admin
Жарияланды: 15:00, 07 октябрь 2024
Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Журналист жол үстінде / Глубокое

Жолда қалған жоба: Глубокое тұрғындары қазандықтың қызығын көре ме?

Глубокое кентінде жаңадан салынады деген жылу қазандығы биыл да іске қосылмайтын секілді. Жаңа нысанға кенттегі орталықтандырылған жылу желісі тартылмаған аудандар қосылуға тиіс болатын, сондай-ақ ол мұндағы ескі қазандықтың мәселесін шешетін еді. Енді күн суытқан сайын тұрғындардың да уайымы күшейді. Алдағы қыстан аман-есен шықсақ екен дейді. 

Бұл нысанға бюджеттен қомақты қаржы бөліп бастаған болатын. Облыс  басшылығы «еуропалық стандарт бойынша жұмыс істейді» деп мақтаған  жаңа қазандықтың құрылысы қаңтарылып, өңірдегі «Жолда қалған жобалардың» қатарын толықтырды, деп хабарлайды F16.kz сайты.

Нақтырақ айтсақ, Глубокое кентіндегі жылы қазандығының құрылысы 2021 жылдың көтемінде басталған болатын. Бұл туралы жергілікті БАҚ жарыса жазды. Ресми ақпарат бойынша, жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске асырылады. Инвестор - түркиялық «Mimsan Endustri Kazanlari Sanayi ve Ticaret A.S.» АҚ компаниясы. Бастапқыда жоба құны 4,5 млрд теңге мөлшерінде есептелген еді, кейін баға өсті. Келісімшартқа сәйкес, бұл соманың 40 пайызы бюджет есебінен өтелсе, 60 пайызын инвестор төлейді.  

      Жоба құнының 40 пайызы мемлекеттен ортақ қаржыландырылса, қалған қаражатты инвестор құяды. Осылайша, мемлекет жобаға 1,6 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын салады, ал түрік бизнесмендері 2,8 млрд теңгеден астам инвестиция салады, – деп түсіндірген еді «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның ШҚО бойынша өңірлік директоры Нартай Бейсеков жоба алғаш қолға алынған кезде.

      Жаңадан салынатын нысанның қуаты 30 Гкал/сағатқа тең болады, онда үш заманауи жылу қазаны орнатылады деп жоспарланған. Негізгі отын – көмір. Бір жылыту маусымында қазандық 15 мың тонна көмір жағады деп межеленген. Түркиялық инвесторлар жаңа қазандықта жылу энергия үнемдейтін технология көмегімен өндірілетінін айтқан. Ал облыс басшылығы жаңа қазандық «еуропалық стандарт бойынша жұмыс істейді» деп мақтаған болатын. Бұл – жағатын отын мен ауаға шығарылатын улы газдың мөлшерін әлдеқайда азайтуға мүмкіндік беретін технология.

Қазандық 2021 жылдың соңында қолданысқа берілуге тиіс еді. Түркиялық инвестор құрылысқа жергілікті SIGMASTROY компаниясын тартқан. Алайда жоба ұзаққа бармай тоқтап қалды. Жұмыстың кешеуілдеуіне шетелдік инвестор мен мердігер компания бір-бірін кінәлап, соңы дауға ұласқан. Инвестор мердігерді жұмысты баяу жүргізді, уақытты созып жіберді деп айыптаса, құрылыс компаниясы оған құрал-жабдықты уақытында жеткізбеді, кешіктірді деп кінә тақты. Осылайша, серіктестер бір-бірімен соттасып кетті.

Ал қазандықтың қызығын көреміз деп күткен халық бүгінде үмітін де үзген секілді. Өйткені, міне, үш жыл өтті. Нысанның қалқайған қаңқасында еш өзгеріс байқалмайды. 

Көппәтерлі үйлерде пешке от жағады 

Глубокое кентінің шетінде «Киргородок» деген аудан бар. Бұл өркениеттен жырақ қалған мекендердің бірі десе болады. Қазандықтың игілігін көреміз деп асыға күткендер осы ауданда тұрып жатыр. Мұнда жер үйлерден бөлек екі-үш қабатты онға жуық көппәтерлі үй бар екен. Күн суығында көппәтерлі  үйлердің төбесіндегі мұржалардан будақтап түтін шыға бастайды. Осылайша глубокоелықтар үшінші қабатта отырып, пешке от жағып жылынуға мәжбүр.

