Президент ШҚО бойынша «Ассамблея Жастары» төрағасын марапаттады

ҚР Президенті ШҚО бойынша «Ассамблея Жастары» төрағасын «Шапағат» медалімен марапаттады, деп хабарлайды F16.kz.
24 сәуір күні Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өтті. Бұл ауқымды шараға еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Сессияның ерекшелігі – Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойына дөп келіп отыр. Айтулы күнге орай мемлекет басшысы ұлтаралық келісім, достық пен қоғамдық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етті.
Марапатталғандардың қатарында – Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Ассамблея Жастары» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юнусов Равиль да бар. Ол белсенді әрі жемісті қызметі, мейірімділігі мен қайырымдылығы үшін «Шапағат» медалімен марапатталды.
«Шапағат» медалі 1993 жылы тағайындалған, ол қоғамдық және қайырымдылық қызмет саласындағы ерекше еңбектерді мойындаудың белгісі болып табылады.




