Сексуалдық қудалауға қарсы заң жобасы таныстырылды

«Ашық НҚА» порталында Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жарияланды, деп хабарлайды F16.kz.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын құжатты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынды. Заң жобасының ерекшелігі, елімізде алғаш рет жұмыс орнындағы сексуалдық қудалау мәселесі заңнамалық деңгейде нақты көрсетілді. Бұл бастама қызметкерлердің құқығын қорғауға және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға ықпал етпек.
Заң қабылданғаннан кейін жұмыс берушілер қудалау фактілеріне нақты әрі жедел әрекет етуге, сондай-ақ шағымдарды қарау бойынша ішкі рәсімдер әзірлеуге міндетті болады. Ал қызметкерлер өз құқығын қорғауға қосымша кепілдіктер алады.
Еліміздің кез келген тұрғыны жалпақ жұрттың талқысына ұсынылған заң жобасына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын «Ашық НҚА» сайтына жазып, қалдыра алады.
Фото: F16.kz/жасанды интеллект




