Аққайнарда атқарылған істер көп

Апта басында жол түсіп, Катонқарағай ауданының орталығынан 20-30 шақырым жерде орын тепкен Аққайнар ауылына барып қайттық. Өткен жылы Дәулетбек Исабаев басшылық ететін «Катон-Карагайский ПДУ» мердігерлік ұйымы Аққайнар мен Жаңа Үлгінің арасындағы 12 шақырым жолға асфальт төсеу жұмысын бастаған.
Бүгінде 9,2 км жол асфальтталынса, қалған 2,8 шақырымды биыл жаз шыға мердігерлер толығымен аяқтайды, деп отыр округтің әкімшілігі.
Аққайнар ауылында бұдан басқа да атқарылған ілкімді істер аз емес. Округ әкімінің айтуынша, өткен жылы жалпы сомасы 6,5 млн теңгеге ауыл ішіндегі көше жарықтандыру жұмысы жүзеге асырылған. Анығын айтқанда, 45 дана су жаңа жарықшам орнатылса, 105 жарықшамға демонтаж жасалып, қайтадан ауыстырылған.
Иә, расымен де, аққайнарлықтардың береке-бірлігі көпке үлгі етерлік екен. Осында жасаған сапарымыздың барысында біз сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің бірімен жүздесіп, жасап жатқан тіршілігімен таныстық.
Қажетті құрылғыларды Павлодардан жеткізбек
Аққайнарда ағайынды Иван мен Ярослав Петуховтар тұрады. Олардың өздері де, ата-анасы да, арғы ата-бабасы да осы ауылда туып-өскен. Марқұм әкелері Юрий Петухов көзі тірісінде ауылда тракторшы, орманшылықта еңбек еткен екен. 90-шы жылдарда ауылда кооператив құрып, самырсын майын өндірумен айналыса бастайды. Кейіннен Петуховтардың бұл кәсібі бірсыпыра жылға тоқтап қалады. Араға жылдар салып, әкелерінің бастаған ісін ұлдары жалғастыруды қолға алып отыр.
Ағайынды Петуховтар самырсын майын өндірумен қатар, емдік шөптерден де дәрілік өнімдерді жасауға ынта танытып отыр. Бірақ әуелі қазіргі ойлаған істерін жүзеге асырып, аяққа тұрғызып алсақ дейді.
Егістікпен айналысады
Иван мен Ярослав Петуховтардың ауылда «Березка» атты шаруа қожалығы да бар. Аталған қожалықтың тізгінін әкелері өмірден қайтқан соң ұлы Иван ұстаған. Шаруашылықтың негізгі бағыты – егіншілік. Бүгінде «Березка» ШҚ-ның иелігіндегі егістік алқаптары 150 гектарды құрайды.
Ағайынды Петуховтардың шаруашылығында қажетті техника да жоқ емес. Екі бірлік шынжыр табанды ДТ, доңғалақты ЮМЗ тракторлары жылдың қай мезгілінде болмасын қожалықтың жұмысына сақадай сай. Шаруашылық жұмысын Иван мен Ярослав екеуі ғана атқарып отыр, жазғы уақытта Иванның ұлы келіп болысады екен.
Тимур Серікхан




