ШҚО мен Қытай ынтымақтастығы: кәсіби білім берудегі жаңа кезең

Бүгін, 24сәуірде Қытайдың Қарамай қаласында Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қарамай кәсіби-техникалық институты өкілдерімен кездесті. Кездесуде тараптар білім беру, кадрларды даярлау және бірлескен бағдарламаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерді талқылады, деп хабарлайды F16.kz.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Олардың қатарында Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі, Риддер колледжі және Құмаш Нұрғалиев атындағы жоғарғы колледж бар.
Риддер колледжі директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Ксения Сурнина стратегиялық маңызға ие мұндай халықаралық кездесулер серіктестік байланыстардың нығаюына ықпал етіп, инновациялық білім беру тәжірибесі саласында ұзақмерзімді ынтымақтастық үшін берік негіз қалайтынын атап өтті. Кездесудің басты нәтижесі – меморандумға қол қойылуы. Бұл өзара тиімді дамудың, сенімді нығайтудың, тең құқылы диалог пен елдер арасындағы мәдени әртүрліліктің кепілі болмақ.
Меморандумға қол қойылуы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам және кәсіби білім беру мен кадр даярлаудағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Делегация жетекшісі Сымбат Рамазанов бұл кездесудің Шығыс Қазақстан өңіріндегі оқу орындары үшін жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.
Біз тек индустриялық парктермен танысумен шектелмей, білім беру ұйымдарының басшылығымен тікелей жүздесуге де мүмкіндік алып отырмыз. Бұл – кадр даярлау саласындағы нақты ынтымақтастық жолдарын талқылауға арналған маңызды сәт. Қазір бұл тақырып өте өзекті, өйткені мамандарды сапалы даярлау — даму жолындағы шешуші фактор. Осындай кездесулер нақты әрі практикалық өзара әрекеттестіктің негізін қалайды, – деп атап өтті ол.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




