Шекарадағы ауылдарда құдықтар құрғап, құбырлар қаңсып жатыр, ал халық өзеннен су ішіп отыр
Құдық қазылған, құбыр тартылған, бірақ су жоқ. Шығыстағы шекаралық аудандардың басым бөлігіне тән картина бұл. Шалғайдағы ауылдардың халқы әлі күнге ауызсуды тасып ішеді, қолы жеткендер ауласына құдық қаздырып алған. Өзеннен өзек жалғап отырған жұрт та бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндетін жүктеген. Бұл тапсырма қаншалықты іске асып жатыр?
Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қазір өңір халқының 99%-ы таза ауызсуға қол жеткізген. Оның ішінде қала тұрғындарының 99,9%-ы, ауылдағы ағайынның 97,2%-ы сапалы тіршілік көзімен қамтылған екен. Бұл – ресми мәлімет. Ал шынайы жағдай қалай?
Жамбылға «Ақбұлақ» қашан жетеді?
Тарбағатай ауданы, Жамбыл ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Риза Жүнісова үйінен 200 метрдей жердегі құдықтан күніне бір рет үлкен бөшкемен су тасиды. Бөшкені қыста шанаға, жазда арбаға артып алады. Күнделікті пайдаланатын суды алыстан тасып ішу әсте оңай емес.
Әр шаңыраққа тіршілік нәрін жеткізетін мемлекеттік бағдарламаның игілігін жамбылдықтаркөрген жоқ. Болашақта көре ме, жоқ па, ол да белгісіз. Жамбыл ғана емес, Тарбағатайдың басқа елді мекендерінде де ауызсу мәселесі толық шешілмеген. Айталық, Жаңатілеу, Шорға, Шеңгелді, Асусай, Шолақорда қатарлы бірнеше ауылда блок-модульді станциялар орнатылған. Бірақ олардың көшедегі құдықтан еш артықшылығы жоқ. Бәрібір суды станциядан тасу керек.
Аудан әкімі Дархан Жөргекбаев келешекте әр үйге ауызсу тартылатынын айтты.
Ал біз сөйлескен тарбағатайлық тұрғындар аудан әкімдігінің жоспарына күмәнмен қарайды. Жалпы, ресми ақпаратта көрсетілген деректер шынайы жағдаймен сәйкеспейді. Ел ішін аралап, жұртшылықпен жиі кездесетін аудандық мәслихаттың депутаты Сұңғат Демесінов жергілікті жердегі проблемаларды бес саусақтай біледі.
Бір қызығы, ресми ақпаратта аталған елді мекендер ауызсумен қамтылды деп көрсетіледі. Өйткені блок-модульді станция тұр. Ал іс жүзінде керісінше...
Ауызсудан құрт шықты
Биыл Күршім ауданының құрамынан бөлініп шығып, жеке аудан болып құрылған шекарадағы Марқакөлде де жағдай мәз емес. Аудан орталығының халқы неше жылдан бері сарысу ішіп келеді. Жергілікті ардагер журналист Абзалбек Мұхаметжановтың айтуынша, Орта Теректі су қоймасынан келетін ауызсудың сапасы талапқа мүлде сай келмейді.
2019 жылы облыс басшылығы Шет Теректіден барлау жасатып, кезінде ұңғыма болған Үшқұдық деген жерді бұрғылап, су шығаруға 70 млн теңге бөлгізген. Ақырында не су жоқ, не бөлінген ақша жоқ, не оны бақылаған адам жоқ. Ал қарапайым жұрт сапасыз су ішуге мәжбүр, — деп күйінді Абзалбек Мұхаметжанов.
Шет Теректіден барлау жүргізіліп, ұңғыма қазылғанын аудан әкімдігі де растады. Алайда станцияның қуаты төмен болуы себепті жазда техникалық суды қосуға тура келеді екен.
Марқакөл ауданының Қазақстан ауылында бірнеше жыл бұрын су құбыры тартылып, көшеге құдықтар орнатылған. Сол кезде жергілікті жұрт қуанған. Алайда көптің қуанышы ұзаққа созылмады. Шекаралық аймақтың басқа ауылдары сияқты мұнда да құбырлар қаңсып, құдықтар қаңтарылып тұр.
Жүз үйге жалғыз құдық
Қазақстан ауылындағы жағдай бүкіл өңірдегі ахуалдан хабар беретіндей. Статистикаға сенсек, шығыстағы ауылдардың 97,2 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Тек 19 елдімекенде (7500 адам) ауызсу тартылмапты.
Бұл цифрмен шекарадағы Топқайың ауылының тұрғындары келіспейді. Алтай тауының етегіндегі бұл жұмақ мекен Шығыстың шығысындағы табиғаты таңдай қақтырған Катонқарағай ауданында орналасқан. Өскемен-Катонқарағай-Рахман қайнары тас жолының бойында тұрған ауылда жүз түтінге бір ғана құдық. Мұнда бұлақтан су тасып ішіп отырғандар да бар. Орталықтандырылған ауызсу желісін күте-күте күдер үзген. Интернет, ұялы байланыс туралы жақ ашпай-ақ қояйық.
Жасы жетпістен асқан Гүлнар Тәукенова егде тартқан адамдарға қыстыгүні өзенге суға бару қауіп-қатерге бас тігумен пара-пар деп есептейді.
Аудан әкімдігі Топқайың ауылында ауызсу тарту жобасы 2021 жылы басталғанын хабарлады. Бюджеттен жалпы сомасы 600 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 14 шақырым ауызсу желісі тартылып, екі ұңғыма қазылып, құдықтар мен сорғы станциясы орнатылуға тиіс еді. Алайда тендерді жеңіп алған мердігер компания жұмысты сағыздай созып, ақыры бұл міндет қосалқы мердігер мекемеге жүктелген. Ал көше бойында ұзыннан-ұзақ қазылған шұңқырлар жүзеге аспаған мемлекеттік бағдарламаның белгісіндей болып біраз уақыт жатты. Қазылған орға мал түсіп кеткен оқиғалар болған соң ауыл адамдары дабыл қағып, құбыр тартылған шұңқырлар топырақпен жабылған.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы таратқан мәліметте «өңір халқын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 99 пайыз» деп көрсетілгенмен, F16.kz тілшілері аралап қайтқан шекаралық аудандардағы жағдай мүлде басқаша болып шықты. Құдықтары құрғап, құбырлары қаңсып жатқан ауылдар да, өзеннен су тасып ішкен тұрғындар да бар екен. Шынайы картина міне осындай. Ал жергілікті биліктің 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасын орындауға асығатын түрі жоқ.