«Киргородок» тұрғыны Герман ақсақалдың айтуынша, қыс бойы жағатын отын-көмірін қазірден қамдап алған. Үйінің екі бөлмесі кәдімгі пешпен жылыса, қалған екі бөлмесі электр пешпен жылытылады. Тоқ пештің өзіне ай сайын 40 мың теңге шығын шығады екен, ал аязды күндері одан да көп. Одан бөлек отын-көмірдің шығыны бар... 

- Мұнда 1986 жылдан бері тұрамын. Бұрын мына үйлер орталықтандырылған жылу желісіне қосылған еді, 1998 жылғы тоқырау кезінде бәрін ажыратып, қиратып тастады. Содан бері тұрғындар алты ай қыста от жағып, тоқ пеш қосып келеді. Ай сайын тоқ пешке 40 мың теңге төлейміз, аязды күндері одан да көп шығады. Есептей беріңіз, алты айда 240 мың теңге кетеді. Ал пешке 4 тонна көмір жағамыз. Оның өзі мәшінмен жеткізіп бергені бар 80 мың теңге болады. Тоқ пештің жарасы жеңіл, жай пешке тамызық дайындап, көмір жаққанның машақатын сұрамаңыз. Біздей қарияларға өте ауыр. Неше жылдан бері айтып жүрген орталық жылу желісіне қосып берсе жақсы болар еді. Бірақ бұлардың жаны ашымайды ғой бізге, – деп кейіді жылуэнергетика саласының ардагері Герман Сергеевич.

 «Киргородоктағы» үйлердің сырт-келбеті де мәз емес. Қабырғаларының сылағы түскен, кейбірінің есік-терезесі жоқ, алқам-салқамы шыққан үйлер тым жұпыны көрінді. Бұл қалашықтың адамдары өздерін «13-ші ауданның тұрғындарымыз» деп атайды. Француз режиссеры Пьер Морельдің әйгілі «13-ші аудан» фильміндегі өркениеттен шеттеп қалған ауданның тұрғындарындай сезінетінін жасырмады.

      - Былтыр көктемде осында аудан басшысы келген. Ол кісі «мына жерге ақша салудың ешқандай мәнісі жоқ. Одан да жаңадан бес қабатты үй салып, бәріңізді сонда көшірген әлдеқайда оңай» деді. Тым құрығанда ағаштарды кесіп, арамшөптерді шауып тұрса деген өтініш айттым. Жаз шықса ауланы шөп басып кетеді, үйдің дәл алдына биік-биік ағаштар өскен. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Өзімізге ағаш кесуге болмайды, ол үшін әкімдікке барып рұқсат алу керек. Бір қағаздың соңынан жүргенің салпаңдап. Ал олар мұны істегісі жоқ. Аулаға тағы бір қоқыс жәшігін қойып беруді сұрадық, қазір бірнеше тұрғын үйге жалғыз жәшік тұр. Аузы-мұрнынан шығып толып қалады лезде. Мұнда электр қуаты да әлсіз. Қыста тоқ пеш қосқанда жүктеме артып, шамның жарығы күңгірт жанады. Осындай жағдайда өмір сүріп жатырмыз, – деп мұңын шақты тұрғындар.

Жаңа жылу қазандығы кенттің өзге аудандарымен қатар осы «Киргородокты» да жылытуға тиіс болған.  

     -   Мынау ескі үйдің үшінші қабатында тұрамын, кәрі анам бар қолымда. Бұған дейін электр пешті қолдандық. Ай сайын 40 мың төледім. Қымбат, әрине. Көмір жаққан тиімді екен, есептедім. Сол үшін биыл пеш салып алдым. Отын-көмірді қамдап, жертөлеге кіргізіп қойдым. От жаққанда шелекпен тасып отырамын. Мен жаспын ғой, бәрінен де анама қиын болатын түрі бар. Кейде жұмыста кідіріп қалғанда немесе басқа бір шаруалармен айналып қалсам, анам көмірді үшінші қабатқа қалай тасып шығарады деп уайымдаймын, – деді өзін Василий деп таныстырған тұрғын.

