F16.KZ
Жарияланды: 17:30, 21 май 2025
Өскемен / Жаналықтар

Өскеменде ақын Хасен Зәкәрияның кеші өтті

А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында тағы бір әсерлі шығармашылық кеш өтті. «Күршімнен жеткен күмбір үн» атты бұл жолғы кештің қонағы Шығыс өңіріне кеңінен танымал ақын, журналист Хасен Зәкәрия болды, деп хабарлайды F16.kz.

Кештің бас кейіпкері туралы аз-кем сөз саптасақ, Хасен Зәкәрия 1960 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Қойтас ауылында дүниеге келген. Өнердегі жолын айтыскер ақын ретінде бастаған ол тоқсаныншы жылдары-ақ республика жұртшылығына кеңінен танылып үлгерген.

Ал журналист ретінде ел ішін көп аралайтын Хасен Қайроллаұлы «жүргенге жөргем ілінер» дегендей қызықты оқиғалар мен айтқыштардың тапқыр сөздерін жинастыра жүреді. Облыстық «Дидар» газетінің Күршім ауданындағы меншікті тілшісі ретінде ауыл-аймаққа қатысты өзекті мәселелерді қозғап, елдің алғысын арқалады.

Соңғы жылдары жазба поэзияға ден қойып, өзіндік қоңыр дауысымен, терең мазмұнды жырларымен оқырман жүрегінен орын алып жүр. Осы ретте 2005 жылы оның «Бір үзік сыр» атты алғашқы жыр жинағы жарық көргенін айту керек.

Сондай-ақ ақынның бірқатар өлеңіне марқұм сазгер Оралхан Көшеров ән жазған-ды. Мәселен, белгілі әнші Жанар Айжанова орындайтын, ел арасында кеңінен танылған «Достарға» әнінің сөзі осы Хасен Зәкәрияның қаламынан шыққанын біреу білсе, біреу білмес. Осындай қажырлы еңбегі үшін жерлесіміз «Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер саласының үздігі» медалімен марапатталды.

Кеш барысында ақынның жерлестері, достары мен әріптестері қызықты естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың бірінші курс студенті Әли Ермеков кеш кейіпкеріне арнау айтып, батасын алды.

Біз Хасекеңмен 20 жылдай қызметтес болдық. Сонда байқағаным, талайды мойындатқан жазушылығы мен ақындығынан бөлек, оның ең бір керемет қасиеті көпшілдігі еді. Кез келген адаммен тез тіл табысып кететін. Ел арасында көп жүреді. Нәтижесінде сол ел аузындағы әңгімелерден құрастырылған бірнеше жинақ жарық көрді. Оның әлі де жазары көп, – деді ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов. 

Кездесу барысында жиналған қауым ақынмен шығармашылық жолы, поэзия мен журналистикадағы тәжірибесі және өмірлік көзқарастары жайында еркін сұхбат құрып, ән тыңдап, естелік суретке түсті.

Нұржан Кенжеұлы

Фото: Пушкин атындағы облыстық кітапхана

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)