admin
Жарияланды: 19:36, 25 январь 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Тарбағатай / Марқакөл / Шекаралық аудан

Шығыс Қазақстанның шекаралық аймағында қыруар ақша жұмсалған жобалар неге аяқталмай қалды?

Шекарадағы Марқакөл және Катонқарағай аудандарында бюджет қаражатына салынып жатқан спорт кешендері межелі мерзім жетсе де, әлі қолданысқа берілген жоқ. Ал Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында 1 миллиардтан астам теңге жұмсалған кәріз құбыры жұмыс істемей тұр.

Салынып бітпей қирап жатыр

Марқакөл ауылында  қабырғасы ғана қалқайып, алқам-салқам күйде тұрған, құрылысы аяқталмаған ғимарат. Есіктері мүлде жоқ, шатыры жартылай жабылған, төбеден су ағып қабырғасы айғызданған бұл нысан спорт кешені болуға тиіс еді. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, спорт нысанды салуға бюджеттен 390 млн теңге бөлінген. Оның құрылысы шекаралық аудандарды дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 2021 жылғы көктемде басталған.  

Содан бері төрт жылға жуық өтсе де, маңында қыбыр еткен тіршілік белгісі байқалмайды. Қираған терезелерінен жел соғып, металл құрылысы тоттанып, тоза бастаған. Қараусыз қалған соң мал кіріп кетпес үшін ауыл адамдары есікті тақтаймен қалқалап қойыпты. Қыста боран соғып, ішіне қар үрлеп тастайды.

Қиыр жайлап, шет қонған аймақта заманауи нысанның қазығы қағылғанда жергілікті жұрт «алақайлап» қуанды. Өйткені Марқа өңірінде кейінгі бірнеше жылда жаңа спорт ғимараты салынбаған еді. Алайда халықтың қуанышы ұзаққа созылмады. 

– Өкінішке қарай, мердігер құрылысты соңына дейін жеткізбей тастап кетті. Құрылысты аяқтау үшін қыруар ақша қажет. Сонда бюджет ақшасының сұрауы жоқ па? Бұған ешкім жауап бермей ме? Аудан әкімі, спорт саласына жауапты басшылар не қарап жүр? – деп күйінді Марқакөл ауылының тұрғыны, ардагер журналист Абзалбек Мұхаметжанов.

Шығыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Саят Тойкеновтің айтуынша, былтыр басқарма мамандары сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірге тексеру жүргізген. Нәтижесінде жобаның мерзімінен кешіктірілуі, сатып алынған құрылыс материалдарының кәдеге жаратылмауы сияқты заңбұзушылықтар анықталып, тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы мердігердің үстінен сотқа арыз түсірген.

– Сот шешіміне сәйкес, мердігер пайдаланылмаған материалдарды мемлекетке қайтару жөнінде міндеттеме алды. Мердігер материалға деп ақша алған. Соны қайтаруы керек. Компания міндеттемесін толық орындағаннан кейін ғана құрылыс жалғасады. Оны енді басқа ұйым жүргізеді. Өйткені компания сот шешімімен жосықсыз мердігер ретінде танылды. Ол ешқандай конкурстарға (мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстарға – ред.) қатыса алмайды. Ал Марқакөлдегі спорт кешенін жылдың соңына дейін бітіруді көздеп отырмыз, - деді Саят Тойкенов.


Сенімнен кеткен серіктестік

Марқакөлде спорт нысанының құрылысын аяғына жеткізбеген Qaz Constructions ЖШС Катонқарағайауданындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенін де мерзімінде салып бітірмеген. Бастапқы құны 740 млн теңгеге бағаланған жоба бірнеше рет қосымша келісім жасалып, ақыр соңында 900 млн теңгеге дейін қымбаттаған. 

– Денешынықтыру кешені 2021 жылдың 31 желтоқсанында бітуі керек еді, бірақ әлі аяқталған жоқ. Осы уақыт ішінде 7 рет келісім жасалып, қосымша қаражат бөлінді. Мердігер былтыр жыл бойы ешқандай жұмыс жүргізбеді. Тек желтоқсан айында қимылдай бастады. Биыл қаңтарда құрылысты толық аяқтап, іске қосуды жоспарлап отыр, – деді Катонқарағай аудандық мәслихатының төрағасы Бейімбет Болаев. 

Былтыр қазанда Өскеменде өткен баспасөз мәслихатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов мердігер өзінің келісімшартта көрсетілген міндеттерін уақытында орындамағанын айтты. Сол себепті департаменттің ұсынысымен жергілікті атқарушы орган мемлекет пен тұрғындардың мүддесін қорғау үшін талап-арыз жұмысын ұйымдастырды. Мердігер спорт кешенінің құрылысын жыл соңына (2024 жыл – авт.) дейін аяқтауға уәде берді. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев нысанды аяқтау басқа компанияға тапсырылды дейді.

