті. F16.kz сайтының журналистері көтерген мәселе Парламент мінберінен айтылып, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Шыңғыстайдағы мал ұрлығына байланысты ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады.

— Жоғарыда аты аталған ауылдардың мәселесін жіті қадағалап, Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізіп, мал ұрлығының алдын алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұраймын», – деді Мақсат Толықбай.


Ауыл маңында қасқыр жүр

Малмен күн көріп отырған жұртты мазалайтын тағы бір мәселе – итқұс. Алтайдың қойын-қолаты толған түз тағысы. Кейінгі жылдары тіпті көбейіп кеткен. Халықтың қолынан келер қайран жоқ. Катонқарағайдың орман-тауы мен өзен-көлі ерекше қорғалатын ұлттық табиғи парктің аумағына кіретіндіктен бұл маңда аң атпақ түгілі мылтық асынып жүруге тыйым салынған.

– Жылда осы. Қыстыгүні тебіндегі жылқыға итқұс шауып, тыныштық бермейді. Не оны аулай алмайсың. Мылтық атуға болмайды. Рұқсат жоқ. Ауыл азаматтары жиылып, атқа мініп алып тау асырып қуған боламыз. Бірақ аяқты аң тоқтай ма, қайта оралып шабады. Бізде басқа күн көріс көзі жоқ, малмен жан сақтаймыз. Сауып отырған биеңді, мініп жүрген атыңды қасқыр жеп кеткенде ішің ашиды, – деді Берел ауылының тұрғыны Әділ Тұрымов.

Ауламаған соң аң да көбейеді. Мылтықтың дауысы естілмегеннен кейін түз тағылары емін-еркін жортып, қалаған малын жайратып кете барады. Қыс кезінде ауыл маңын торуылдап жүргенін тұрғындар неше рет байқаған, фото-видеоға түсіріп те алған. Саяхатшы журналист, Катонқарағай өңірінің тумасы Мерей Қайнарұлы жуықта Топқайың ауылының маңынан үш қасқырды көргенін айтты.

– Адамдардың тиісе алмайтынын аң да біліп алған, қорқуды қойды бұлар. Бір апта бұрын ғана Топқайың ауылының жанынан өте бере алдымнан үш қасқыр шыға келді. Тапа-тал түс. Жолдың бойы. Көліктер зулап өтіп жатыр. Анадай жерде ауыл тұр. Үшеуі бірінің соңынан бірі жайбарақат кетіп барады. Бұл өте қауіпті. Ертең ауылға кіріп, адамға шапса қайтеміз?! – деді түз тағысын телефонына таспалап алған Мерей Қайнарұлы. 

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, ерекше қорғалатын аумақта қазір шамамен 140-қа жуық қасқыр бары анықталған. Бұл жыртқыштың бір ерекшелігі, өте өсімтал, тез көбейеді. Сондықтан бұрын олардың санын реттеп отыру үшін табиғи парк аумағында атуға рұқсат берілген.

  

– «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның 48-бабы, 4-тармағына сәйкес, 2017 жылдан бастап ұлттық парк территориясында аң аулауға тыйым салынды. Тек Катонқарағай ұлттық табиғи паркімен шекаралас әкімшілік аумақта аң аулауға болады және оны лицензиясы бар аңшылар ғана жүзеге асыра алады. Сондықтан ауыл адамдары, шаруа қожалықтарының өкілдері және ұлттық парк қызметкерлері бірігіп қасқырды ауыл-аймақтан аулаққа қуамыз. Басқа амал жоқ, – деді Катонқарағай МҰТП жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің басшысы Ерік Қасымов.

Катонқарағай МҰТП басшылығы бұл мәселе туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне хат жолдаған. Әзірге жауап жоқ. 

Ұлттық парк мамандары бұл түйткілдің түйінін тарқатудың бір жолы — жергілікті билік аудан аумағында қасқырдан халыққа қаншалықты зиян келіп жатқанын, зардаптарын анықтап, есебін құзырлы ведомствоға тапсыруы қажет екенін айтады.