Бұл ауданда тұрып жатқан жастар үйіне от жағатын пеш салып алса, егде жастағы тұрғындар тоқ пеш қосып алған. Екеуі де арзан емес. Электр қуатына қарағанда отын-көмір арзанырақ, бірақ от жағып, күл шығарудың машақаты ауыр. Арзан дегенде де қарапайым халыққа әжептәуір салмақ. Биыл Глубокое ауданында көмірдің бір тоннасы орташа есеппен 15 мың теңге десек, тамызыққа қажетті отынның бір текшесі 18 мың теңгенің үстінде. Оған қоса 20-30 мың теңге мөлшерінде шығатын отын-көмірді жеткізу ақысы бар. Тоқ пештің салдарынан жүктеме артып, электр қуаты жиі істен шығып қалады екен. Оны жөндейтін электрик табудың өзі мұң. 

Көне қазандықтың жағдайы алаңдатады

Глубокое кентінде қазір 1939 жылы салынған жылу қазандығы жұмыс істеп тұр. Ал халық саны 10 мың адамнан асады. Өнідіріс дамып, халық саны артқан сайын ескі қазандықтың қуаты жетпейді. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, ескі жылу орталығын жөндеуге 2022 жылы 143 млн теңге, 2023 жылы 150 млн теңге жұмсалған. Бірақ қанша жерден жамап-жасқағанмен ескінің аты ескі, жылдан-жылға тоза береді. Сондықтан олардың энергия үнемдеу мүмкіндігі төмен әрі улы газбен қоршаған ортаны ластауы жоғары. Мұны экологтар да, аудан басшылығы да мойындап отыр. Бұдан бөлек аязқысқанда кейде істен шығып қалады. Былтыр осындай бір-екі жағдай болған. 2023 жылдың наурыз және желтоқсан айларында кенттегі жылу қазандығы екі рет бұзылып, аудан орталығының халқы бір тәуліктей жылусыз қалған еді. Жауапты орындар ақауды жөндеп, апаттың салдарын дереу жойғанмен, көп қабатты үйлерде температура төмендеп кетті.  

ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жергілікті бұқаралық ақпарат құралына берген ақпаратына жүгінсек, биыл Глубокоедағы ескі қазандықты жөндеуге 337,9 млн теңге бөлініпті. Мердігер компания жөндеу жұмыстарын алдағы қазан айында аяқтамақ.

Бүгінгі таңда Глубокое кентіндегі сумен және жылумен қамту желілерінің 90 пайызы ескірген. Бұл туралы аудан басшысы өзі айтқан болатын. 

 -   2022 жылы біз №3 және №5 қазандықты жөндедік. Оған 143 млн теңге жұмсалды. Соның арқасында осы жылыту маусымын қиындықсыз өткіздік, тек бір апатты жағдай болды, ол кезде бір жарым күн үйлерге жылу берілмеді. Алайда жедел әрекет етіп, олқылықты тез жойдық. Аудан орталығындағы сумен және жылумен қамту желілері әбден ескірген. Енді осы желілерді жаңартуды қолға алып жатырмыз, – деген еді аудан әкімі Эльдар Тұмашинов баспасөз мәслихатында. 

Айтуынша, биыл жазда кентте жалпы ұзындығы 10,3 км болатын кварталішілік жылу желілерін жаңарту басталған. Оған 3,8 млрд теңге бөлінген. Желіні жаңарту жұмысы аяқталуға жақын.

Сонымен, бюджетке 1,6 млрд шығын әкелген жаңа қазандық биыл да іске қосылмайтын сияқты. Құрылысы қаңтарылып тұрған қазандықтың айналасында қыруар қаржыға сатып алынған құрал-жабдықтар шашылып жатыр.

    -  Конкурстық рәсімдерді өткіздік. Жобаны аяқтауға жергілікті компания ықылас танытып отыр. Олардың өтініші мақұлданды. Қазір жобаның құжаттары облыстық әкімдікте қаралып жатыр. Бұл жоба аяқсыз қалмайды, оны аяқтаудың жолдарын қарастырып жатырмыз,– деп жауап берді аудан әкімі Эльдар Тұмашинов.


Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)