– Аталған спорт нысандарының құрылысын аяқтау үшін біз 2023 жылдан бері сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Марқакөл ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне келсек, қажетті қаражат бөлінген. Мердігер компания ол қаражатты қайда, қалай жұмсағаны белгісіз. Жұмысты аяқтамады. Біз оларға ескерттік, 2024 жылдың соңына дейін уақыт бердік. Бірақ мердігер нысанды межелі уақытта бітірген жоқ. Сондықтан жобаны іске асыру міндеті басқа компанияға жүктеледі. Жоспар бойынша келер жылдың ортасына қарай спорт кешенін іске қосамыз, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Редакция журналистері QazConstruction ЖШС-нің кеңсесіне хабарласып, денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысына қатысты мән-жайды білуге тырысты. Кеңседегі телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Серіктестік басшысының жеке телефонына қоңырау шалдық, ол тұтқаны көтермеді. WhatsApp қосымшасындағ нөміріне хабарлама жолдадық. Компанияның электронды поштасына сауалхат жіберілді. Материал жарық көргенше ешқандай жауап келмеді.

Миллиард теңгені «жерге көмді»

Бұл ауылдың тұрғындары тұрмыста қолданылған қалдық суды үй жанындағы шұңқырға төгеді, қолы жеткендер септик қаздырып амалдайды. Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылына 2019 жылы тартылған орталықтандырылған кәріз жүйесі әлі күнге іске қосылмады. Ауылда 6 мыңнан астам адам тұрады. «Жазда сасық иіс қолқаны қабады» деп шағымданады жұрт. Ауыл халқының мұң-зарын жергілікті БАҚ талай рет жазды, мемлекеттік телеарналар да көрсетті. Бірақ нәтиже жоқ. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйсенсек, Тарбағатай аудандық әкімдігі Ақжар ауылында кәріз құбырын тартуға 2018 жылы тендер жариялап, 2019 жылы AN Groups компаниясымен келісімге келген. 2021 жылы жұмыс аяқталып, әкімдік қабылдап алған. Содан бері 6 жыл уақыт өтті, атқарылған істің игілігін ел көре алмай отыр. Ал ашық жатқан кәріз құдықтарына жолда қалған жобаның белгісіндей боп қураған ағаштар қадалып тұр. Ауыл тұрғындары «істемейтін кәріз құдықтарына ағаш өсіп, өскен ағаш қурап үлгерді» деп әзілдейді.  

 

– Одан бері қанша жыл өтті, өзгеріс жоқ. Бір миллиард теңгені «жерге көміп» тастады. Үйге дейін құбыр тартуға деп тағы ақша бөлініпті. Былтыр тағы 400 млн бөлінді деді. Бұл істемейтін нәрсеге неге ақша құя береді, неге сала береді, түсінбеймін. Құбырдың жағдайы мынау. Ашық-шашық жатыр. Байқаусызда адамдар түсіп кетпесін деп ағаш қадап қойған. Сақтандырған түрі ғой, – деді Ақжар ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Жарас Тұрысбеков. 

Қазір ауылдағы қолы жеткен адамдар үйінің жанынан шұңқыр (септик) қаздырып алған. Оған мүмкіндігі жоқтар лас суды күресінге төгіп амалдап жүр.

– Кәріз жүйесіне қосылатын күнді күте-күте үмітіміз үзілді. Ауладан септик қаздырып алдық, кір-қоңның суын сонда төгеміз. Қыста білінбейді, жазда қиын. Күлімсі иіс төңірекке таралып, кейде тіпті шұңқырдың маңынан жүре алмай қаламыз. Септиктегі қалдық суды арнайы мәшинеге сорғызамыз. Ол да ақша. Кәріз тартып берсе жақсы еді. Әне қосылады, міне қосылады дегелі неше жыл өтті. Жұртты құр сөзбен алдарқатып келеді, әйтеуір, – деп кейіді Күләнда есімді ауыл тұрғыны. 

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, бюджеттен бөлінген 1 млрд 300 млн теңгеге магистральды құбыр жүргізілген. Ол – бірінші жоба. Енді толық іске қосу үшін биыл 400 млн теңге қаржы бөлініп, құбырды әр үйдің ауласына дейін жеткізу жұмысы қолға алынған. 

Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев  “құрылыстың мәдениеті сақталмаған” дейді.

