Балық өсірген, мал баққаннан да тиімді – Талғат Рахымжанов

Тауарлы балық шаруашылығының пайдасы шаш-етектен, шығыны аз. Тіпті мал және құс өсіргеннен екі есе тиімді дейді мамандар. Кейінгі кезде трендке айналған табысты кәсіптің қыр-сыры туралы F16.kz редакциясына Зайсан-Ертіс облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшы Талғат Рахымжанов айтып берді.
– «Табыстың көзі– тауарлы балық» деген сөзбен келісесіз бе?
– Әрине келісемін. Қазір балық шаруашылығының пайдасы мал немесе құс өсіргеннен әлдеқайда көп, екі есе тиімді десем де болады. Ал шығыны аз. Оны басқа бизнеспен қатар жүргізуге болады. Мал сияқты оны күнделікті қарап отырмайсыз. Жем жеткілікті. Өзімізде бар. Мәселен, Өскемендегі ұн комбинатында тұқы (карп) тұқымдас балықтардың жемі өндіріледі.
– Балықты өсіруін өсіреді ғой, өнімді өткізу жағы қалай болар екен?
– Ешқандай мәселе жоқ. Балыққа, оның өніміне сұраныс жоғары. Қазір біздің тауар өндірушілер ішкі нарықтың өзін толық қамти алмай отыр. Қазір облыста 2 мың тоннаның үстінде ғана бақтақ балығы өсіріледі. Бұл ішкі нарықтан аспайды. Оның сыртында экспорт бар. Мәселен, Ресейдің Алтай өлкесі қазір бізден күніне 20 тоннадай тоңазыған балық алуға дайын. Тоңазыған деген кәдімгі жаңа ауланған балықты өңдемей-ақ мұзбен араластырып сата бересіз. Бұған қоса Қытай нарығына да шығуға мүкіндік бар.
– Бұл кәсіпті қорықпай қолға алуға болады дейсіз ғой…
– Иә, қорқатын түк жоқ. Салықтық берешегі жоқ кез келген адам балық шаруашылығымен айналыса алады. Тіпті жеке тұлға ретінде электронды аукционға қатысып, су айдынын ұзақ мерзімге жалға алуға болады. Қазір Шығыс Қазақстан облысының Бұқтырма су қоймасында алты телім бос тұр. Бұл телімдер тұқы тұқымдас балықтарды өсіруге өте қолайлы, көлік қатынасына да ыңғайлы. Сол сияқты Күршім, Ұлан, Шемонаиха аудандарында, Риддер қаласының маңында бекітілмеген көлдер көп. Олардың жартысына жуығы бос. Бізге хабарласып, алуға болады.
– Кәсіпкертелім алды делік, ары қарай не істейді?
– Ары қарай құжаттарын реттейді. Шаруашылықтардан балықтың дернәсілдерін сатып алып, іске кіріседі. Құжаттарды реттеу қиын болса бізге келсе испекция мамандары көмектеседі.
Балықтардың дернәсілдері өзімізде өсіріледі. Айталық, Күршім ауданындағы Мульковое деген жерде Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы бар. Онда сазан, тұқы, ақ амур, дөңмаңдай сияқты балықтардың дернәсілдері өсіріледі.
Сондай-ақ өңірде бекіре, бақтақ тұқымдас балықтардың дернәсілдерін өсіретін шаруашылықтар да бар. Ал осы дернәсілдерді сатып алған шығынның жартысын мемлекет субсидиямен қайтарып береді. Биологиялық ғылыми негіздеме жасауға кеткен шығынның жартысы да субсидия арқылы қайтарылады. Одан бөлек 2 млрд теңгеге дейін 2,5 пайызбен кепілдікті несие қарастырылған. Жалпы, тауарлы балық шаруашылығына мемлекет тарапына қолдау өте зор.
Облысымызда ғылыми институттар, балық шаруашылығымен айналысатын мекемелер де бар және олардың тәжірибесі мол. Қысқасы, балық өсіргісі келген адамдарға барлық жағдай жасалған. Ниет білдірушілер біздің инспекцияға келсін, қолдан келгенше қолдау көрсетеміз.
–Рақмет!
Сұхбаттасқан – Ләззат Қанатқызы
Фото: F16.kz




