«Азия-Автоның» бұрынғы басшысы Анатолий Балушкин сотталды

Өскеменде бұрынғы «Азия-Авто» басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевқа (екеуі де Ресей азаматы) қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушылар сот залында болған жоқ, оларға үкім сырттай шығарылды, деп хабарлайды F16.kz
СОТ ҮКІМІ СЫРТТАЙ ШЫҒАРЫЛДЫ
Анатолий Балушкин ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы, яғни аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп танылды. Оған тоғыз жылға бас бостандығынан айыру, коммерциялық ұйымдарда 10 жыл бойы басшылық лауазымды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтеуге тиіс.
Ерік Сағымбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 245-бабы, 3-бөлігі, яғни қылмыстық топпен немесе аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтарғаны үшін айыпты деп танылып, 8 жыл 6 айға сотталды. Сонымен қатар ол 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталушы жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтеуге тиіс.
Сот зардап шегуші тараптың (ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі) келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап арызын қанағаттандырудан бас тартты.
Айта кету керек, екі сотталушы да іздеуде жүргендіктен сот үкімі сырттай шығарылды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
230 МЛРД ТЕҢГЕ ЖЫМҚЫРҒАН
Компаниялар тобының бұрынғы бақылаушы акционеріне 2021 жылдың тамызынан бері халықаралық іздеу жарияланған. Тергеу деректеріне сүйенсек, Анатолий Балушкин мен «Азия-Авто» бас директоры Ерік Сағымбаев банктік қарыздарды өтемеу және бюджетке салық төлемеу үшін 230 млрд теңгені жымқырған. Бұл ақша автомобильдерді өнеркәсіптік құрастыру зауытын салуға арналған.
Фото: F16.kz/коллаж