– Сапасыз деп әртүрлі нәрсені айтуға болады. Мүлде істемей қалған немесе құрылыстың мәдениеті сақталмаған жер болады. Істелген, бірақ қалай болса солай істеліп кетті деген нәрсе бар. Шынын айту керек, визуалды қарасақ, құрылыс мәдениеті аз болған. Ал оның астында не болып жатқанын ешкім 100 пайыз тексерген жоқ. Оны қолданысқа берілгенде көреміз. Сондықтан қайта жоба жасатып, 400 млн теңгеге үйлердің қызыл жолағына дейін құбыр тартуды бастадық. Ең алдымен әлеуметтік және коммерциялық мекемелерді, кәріз жүйесіне жақын орналасқан тұрғын үйлерді қосамыз, – деді Дархан Жөргекбаев. 

Тұрғын үйлер былай тұрсын, Ақжардағы саусақпен санарлық әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік мекемелер де әлі күнге дейін кәріз жүйесіне қосылмаған. Ол аздай, мердігердің кепілдік мерзімі бітті. Ал амалы құрыған қарапайым тұрғындар жанайқайын әлеуметтік желіге жариялап, мемлекет ақшасының желге ұшқанына күйінеді.

 

Атшабар қалай тау-шаңғы кешеніне айналды?

Тарбағатай ауданының орталығында бюджет қаражатына салынып, бірақ халық пайдасын толық көре алмай отырған тағы бір нысан – ауыл іргесіндегі тау-шаңғы кешені. Кешен дегенде бұл – арқан жолы бар сырғанақ қана. 

Өңір билігі бастапқыда Ақжардағы атшабарды қайта қалпына келтірмек болған. Кейін жобаға өзгерту енгізіп, нәтижесінде ипподромның қасынан тұрғындарға жыл он екі ай қызмет көрсететін спорттық нысан салуды көздеді. Сөйтіп сырғанақ пайда болды. Кешен жазда кідіріссіз жұмыс істегенмен, қыста қар болмаса тоқтап қалады. Сырғанақ тепкісі келгендер аспанға қарап, қар жауғанын тілейді. Нысан іске қосылған алғашқы жылы балалар жотадан сырғанап мәз-мейрам болды, үлкендер де шаңғымен серуендеді. Ал 2023-2024 жылдардың қысында атшабар маңынан адам дауысы естілмеді. Аудан әкімі Дархан Жөргекбаев оған қардың аз жауғаны себеп дейді:

– Былтыр арқанжолы бар сырғанақ істеген жоқ, өйткені қар аз жауды. Балалардың қауіпсіздігі үшін тоқтаттық. Өйткені балалар жотадан сырғанаған кезде үрленген шананы тас тіліп, жарақат алған жағдайлар болды.

Аудандық мәслихаттың депутаты Жанна Сәкетаева «қар болмады» деген желеумен кешеннің жұмысын тоқтатып қойған дұрыс емес деп есептейді. Бұның бәрі әу баста жоба әзірленгенде ескерілуге тиіс болған.

– Қар жоқ деді, меніңше, ол себеп болмауы керек. Өйткені жоба тау-шаңғы кешені ретінде жасалды және соған сай бюджеттен 70 млн теңге бөлінді. Ендеше қарды басқа жақтан тасып әкеле ме, әйтеуір амалын тауып, жұмыс істету қажет, – деп қынжылды Жанна Сәкетаева. 

Депутат сондай-ақ тау-шаңғы кешенінде бірде бір қызметкердің штаты қарастырылмағанына таң. Жобаны бекіткенде әуелі қызметкерлердің штаттық кестесі жасалуы қажет деп есептейді ол.  

– Облыстың спорт басқармасына депутаттық сауал жолдадым. Олар «қызмет көрсетушілердің, күзетшінің штаты қарастырылмаған» деп жауап берді. Жобаны жасағанда штатты ескермегені қалай? Штат белгіленбесе бюджеттен неге ақша сұралды? Жоспарда штат көрсетілуі керек. Соған қарай бюджеттен ақша сұралады. Ал бізде бәрі керісінше, – деп кейіді Жанна Сәкетаева.  

Былтыр желтоқсан айының соңында Ақжардың іргесіндегі тау-шаңғы кешені жұмыс істеп, балалар қуанып қалды. Жұртпен бірге аудан әкімі де сырғанақ тепті. Тарбағатай өңірі биыл қарсыз қалған жоқ, соның арқасында тау-шаңғы кешені адамдарға есік ашты. Келер жылы қайтпек керек? Әзірге белгісіз. 

Осы жолы F16.kz тілшілері жолда қалған жобалардың бір парасына ғана тоқталды. Алдағы уақытта бұл тақырыпты ары қарай қаузап, жалғастырамыз.

 

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)