admin
Жарияланды: 09:00, 27 ноябрь 2024
Басты / АЙДАРЛАР / Шекаралық аудан / Тарбағатай / Арнайы жоба / Фоторепортаж

Ауызсу, жол, экология... Шекарадағы Тарбағатай ауданында шешілмеген мәселе көп

Ауызсудың тартылмауы, тас-түнек ауылдар, шұрық-тесік жол, қираған үйлер… Бұл - Тарбағатай ауданының шалғайдағы ауылдарын аралаған F16.kz тілшілерінің көзіне түскен мәселелер. 

Шекарадағы ауданның тұрмыс-тіршілігі қандай екенін суреттер көрсетсін.

Бұл – Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылы. Жергілікті жұрт «ауылдан 20 шақырым жердегі Қызылқайың жайлауында барлау жүргізіп жатқан кен өндірушілер табиғатты бүлдіре ме» деп алаңдайды.


Кен қазушылардың көзі түскен Маңырақ тауындағы Қызылқайың жайлауы. Тарбағатай өңіріндегі арқарлар осы тауға келіп төлдейтін болған соң ел ішінде бұл жер «Арқарлар перзентханасы» деп аталып кеткен.

Өлкетанушы, ғалым Борис Щербаков Маңырақта тіршілік ететін құстардың 140 түрін кездестірген және таудың сай-саласында ежелгі мұз дәуірінен бері сақталған өсімдіктер өсетінін анықтаған.  

Халқының саны 4 мың адамнан асатын Тұғыл ауылында қосқабатты аурухана ғимараты тұр. Бірақ бұл медицина мекемесінің халыққа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт аудан орталығы Ақжарға не іргелес Зайсанға барып, ем-дом алады. Өйткені ауылдағы ауруханада маман жоқ.

Аудан орталығы Ақжар ауылында құбырдан ағаш «өсіп» шыққан.

Қоғам белсендісі Жарас Тұрысбеков бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөліп тартылған кәріз құбырын қарапайым халық әлі күнге пайдалана алмай отырғанын айтады.

 

 Жамбыл ауылының тұрғыны Риза Жүнісова ауызсуды көшедегі құдықтан тасып ішіп отыр. Үлкен бөшкені жазда қоларбаға, қыста шанаға артып алады. 

— Әсіресе, қаңтардың саршұнақ аязында, ақпанның ақтүтек боранында су тасыған қиын, - деді жалғызбасты ана.

Жолы шұрық тесік, көшелері тас-түнек Жамбыл ауылы. Жергілікті жұрт мұның барлығын айтудай-ақ айтып келеді, өкініштісі, халық үніне құлақ асатын ешкім болмай тұр. Ауыл тұрғындары әр кеш сайын мектептен қайтатын балаларын «қараңғыда ит қауып ала ма» деп уайымдайды.

Шалғайдағы ауылдарда қираған үй көп. Бұзылып жатқан ескі баспаналар ауылдың сәнін кетіріп, адамға қауіп төндіреді. Қаусап тұрған қабырғалар ойын баласын абайсызда басып қалуы мүмкін.

Ауыл балаларының бір алданышы – шағын футбол алаңы. Басқа қызық жоқ мұнда. Алаңға жарық тартып, шам орнатып, табанын тегістеуге ауыл азаматтары атсалысқан. «Енді жергілікті әкімдік осы маңда балақайларға арналған ойын алаңқайын салып берсе екен» деді тұрғындар.

Бұрын көк майсалы жазық болған, Қабанбай батырдың 300 жылдығы тойланған жазиралы даланың қазіргі келбеті осындай. Бірнеше жыл бұрын жергілікті кәсіпкерлер бұл жерден заңсыз жолмен құм, қиыршық тас алып сатқан және алқапты қалпына келтірмеген. Бұл қазаншұңқырлар малмен жан баққан Ақжар халқын әбігерге салып отыр.

Қытаймен арадағы шекараның дәл түбіндегі Ахметбұлақ ауылы. Анау жотаның үстінде қалқайып тұрған — шекарашылардың мұнарасы.  Қырықтан астам түтін қалған бұл елдімекенге ұялы байланыс пен интернет әлі жеткен жоқ. Ауызсу да тартылмаған.

 ***

Бұл фоторепортаж F16.kz өңірлік ақпараттық медиасының “Шекаралық аймақтың проблемасы” жобасы аясында дайындалды. Жоба аясында жарық көрген барлық мақала, фото және видеорепортаждар сайтымыздың арнайы бетінде жиналған.

  

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)
Тағыда оқи отырыңыз: