F16.KZ
Жарияланды: 11:00, 23 май 2025
Алтай / Жаналықтар

Ауылда шұжық шығаратын цех ашылды –  ШҚО

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында еттен жасалған жартылай фабрикаттар мен консервіленген өнімдер шығаратын шағын цех іске қосылды, деп хабарлайды F16.kz.

Жобаны «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Сергей Бушнев басшылық ететін «Алтай эко» өндірістік кооперативі жүзеге асырады. Кооператив 60 ай мерзімге 28,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, бұл қаражат толық заманауи жабдықтар сатып алуға жұмсалды. Жабдықтар биылғы 10 наурызда жеткізіліп, түгел орнатылды.

Жаңа цех Алтай ауданының Соловьев ауылдық округінде орналасқан. Кәсіпорын жылына 360 тоннаға дейін шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар, 864 мың банкіге дейін ет консервілерін шығаруға әлеуетті.

Өнімдер аудан-облыстағы сауда орындары арқылы сатылады. Бұл жоба отандық тауарларды жергілікті нарықта кедергісіз өткізуге және халықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге жол ашады.

Біз үшін бұл – жай ғана өндірісті кеңейту емес, тұрақтылыққа, сапаға және орнықты дамуға жасалған маңызды қадам. Біз нарыққа туған жерімізде, жергілікті шикізаттан дайындалған экологиялық таза өнім ұсынғымыз келеді, – деді кооператив басшысы Сергей Бушнев.

Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейі артады, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы бизнес бастамаларды қолдап, өсу мен жаңғыруға нақты мүмкіндіктер ұсынып келеді.

«Алтай Эко» өндірістік кооперативі – ауыл кәсіпорнының табысты дамып, жергілікті экономиканы нығайта алатынының жарқын үлгісі.

Фото: ШҚО әкімдігі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)