Жақсылық Омар - ШҚО әкімінің бірінші орынбасары

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде кадрлық өзгерістер болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне Өскемен қаласының бұрынғы басшысы Жақсылық Омар тағайындалды, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Айта кетейік, Жақсылық Мұқашұлы Өскемен қаласының әкімі ретінде бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырған. Атап айтқанда, қаланың көлік логистикасына оң жақты бұрылыстар жүйесін енгізіп, автобус паркін жаңартуды қолға алған. Ондаған жылдардан кейін алғаш рет қалаға жаңа трамвайлар әкеліп, сол жағалауда кешенді құрылыс қағидатымен жаңа шағын аудандардың бой көтеруіне, жол жөндеу жұмыстарына халықты қатыстыру мақсатында арнайы Telegram ботты іске қосу, сондай-ақ «Ульба» орталығы базасында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған алғашқы мемлекеттік орталықты құру секілді бастамаларға тікелей мұрындық болған.
АНЫҚТАМА
Жақсылық Мұқашұлы Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Республикалық халықаралық мәдени бағдарламалар комитеті дирекциясының жетекші маманы болып бастаған ол Қаржы министрлігінде, «Қазақстан» РТРК» АҚ-да еңбек етті.
Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат, мәдениет басқармаларын басқарды.
2013 жылдың мамырынан 2016 жылдың қарашасына дейін ШҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2018-2024 жылдар аралығында Өскемен қаласының әкімі болып қызмет етті.
Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Жақсылық Омар ШҚО әкімінің кеңесшісі болды.
Фото: ШҚО әкімдігі




