Ләззат Қанатқызы
Жарияланды: 15:34, 02 июнь 2025
Жаналықтар

Картоп бағасы арзандай ма?

Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс алаңында картоп бағасына қатысты түсінік берді.

Министр өз сөзінде картоп тапшылығы болмауына қарамастан, баға өскенін, қазір оны арзандату үшін экспортқа шектеу қойылғанын айтты.

Беларусьте де, Ресейде де, Өзбекстанда да картоп жақсы өспеген. Ал Қазақстанда былтыр айтарлықтай жақсы қор қалыптасқан. Бұл ретте, фермерлер осы өнімнен жақсы табыс алғысы келді, яғни белгілі бір уақытқа дейін картопты экспорттауға шектеу қоймадық. Шын мәнінде, бізде картоп тапшылығы жоқ. Бірақ бағасы өсті. Бізде екі жол бар. Біріншісі — картоптың бағасын шектеу, онда оны биыл ешкім екпеуі мүмкін және келесі жылы тапшылыққа тап боламыз. Екінші жолы — картоп экспортын шектеу. Біз осы қадамға баруға мәжбүр болдық. Біз бағаны шектемедік, өйткені бұл тетік нарық талаптарына сай келмейді, — деді С. Жұманғарин.

Оның айтуынша, қазір картоптың келісі 400-600 теңге аралығында. Сонымен қатар, Түркістан облысында шыққан картоптың биылғы жаңа өнімі егіс алқаптарында 200-300 теңге шамасында.

Менің ойымша, қазір осы өнімнің бағасы тұрақтала бастайды. Мұнымен қоса, Астанада 50 контейнер түсіріліп жатыр. Жалпы, дүкен сөрелерінде картоп тапшылығы жоқ, — деді вице-премьер.

Фото: pixabay.com

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)