Ләззат Қанатқызы
Жарияланды: 12:08, 22 май 2025
Жаналықтар

Құтқарушылар жаз мезгіліне дайындалып жатыр – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары басталды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.

Өңірде өрт қауіпті маусым басталғалы жалпы ауданы 181,1 гектарды құрайтын 4 орман өрті тіркелді. 

«Қазгидрометтің» болжамы бойынша, биыл жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады. Сондықтан құтқарушылар өрт сөндіру дағдыларын алдын ала пысықтап, дайындық жұмыстарын бастап кетті. 

«Өрт-2025» оқу-жаттығуларының алғашқы күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Жедел басқару орталығында штаб құрылды. Аймақтағы хабарландыру жүйесі тексеріліп, оперативтік топ басшылары мен қызмет жетекшілерінің есептері тыңдалды.

Штабтық жаттығу азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындауға, жағдай туралы деректерді дереу жинау, қорыту және талдауға бағытталған. Оның барысында табиғи өрттерді жою, құтқару мен өзге де шұғыл жұмыстарды жүргізу кезіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін шешу пысықталады, - деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.

Өрт қауіпті кезеңіне төтенше жағдайлар департаментінен 1589 қызметкер мен 306 техника бірлігі дайындалған. Жағдайды бақылау үшін 12 ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылады. 

Қазір облыс аумағында мобильдік топтар рейд жүргізіп жатыр.

Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)