– Аудан әкімдігі өзіне қарасты әрбір ауылдық округтен қанша бас малға зиян келгені жөнінде есеп алып, ол мәліметті облысқа жіберсе. Облыстағы мамандар ары қарай республика бағыттаса, бәлкім, нәтижесі болар ма еді. Министрлік рұқсат бермесе де аң аулайтын арнайы мекемелердің өкілдерін іссапарға жіберіп, итқұстың санын реттеуге ықпал етіп жатса халыққа көп көмек болар еді, – деген Ерік Қасымов көктем мен күз айларында аюлардан да көп шығын келетінін де жасырмады.

Маманның айтуынша, орман қожасы омартаға шауып, елдің малын жеп кеткен жағдайлар көп кездеседі. Ұлттық парк аумағында аң-құс аулауға тыйым салынғалы бері аюлар да көбейген...

 

Бүкіл ауданда жалғыз қасапхана

Катонқарағай ауданында жалғыз қасапхана бар. Малын санитарлық талаптарға сай сойып, сатқысы келген жұрт оны көлікке тиеп алып бірнеше шақырым жердегі аудан орталығына жеткізуі керек. Өйткені ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы №7-1/370 бұйрығына сәйкес, кейіннен еті саудаланатын кез келген мал арнайы қасапханаларда сойылуы шарт. Яғни, мал етінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай келмейтін орындарда союға заң рұқсат етпейді. 

Аудан орталығынан 80 шақырым қашықта жатқан Берел ауылының халқы малын сойып, етін сату үшін көлік жалдап Катонқарағайға баруға тура келеді. Қазіргідей бәрі қымбаттап тұрған заманда жол шығыны қалтаға айтарлықтай салмақ дейді жұрт.

 

  

– Катонқарағай мен Берелдің арасы 80 шақырым. Бір бас жылқыны сойып сату үшін мәшіне жалдап апарасың. Қасапшылардың ақысын төлейсің, анықтамаға төлейсің. Апарған малдың ақшасының жартысы шығынға кетеді. Сондықтан ел малын алыпсатарларға өткізе салады. Олар анықтама қағазды өздері жаздырып алады. Сөйтіп амалдаймыз, қайтеміз, – деді аты-жөнін атамауды сұраған Берел ауылының тұрғыны.

Негізі мал сою нысандарының қызметі ветеринария саласындағы кәсіпкерлік болып саналады. Сондықтан оны мемлекеттен қаржыландыру көзделмеген. Бірақ жергілікті атқарушы билік мал сою орындарын салуды ұйымдастыруға міндетті. Яғни, кәсіпкерлерді немесе ауыл азаматтарын ынталандырып, нысанға қажетті жер телімін беріп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізуі керек. Өкініштісі, аудан, ауыл әкімдіктері тарапынан мұндай белсенділік байқалмайды. Қарапайым халық бұл туралы мүлде бейхабар екенін айтты.

– Естіп тұрғаным осы. Мал соятын алаңды кез келген адам аша алатын болса, біз неге білмейміз? Ешкім бізге бұл туралы айтқан жоқ, – деп таңырқады Шыңғыстай ауылының тұрғыны Ермек Сатышев.       

Белқарағай ауылдық округіне қарасты елді мекендердің халқы да малын аудан орталығына апаруға мәжбүр. Өрнек ауылының тұрғыны Марат Елшібеков қаладан келген балаларына соғым сойып беремін деп біраз әуре-сарсаңға түскенін айтты.

– Әр ауылға демей-ақ қояйын, әр ауылдық округке бір мал соятын алаң керек. Ауданда Катонқарағайда ғана жалғыз қасапхана бар, оның өзі істемейді. Былтыр күзде балалар қаладан соғым сойып алуға келді. Жұмыста болған соң демалысты пайдаланып, жексенбіде келген. Мал дәрігерінен анықтамасын алып, малды сойып, етін тиеп қоя берген едік. Жолда полиция тоқтатып, тексеріпті. Ақыры мал дәрігеріне айыппұл салып тастады. Ауылда қасапхана жоқ болса, қайда апарып соямыз? – деп күйінді Марат Елшібеков.

 

Адамдардың айтуынша, қасапхананың жоғы, әсіресе, күзде қатты білінеді. Бала-шағаны мектепке дайындап, отын-суды қамдау үшін адамдар малын сатып, пұлға айналдырады. Осы ұрымтал сәтті алыпсатарлар ұтымды пайдаланып кетіп жүр. Шалғайдағы елге малын аудан орталығына апару қымбатқа түскен соң, ет алуға келгендерге сұраған бағасына өткізе салады.

