Қасым Қайсенов кентінде бірнеше әлеуметтік нысан салынады

Қасым Қайсенов кентінде жаңа мектеп пен балабақша салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданына барған жұмыс сапары кезінде айтты, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Қазір кенттегі 320 балаға арналған орта мектепте 500-ден астам бала екі ауысымда оқиды. Алайда аудан орталығында халық саны артып келе жатқандықтан оқу кабинеттері мен спортзалға бала сыймай жатыр.
Өңір басшысы мәселені шешу үшін жаңа білім ордасы мен балабақша салу мүмкіндігін қарастыратынын айтты.
Жақын күндері аудан орталығының тұрғындары үшін маңызды тағы бір нысан қолданысқа берілмек. Қазір мұнда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бір ауысымда 150 адамды қабылдайтын жаңа емхана құрылысы жүріп жатыр.
Бұл емхананы тұрғындар көпткен күткені рас. Себебі Ұлан аудандық ауруханасы Таврия ауылында орналасқан. Ал Қайсенов кентінде тек дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп тұр. Медициналық орталық тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқандықтан қызметкерлерге де, емделушілерге де қолайсыздық туғызады.




