Тұтынушы үні естілді: 690 млн теңге қайтарылды

Сауда министрлігі жыл басынан бері тұтынушыларға 690 млн теңгеден астам қаражатты қайтарды, деп хабарлайды F16.kz.
Биылғы қаңтар-сәуір аралығында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаменттері азаматтарға 690,5 млн теңге көлемінде қаражатты қайтаруға көмектесті. Бұл – тұтынушылар құқығын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Аталған кезеңде 34 резонанстық іс қаралып, 122 тұтынушының құқығы қорғалды. Атап айтқана, Алматыда пәтер сапасына қатысты шағым негізінде 25,9 млн теңге, Астанада ақауы бар премиум автокөлікке байланысты 45,8 млн теңге, Павлодар облысында үш тұтынушыға 53,8 млн теңге, Қызылордада сапасыз ойын жабдықтары үшін 6,4 млн теңге қайтарылды.
Сондай-ақ ұжымдық шағымдар бойынша Павлодарда косметикалық өнімдерге қатысты несие үшін 9,1 млн теңге, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында түрлі тауарлар мен қызметтерге байланысты 7,5 млн теңге қайтарылды.
Даулардың біразы сот және медиация арқылы шешілді. Мысалы, Жетісу облысында жеткізілмеген смартфондар үшін 17 тұтынушыға 7,2 млн теңге, Павлодарда көрсетілмеген қызмет үшін 900 мың теңге қайтарылды.
Бұл көрсеткіштер тұтынушылар құқығын қорғау жүйесінің тиімді жұмыс істеп жатқанын айғақтайды.
Фото: gov.kz




