F16.KZ
Жарияланды: 09:00, 23 май 2025
Өскемен / Басты

Өскемендегі екі деңгейлі жолайрық құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды

Шығыстың бас шаһарында салынып жатқан екі деңгейлі жолайрық құрылысы келер жылы аяқталады, деп хабарлайды F16.kz.

Облыс орталығындағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, кептелісті азайту мақсатында салынып жатқан жолайрық Сатпаев, Есенберлин даңғылдары мен Жібек жолы, Базовая көшелері түйіскен тұста бой көтереді.

Бұл жоба Өскемен үшін аса маңызды. Ол автокөлік жүргізушілеріне қозғалыс уақытын едәуір қысқартып, Базовая көшесі мен Меновное ауылын қоса алғанда төрт бағытта еркін жүруге мүмкіндік береді. Мұнда бес жолақты қозғалыс болады, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Нысан құрылысы екі кезеңмен жүргізіледі, бірінші кезеңде, яғни биыл айналма жол салынады және көліктер осы жолмен уақытша жүре тұрады. Екінші кезеңде көпір құрылысы толық аяқталып, келер жылы қолданысқа беріледі. Нәтижесінде жоладың өткізу мүмкіндігі 2,5 есеге артады. Қазір бұл бағытта тәулігіне 85 мың автокөлік қатынаса, құрылыс аяқталған соң олардың саны 200 мыңнан асады. Демек, аталған жол айрығы күрделі қиылысты толық жеңілдетуге, бағдаршамға тоқтамай уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Биыл айналма жол құрылысын аяқтаймыз, ал келер жылы жол айрығын толық пайдалануға береміз. Бұл — Өскеменде тұратын және еңбек ететін әрбір тұрғынның жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін қосқан үлесіміз, – деді Сақтағанов.

Сонымен қатар бұл жоба аясында Ертіс көпірінің астынан өтетін жол түседі. Сәтпаев даңғылымен қаланың орталығын бетке алған көліктер Халифа Алтай мешітіне бұрылу үшін бұрын Бәйтерек тұрған айналма жолмен жүрмей Ертіс көпірінің астымен өтіп, кері бағытқа түседі.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)