Жарияланды: 12:26, 03 март 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Ұлан / Біздің медицина

Қасым Қайсенов кентінде жаңа емхана ашылады - ШҚО

Шығыс Қазақстан облысындағы Қасым Қайсенов кентінде тұрғындар көптен күткен жаңа емхана бой көтеруде. Үш қабатты заманауи медициналық мекеменің құрылысы бүгінде 70%-ға аяқталған. Құрылыстың қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан жаңа нысан 2025 жылдың қараша айында пайдалануға берілуі әбден мүмкін. 

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, емхананың бір күнде 150 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Мұнда кеңес беру-диагностикалық бөлімшелер, алдын алу кабинеттері және күндізгі стационар палаталары жұмыс істемек. Бұл медициналық мекеме Ұлан ауданы тұрғындарының денсаулығын нығайтуға зор үлес қоспақ, себебі бүгінде емханаға тіркелген халық саны 29 498 адамға жетіп отыр.

Заманауи құрылыс — сапалы медицина

Құрылыс жұмыстары белгіленген жоспар бойынша жүріп жатыр. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, ғимаратқа жылу және сумен жабдықтау жүйелері орнатылып, терезелер мен есіктерді монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Ал көктемде емхана айналасын абаттандыру жұмыстары басталады.

 

— Бұл жоба — аудан тұрғындары үшін аса маңызды. Біздің міндетіміз — құрылыстың сапалы әрі уақытында аяқталуын қамтамасыз ету. Емхана заманауи стандарттарға сай болады, — деп мәлімдеді мердігер ұйым өкілдері.

Қолжетімді медициналық көмек

Жаңа емхана мүмкіндіктері жағынан да ерекше болмақ. Мұнда флюорография, рентген, маммография, эндоскопия кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар, тұрғындар оториноларинголог, офтальмолог, дерматолог, невропатолог, кардиолог, онколог, акушер-гинеколог, хирург, травматолог, фтизиатр сияқты түрлі сала мамандарынан кеңес ала алады.

Емхананың тағы бір маңызды бөлімі — зертханалық диагностика бөлімі, онда микробиологиялық, серологиялық және жалпы клиникалық зерттеулер жүргізіледі.

Жаңа медициналық мекеме Ұлан ауданы тұрғындарына сапалы медициналық қызметтерді қолжетімді етумен қатар, ауданның денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтермек.

Заманауи емхананың ашылуы Ұлан ауданының тұрғындары үшін маңызды оқиға болмақ. Бұл жоба аудан халқының денсаулығын жақсартуға, медициналық қызмет сапасын арттыруға және қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)