– Малды сойып сату үшін Катондағы қасапханаға апарамыз. Әйтпесе анықтама бермейді. Санитарлық талап солай. Ал біздің Шыңғыстайда мал соятын цех жоқ. Бір бас малды аудан орталығына апару үшін техника жалдайсың, барған соң қасапшының қол ақысын төлейсің. Қып-қызыл шығын. Ең оңайы – алыпсатарларға тірідей бере салу. Арзанға өтеді, бірақ әуреленбейсің, – деді Шыңғыстай ауылының тұрғыны Берікжан Байғалиұлы.

Біз тілдескен адамдардың бәрі Берікжан Байғалиұлы сияқты малын алыпсатарларға арзан бағаға өткізіп жүргендерін айтты. Ауылда союы алаңының жоқтығынан қарапайым халықтың адал еңбекпен тапқан дүниесі арзанға кетіп жатыр. Бірақ бұл жағдай жергілікті билікті алаңдата қоймайды. Аудан әкімі Данияр Дүйсембаев Катонқарағай өңірінде мал сою пункттерінің мәселесі шешілген деп жауап берді.

– Катонқарағайда мал сою пункттерінің мәселесі шешілген. Ауданда тұрақты түрде жәрмеңке өткізіледі. Осы жәрмеңкеде ет сатылады. Бірақ ауылдық жер болған соң ет алатындар аз. Өйткені халықтың өзінде ет бар. Қазір аудан бойынша бір қасапхана жұмыс істеп тұр. Оның жанында елу басқа шақталған қорасы бар. Малын әкеліп сойғысы келген адамдарға жағдай жасалған. Ал енді ауылдарға келсек, мал сою алаңдарын салу үшін алдымен құрылыс құжаттарын әзірлеп, сметасын жасау керек. Қазір осы мәселені реттеп жатырмыз, алдағы уақытта бәрі шешіледі, – деді Данияр Дүйсембаев.      

Сонымен жергілікті билік «мәселе шешіледі» деп арқаны кеңге салып жүргенде, ауылдағы жұрт қаншама жыл еңбектеніп баққан малының пайдасын көре алмай, алыпсатарлардың мұртын майлаудан басқа амалы қалмай отыр. Бүгінде атакәсіптің жүлгесін үзбей, нәсібін төрт түліктен іздеген ауылдағы ағайынға мал бағу машақатқа айналды. Катонқарағай халқын толғандырған бұл проблемалар шекара шебіндегі Марқакөл, Тарбағатай аудандарында да кездеседі, оған аталған өңірлерге барған сапарымызда көз жеткізгенбіз. Облыс билігі жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешпесе, халықтың үніне құлақ аспаса, ертеңгі күні шыңғыстайлық тұрғындар айтқандай «қу таяқ ұстап қалуымыз ғажап емес».  

    

Фото: F16.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)
Тағыда оқи отырыңыз:
«Ұрпаққа не қалдырамыз?!» Тарбағатай жұрты кен қазушылардың әрекетіне алаңдап отыр
25.11.24, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Шекаралық аудан / Тарбағатай / Күршім / Журналист жол үстінде
«Қазақстанда» адам саны азайып барады. Билік шекарадағы ауылдарды жандандыра ала ма?
29.10.24, Шекаралық аудан / Марқакөл / Журналист жол үстінде / Басты / Арнайы жоба
Қыста қар құрсауында қалып, жазда батпаққа батады. Жол азабын тартқан шекарадағы ауылдар
24.12.24, Басты / АЙДАРЛАР / Шекаралық аудан / Зайсан / Журналист жол үстінде / Айтпайын десең...
Шығыс Қазақстанның шекаралық аймағында қыруар ақша жұмсалған жобалар неге аяқталмай қалды?
25.01.25, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Тарбағатай / Марқакөл / Шекаралық аудан
Шалғайдағы ауылдарға өркениеттің сәулесі қашан жетеді?
04.11.24, Басты / АЙДАРЛАР / Шекаралық аудан / Марқакөл / Журналист жол үстінде / Арнайы жоба