Аулада кілем қаққандар 393 мың теңге айыппұл төлейді

Қазақстандықтар енді аулада кілем қаққаны үшін 393 мың теңгеге дейін айппұл төлеуі мүмкін, деп хабарлайды F16.kz.
Қаладағы санитарлық нормалар мен абаттандыру ережелерінің жиі бұзылатын тұсы – көпқабатты үйлердің ауласында кілем қағу және жуу. Бұл айналадағы адамдарға кедергі келтіріп ғана қоймай заң талаптарын бұзу болып есептеледі. Атап айтқанда, лас су мен жуғыш заттар арқылы аумақты ластау, көгал мен жасыл желекке зиян келтіру, шу, жағымсыз иіс пен шашыраған су, көршілерге қолайсыздық туғызу, батпақ жол, қоқыс және т.б.
Мұндай әрекеттер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің санитарлық нормалар мен абаттандыру ережелерін реттейтін 505-бабын бұзады. Ол үшін айыппұл қарастырылған.
Аулада кілем жуғаны үшін әкімшілік айыппұл көзделген:
· жеке тұлғаларға – 20 АЕК-ке дейін (78 640 теңге);
· шағын бизнес пен ҮЕҰ-ға – 30 АЕК-ке дейін (117 960 теңге);
· орта бизнеске – 40 АЕК-ке дейін (157 280 теңге);
· ірі компанияларға – 100 АЕК-ке дейін (393 200 теңге).
Екінші қайтара бұзушылық болса айыппұл мөлшері еселеп өседі. Заң талаптарының орындалуын учаскелік инспекторлар мен жергілікті полиция, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, жергілікті әкімдік пен абаттандыру жөніндегі комиссия өкілдері қадағалайды.
Ал заң талаптарының бұзылғанын мамандар тексеру кезінде, сондай-ақ көршілердің шағымы негізінде анықтай алады.
Егер айыппұл салса:
· айыппұлды 7 күн ішінде төлеген абзал, сонда 50% жеңілдік болады;
· егер шешіммен келіспесе, 10 күн ішінде eGov.kz порталы арқылы немесе сотта шағымдануға болады;
· шағым берген жағдайда фото, видео немесе куәгерлердің айғақтарын қоса тіркеген дұрыс.
Фото: F16.kz/жасанды интеллект




