F16.KZ
Жарияланды: 15:30, 22 май 2025
Өскемен / Жаналықтар

Тәртіп пен мейірім: жеткіншектер күзет қызметіне қонаққа келді

Ішкі істер министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орайластырылған іс-шараларды күні бұрын бастап кетті, деп хабарлайды F16 тілшісі.

Мекемеден хабарлағандай, айтулы дата қарсаңында Өскеменде бірқатар акция өткізу жоспарланған. Оның біріншісі, яғни «Анам, әкем, мен – тату отбасым» атты жанұялық спорттық іс-шара кеше өткен. Ал бүгін мамандандырылған күзет қызметінде жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне арналған экскурсия мен танымдық лекция ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – жастарды полиция, оның ішінде мамандандырылған күзет қызметінің жұмысымен таныстыру. Болашақта осы балалардың арасынан өз өмірін құқық қорғау органдарымен байланыстырғысы келетіндері де шығып қалуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі экскурсияның жастар үшін танымдық, тәрбиелік мән-мағынасы зор деп ойлаймын. Жалпы, біздің мекеме өскелең ұрпақ арасында идеологиялық жұмыс жүргізу мәселесіне айрықша көңіл бөледі. Әсіресе, жетім балаларды назардан тыс қалдырмауға тырысамыз, – деді жергілікті ардагерлер кеңесінің мүшесі Серік Оразбайұлы.

Бұл жолғы іс-шараға облыстағы Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аксана Каленова да қатысқанын айту керек. Ол жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне балалардың құқығы мен міндеттерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, сұрақтарына тұшымды жауап қайтарды.

Шығыс Қазақстан облысында балалар құқығын қорғау бағытында айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр, ахуал тұрақты. Бұған сөзсіз, «Балаға мейірімді қала» халықаралық бастамасының жүзеге асуы да септігін тигізгені анық және бүгінгідей іс-шаралардың да пайдасы, мән-маңызы зор. Кездесу барысында жастар тарапынан баспанамен қамтылу, жұмысқа орналасу сияқты мәселелерге қатысты сұрақтар көп қойылды. Оларға барынша толық жауап беруге тырыстық, – деді А.Каленова.

Сондай-ақ бұл күні мамандандырылған күзет қызметі мамандары қонаққа келген балаларға арнайы экскурсия ұйымдастырып, мекеме жұмысымен жақынырақ таныстырды. Балалар жергілікті музейді аралап, күзет қызметкерлері қолданатын қару-жарақтардың мүмкіндіктерін тамашалады.

Нұржан Кенжеұлы

Фото: F16.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)