Үлкен Нарындағы ретро кештің ерекше сәттері

Өткен аптада аудан орталығында ерекше бір кеш өтті. Мәдениет және тұрғындардың демалыс орталығы ұйымдастырған ретро кеш аудан халқына шынайы мерекелік көңіл-күй сыйлап, естен кетпес сәттерге айналды. 80-90 жылдардың атмосферасын қайта тірілтіп, сол дәуірдің естеліктерін жаңғырту – кештің басты мақсаты болды.
Бұл кешке тек аудан орталығының тұрғындары ғана емес, ауылдық округтерден де көптеген азаматтар атсалысты. Ново-Хайрузовка, Солдатово, Малонарым, Майемер ауылдарынан, сондай-ақ «Балбөбек» бөбекжайы, «БЭСК» АҚ және әртүрлі сала мамандарынан құралған командалар жарысқа қатысты.
Ұйымдастырушылар Ернат Қабдрахманов пен Айгүл Малғаждар келген қонақтарды «уақыт машинасымен» саяхатқа шақырып, ерекше ойындар мен сайыстар ұсынды. Қатысушылар «Бағалар аукционы», «Фильмді тап», «Әуенді тап», «Караоке» сияқты байқауларда өздерінің білімдері мен қабілеттерін сынап көрді.
Шара барысында командалар 80-90 жылдардағы сәнді киім үлгілерін таныстырып, сол дәуірдің стилін қайта жаңғыртты. Жарыс қорытындысы бойынша «Солдатово Life» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға «Балбөбек» бөбекжайының «Vintage» командасы лайық деп танылса, үшінші орын Малонарым мен Майемер ауылдарынан келген «Маями» тобына бұйырды. Сонымен қатар, қатысушылар «Ең үздік костюм», «Керемет вокал», «Кино әлемінің білгірі» сияқты арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Әр команда бағалы сыйлықтармен марапатталып, назардан тыс қалмады.
Кештің басты ерекшелігі – ретро дәуірінің ерекше атмосферасын сезіну үшін арнайы ұйымдастырылған фото-аймақтар мен мұражайдан әкелінген антикварлық тұрмыстық заттар болды. Ескі валютаға бәліш пен компот сатып алу мүмкіндігі де қатысушылар үшін қызықты болды.
Іс-шара би кешімен жалғасып, көпшілікке ұмытылмас сәттер сыйлады. Кештен алған әсерлерімен бөліскен қонақтар мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылуын тілеп, ризашылықтарын білдірді. Аудан тұрғындары өткен дәуірдің сәттерін қайта еске алып, сол кезеңге бір сәтке оралғандай сезінді.
Бұл ретро кеш аудан халқының жадында ұзақ уақыт сақталатын жарқын шаралардың бірі болды.
Автор: Айгүл Бұхарбаева
Фото: Ернат Қабдрахманов, Нұрдана Алтайқызы




