admin
Жарияланды: 14:36, 13 февраль 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Өскемен / Не жаңалық?

Жүректі жылытар мейірімділік: Өскеменде V қысқы қайырымдылық балы өтті

Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қауымдастығының ұйымдастыруымен «Жүректі жылытар мейірімділік» атты V қысқы қайырымдылық балы өтті. Ізгілік пен жылулыққа толы бұл шара 400-ден астам қатысушыны жинап, мектеп ұстаздары, қызметкерлері, оқушылар және ата-аналарды бір арнаға тоғыстырды.

Екі жылда бір рет өткізілетін дәстүрлі бал биыл да қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, музыка мен мейірімділіктің шынайы атмосферасын сезіндірді.

 

Балдың әсерлі сәттері

Биылғы бал мектеп тарихындағы ең ауқымды мәдени шаралардың бірі болды. Кештің шымылдығын облыстық мемлекеттік филармонияның камералық оркестрі ашып, жиналған қауымға әсем әуенмен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 9-сынып оқушыларының дәстүрлі «Полонез» биі көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, оларды XVIII ғасырдың нәзік әрі сымбатты дәуіріне жетеледі.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – мектептің «Жас Өркен» вокалды тобының өнері болды. Олардың орындауындағы әндер жұртшылықты бейжай қалдырмады. Сондай-ақ, «DEMEY» оңалту және түзету орталығының емделушілері – Матвей Чувашовтың «Мама, ұшқым келеді» әні мен Мадияр Маратов пен 11-сынып оқушысы Адель Қыдырбаеваның «COMBI DANCE» вальсі көпшіліктің жүрегін тербетті.

«Ақ ниет» орталығының тәрбиеленушілері мен NIS оқушыларының ортақ қойылымы кештің көркін қыздыра түсті. Мектебіміздің ағылшын тілі мұғалімі Ақмарал Жұмақанова мен белгілі әнші Тариел Сахвадзенің дуэті де көрермен көңілінде ерекше әсер қалдырды. Оқушылардың орындауындағы «Вальс» пен «Квикстеп» билері, сондай-ақ, мұғалімдер қауымы ұсынған «Ұстаздар вальсі» көрермендерді тәнті етті.

 

Қайырымдылық – жүректен шыққан ізгілік

Қайырымдылық балында жиналған қаражат «DEMEY» оңалту және түзету орталығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған 11 балаға бағытталды. Әр шаңырақ ата-аналарының демеушілік көмегімен әрбір емделушіге 150 000 теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл көмек 11 отбасының үмітін оятып, жүздеріне қуаныш ұялатты. Сонымен қатар орталыққа ноутбук, принтер және иппотренажер табысталып, мекеменің қызмет сапасын арттыруға елеулі үлес қосылды.

 

Шынайы алғыс

Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен табысты өтуіне «Дастархан» мейрамхана кешенінің басшысы Гүлнара Қабдрахманқызы Жакиянова демеушілік көрсетті. Қайырымдылық бастамаға қолдау білдіріп, игі іске атсалысқаны үшін Гүлнара Қабдрахманқызына шынайы алғысымызды білдіреміз!

Қайырымдылық – жүректен шыққан ізгі ниеттің көрінісі. Осындай мейірімділік пен жанашырлыққа толы шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз!

 

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)